«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІЗГІЛІКТІҢ АЙНАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақта “асарлату” деген жақсы дәстүр бар. Бұл дәстүрдің ерекшелігі сол, адамдар бірлесіп үй салып, басқа да игі мақсатта бір-біріне кө­мектесу арқылы ынтымақ пен бірлі­гін байқатады. Мұндай дәстүрді ауыл адамдары жұмысты бітіру үшін ғана емес, туған-туыс, дос-жаран­мен бір уақыт кездесу, сырласу мақ­сатында қолданған. Тіршілік қамы­мен жүріп бастары қосыла бер­мей­тіндер асар­да кезігіп, мәре-сәре боп қалады. Екіншіден, не үй, не әлдебір шаруа бастаған адамның да жұмысы бітіп, жеңілдей түседі. Әл­бетте, асарға кел­ген адам ақша ал­майды. “Көп түкірсе – көл”, – деген аталы сөз де осы асар­мен астарлас.

Қазіргі таңда кеңінен танымал ерік­­тілер қозғалысы да – жоғарыда ай­тылған асарлату ниетін арқау еткен қоғамдық жұмыс. Қазақ жеріне батыс елдерінен атауы өзгеріп кел­ген бұл ұғым жергілікті халыққа бұрын­нан таныс. Тек біз еріктілікті қо­ғамдық жұ­мыс емес, ана сүтімен бой­ға сіңген тәрбие деп қабылдаймыз.

Қазақстанда жаңа атаумен жан­дан­ған еріктілік – жастар мен басқа да әлеуметтік топтардың елдің мә­дени, экономикалық және әлеумет­тік өмі­ріне қатысуының тиімді тетік­тері­нің бірі. Елімізде ерік­тілер қоз­ғалысын дамытуға зор көңіл бөлініп отыр. Қазақ­станда 1993 жыл­дан бас­тап, БҰҰ-ның арнайы бағ­дарламасы қабыл­данғаннан кейін дами баста­ды. Қазір оның ауқымы артып келеді, көптеген тәуелсіз во­лонтерлық топ­тар, сондай-ақ шетел­де тәжі­рибе жинақтаған еріктілер жұмыс істейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды – Ерік­тілер жы­лы деп жариялап, Қазақстан во­лонтерлікті дамытудың жаңа ке­зеңіне аяқ басқаны белгілі. Бүкіл әлемде осы волонтерлердің күшімен көптеген істер жүзеге асып жатыр. Тіпті жер шары тұрғындары­ның се­гізден бірі ерікті ретінде қо­ғамдық жұ­мыс­пен айналысады де­ген ақпарат бар. Бұл тұтас әлемдегі волонтер­лердің жал­пы саны бір мил­лиардтан асады деген сөз. Осыдан-ақ, волон­тер­ліктің бү­кіл дүниежүзіне кең та­ралғанын білуге болады. Ал біз­дегі ерік­тілер саны он алты мыңға жақын. Ел Пре­зиденті бұл көрсет­кішті аз деп са­найды. Оның са­нын жүз мыңға жет­кізу үшін көптеген ша­руалар атқа­рылуы керек. Яғни ха­лықтың ерікті­лерге деген оң көзқа­расын қалып­тас­­тырып, осы игі іске жаппай жұ­мылдыру керек. Ерік­тілер еңбегінің әлемдік дамуға ти­гізер пайдасы көп. Мәселен, жаһандық ішкі өнімнің 2,5 пайызы – еріктілердің төккен тері мен атқарған жұмысының арқасын­да жеткен нә­тижесі. Көпте­ген мемле­кетте волон­тер болу қа­лып­ты жағдай саналады.

Біздің облыста да 50-ден астам қайырымдылық ұйымы, 20 бас­та­машыл топ тіркелген. Бұл бағытта адамның жынысы, жасы тіпті білімі де маңызды емес, бастысы көмек күт­кен адамға қолынан келетін ісімен, таза ниетімен қолұшын берсе болға­ны. Бұл сала жылдан-жылға қарқын­ды дамуда. Волонтерлердің жұмы­сын үйлестіру үшін аудандарда Жас­тар ресурстық орталықтарының ба­за­сында арнайы клубтар ашыл­ған. Өткен жылы облыста волон­терлікті қолдау аясында 2500-ден астам іс-ша­ра өткізіліп, оған 37614 жас қатысты.

