Қазақта “асарлату” деген жақсы дәстүр бар. Бұл дәстүрдің ерекшелігі сол, адамдар бірлесіп үй салып, басқа да игі мақсатта бір-біріне көмектесу арқылы ынтымақ пен бірлігін байқатады. Мұндай дәстүрді ауыл адамдары жұмысты бітіру үшін ғана емес, туған-туыс, дос-жаранмен бір уақыт кездесу, сырласу мақсатында қолданған. Тіршілік қамымен жүріп бастары қосыла бермейтіндер асарда кезігіп, мәре-сәре боп қалады. Екіншіден, не үй, не әлдебір шаруа бастаған адамның да жұмысы бітіп, жеңілдей түседі. Әлбетте, асарға келген адам ақша алмайды. “Көп түкірсе – көл”, – деген аталы сөз де осы асармен астарлас.
Қазіргі таңда кеңінен танымал еріктілер қозғалысы да – жоғарыда айтылған асарлату ниетін арқау еткен қоғамдық жұмыс. Қазақ жеріне батыс елдерінен атауы өзгеріп келген бұл ұғым жергілікті халыққа бұрыннан таныс. Тек біз еріктілікті қоғамдық жұмыс емес, ана сүтімен бойға сіңген тәрбие деп қабылдаймыз.
Қазақстанда жаңа атаумен жанданған еріктілік – жастар мен басқа да әлеуметтік топтардың елдің мәдени, экономикалық және әлеуметтік өміріне қатысуының тиімді тетіктерінің бірі. Елімізде еріктілер қозғалысын дамытуға зор көңіл бөлініп отыр. Қазақстанда 1993 жылдан бастап, БҰҰ-ның арнайы бағдарламасы қабылданғаннан кейін дами бастады. Қазір оның ауқымы артып келеді, көптеген тәуелсіз волонтерлық топтар, сондай-ақ шетелде тәжірибе жинақтаған еріктілер жұмыс істейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды – Еріктілер жылы деп жариялап, Қазақстан волонтерлікті дамытудың жаңа кезеңіне аяқ басқаны белгілі. Бүкіл әлемде осы волонтерлердің күшімен көптеген істер жүзеге асып жатыр. Тіпті жер шары тұрғындарының сегізден бірі ерікті ретінде қоғамдық жұмыспен айналысады деген ақпарат бар. Бұл тұтас әлемдегі волонтерлердің жалпы саны бір миллиардтан асады деген сөз. Осыдан-ақ, волонтерліктің бүкіл дүниежүзіне кең таралғанын білуге болады. Ал біздегі еріктілер саны он алты мыңға жақын. Ел Президенті бұл көрсеткішті аз деп санайды. Оның санын жүз мыңға жеткізу үшін көптеген шаруалар атқарылуы керек. Яғни халықтың еріктілерге деген оң көзқарасын қалыптастырып, осы игі іске жаппай жұмылдыру керек. Еріктілер еңбегінің әлемдік дамуға тигізер пайдасы көп. Мәселен, жаһандық ішкі өнімнің 2,5 пайызы – еріктілердің төккен тері мен атқарған жұмысының арқасында жеткен нәтижесі. Көптеген мемлекетте волонтер болу қалыпты жағдай саналады.
Біздің облыста да 50-ден астам қайырымдылық ұйымы, 20 бастамашыл топ тіркелген. Бұл бағытта адамның жынысы, жасы тіпті білімі де маңызды емес, бастысы көмек күткен адамға қолынан келетін ісімен, таза ниетімен қолұшын берсе болғаны. Бұл сала жылдан-жылға қарқынды дамуда. Волонтерлердің жұмысын үйлестіру үшін аудандарда Жастар ресурстық орталықтарының базасында арнайы клубтар ашылған. Өткен жылы облыста волонтерлікті қолдау аясында 2500-ден астам іс-шара өткізіліп, оған 37614 жас қатысты.
Осындай игі істермен айналысып жүргендердің бірі – Ақжар аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Абзалхан Тілеген. Ол 2019 жылы Ақжар ауданында “Біз біргеміз” атты еріктілер клубын ашып, Талшық ауылының көмекке мұқтаж тұрғындарына қолұшын созған. Бүгінгі күні еріктілер клубы жоспарға сәйкес жұмыс істеп жатыр.
– “Біз біргеміз” ұйымында он төрт пен отыз бес жас аралығындағы еріктілер бар. Олар көмекке мұқтаж жандардың, жалғызбасты аналардың, аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың және қарт адамдардың үйіне барып, баспанасын жинасуға көмектеседі. Жақында Ақжар ауданының Мәдениет үйінде балаларға арналған “Моя фея проказница” атты мультфильм, жастарға арналған “Джохан” киносын үлкен экран арқылы көрсеттік. Бұл өскелең ұрпақ пен жастарды еріктілер қозғалысының жұмысына тартудың бір амалы, – дейді Абзалхан Тілеген.
Ал белсенді Кристина Ашпекованың жетекшілігімен облыс орталығында ашылған “LIDER.KZ” еріктілер қозғалысы 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл волонтерлік ұйым із-түссіз жоғалған адамдарды іздеумен де айналысады. Өткен жылы ұйым жоғалған 7 адамды іздеп тауыпты. Олардың арасында әлеуметтік желіден өзі жайлы ақпаратты көріп, оралғандары да бар. Аталмыш ұйымда Петропавл қаласы бойынша 25 адам жұмыс істейді. Ал облысымыз бойынша еріктілер саны – 120. Араларында 15 жастағы жасөспірімдер де бар екен. Өскелең ұрпақтың бойына қайырымдылық пен мейірімділікті сіңіре отыра, ізгі қоғам құруда еріктілер қозғалысының қосар үлесі мол. Жастайынан қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүрген буынның болашақта әлеуметтік жауапкершілігі зор болады. Сондықтан еріктілердің арасында жасөспірімдердің жүргені құптарлық.
Өңірімізде жануарларға да қамқорлық көрсететін орталықтар жұмыс істеп жатыр. Солардың бірі – “Белый Бим” мекемесі. Бұл орталық 2018 жылы Екатерина Королеваның жетекшілігімен ашылыпты. Бұл ұйым 500-ге жуық итті қамқорлығына алған. Орталық қызметкерлері жоғалған ит-мысықтарды тауып, өз иесіне табыстайды. Кейбіреулеріне ие іздейді.
Қарап отырсақ, еріктілер қозғалысы тіршіліктің әр саласын қамтиды екен. “Адамның күні адаммен” демекші, ниеттес азаматтардың басы қосылса, ізгі жұмыстарға бастамашыл болады. Жеке бастың мүддесінен бөлек, қоғам игілігіне қызмет етуге дайын азаматтар көбейсе, еріктілік қазақстандықтардың өмір салтына айналса, оның пайдасын өзге емес, өзіміз көрер едік. Өйткені қайырымдылық жасауға бейім мейірімді қоғам құрсақ, бүгін түршіге қарап отырған кейбір зұлымдықтар сап тыйылар ма еді, бәлкім. Уақытын қайырымды іске арнағандар жат әрекеттің жетегінде кетпейтіні белгілі.
Әдия ТАСБОЛАТ,
“Soltüstık Qazaqstan”.