Осындай игі істермен айналы­сып жүргендердің бірі – Ақжар ау­дандық жастар ресурстық орталы­ғының директоры Абзалхан Тілеген. Ол 2019 жылы Ақжар ауданында “Біз біргеміз” атты еріктілер клубын ашып, Талшық ауылының көмекке мұқтаж тұрғындарына қолұшын соз­ған. Бүгінгі күні еріктілер клубы жос­парға сәйкес жұмыс істеп жатыр.

– “Біз біргеміз” ұйымында он төрт пен отыз бес жас аралығындағы еріктілер бар. Олар көмекке мұқтаж жандардың, жалғызбасты аналар­дың, аз қамтылған, көпбалалы отба­сылар­дың және қарт адам­дардың үйіне барып, баспанасын жинасуға көмек­теседі. Жақында Ақжар ауда­ны­ның Мәдениет үйінде балаларға арнал­ған “Моя фея про­казница” атты мультфильм, жас­тарға арнал­ған “Джохан” киносын үлкен экран арқылы көрсеттік. Бұл өскелең ұрпақ пен жастарды еріктілер қозғалы­сы­ның жұмысына тартудың бір амалы, – дейді Абзалхан Тілеген.

Ал белсенді Кристина Ашпекова­ның жетекшілігімен облыс орталы­ғында ашылған “LIDER.KZ” еріктілер қозғалысы 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл волонтерлік ұйым із-түссіз жоғалған адамдарды іздеу­мен де айналысады. Өткен жылы ұйым жоғалған 7 адамды іздеп та­уыпты. Олардың арасында әлеумет­тік же­ліден өзі жайлы ақпаратты көріп, оралғандары да бар. Аталмыш ұйымда Петропавл қаласы бойынша 25 адам жұмыс істейді. Ал облысы­мыз бойынша еріктілер саны – 120. Араларында 15 жастағы жасөспірім­дер де бар екен. Өскелең ұрпақтың бойына қайырымдылық пен мейі­рімділікті сіңіре отыра, ізгі қоғам құ­руда еріктілер қозғалысының қосар үлесі мол. Жастайынан қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүрген буынның болашақта әлеуметтік жа­уапкершілігі зор болады. Сондықтан еріктілердің арасында жасөспі­рім­дердің жүргені құптарлық.

Өңірімізде жануарларға да қам­қорлық көрсететін орталықтар жұ­мыс істеп жатыр. Солардың бірі – “Белый Бим” мекемесі. Бұл орталық 2018 жылы Екатерина Королеваның жетекшілігімен ашылыпты. Бұл ұйым 500-ге жуық итті қамқорлығына ал­ған. Орталық қызметкерлері жо­ғалған ит-мысықтарды тауып, өз иесіне табыстайды. Кейбіреулеріне ие іздейді.

Қарап отырсақ, еріктілер қозға­лысы тіршіліктің әр саласын қам­тиды екен. “Адамның күні адаммен” де­мек­ші, ниеттес азаматтардың ба­сы қосылса, ізгі жұмыстарға баста­ма­шыл болады. Жеке бастың мүд­десі­нен бөлек, қоғам игілігіне қызмет ету­ге дайын азаматтар көбейсе, ерікті­лік қазақстандықтардың өмір салты­на айналса, оның пайдасын өзге емес, өзіміз көрер едік. Өйткені қайы­рымдылық жасауға бейім ме­йірімді қоғам құрсақ, бүгін түршіге қарап отырған кейбір зұлымдықтар сап ты­йы­лар ма еді, бәлкім. Уақытын қайы­рымды іске арнағандар жат әрекет­тің жетегінде кетпейтіні бел­гілі.

Әдия ТАСБОЛАТ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp