Облыстық “Қазақ тілі” қоғамы мен ұлт жанашырлары Петропавл қаласында орналасқан орыс тілінде білім беретін үш гимназияда қазақ сыныптарын ашу туралы бастама көтерді. Ұсыныс айтылғалы әлеуметтік желілерде қазақтілді ата-аналар ұл-қыздарын қазақша оқытуға түбегейлі қарсы деген ұшқары пікірлер мен біржақты айыптау белең алды. Әрине, ана тілімізді тұғырына қондыру жолында отбасы-ошақ қасындағы тәлім-тәрбиенің маңызы айрықша. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: “Ұлт боламын десең, бесігіңді түзе”, – деп текке айтпаған. Дей тұрғанмен, жоғарыдағыдай ұстанымды жақтаушылар ана тіліміздің тынысын тарылтып отырған түйінді мәселелерді біле жүргені абзал. Облыстық білім басқармасының бізге берген мәліметтеріне сүйенсек, өңірде жалпы білім беретін 454 мектептің 112-сі ғана қазақ тілінде, 96-сы аралас, 246-сы орыс тілінде білім береді. Қазақша білім ошақтарының биылғы көрсеткішін өткен оқу жылымен салыстырсақ, алға жылжу – 0,4 пайыз ғана. Ал аралас және орысша мектептердің тасы өрге домалап тұр. 466 мектепке дейінгі ұйымның 130-ы ғана – қазақша, 64-і – аралас. Үстіміздегі оқу жылында бірінші сыныпқа 7739 бүлдіршін қабылданса, оның 1775-і ғана мемлекеттік тілде оқиды. Оның алдындағы оқу жылында бұл көрсеткіш 22 пайыз болған екен. Бір пайыз ғана өсімді көріп, іштей қынжыласың. “Жығылған үстіне жұдырық” дегендей қазақ балаларының 38 пайызға жуығының орыс тілінде оқитыны дабыл қағарлық жайт. Балабақшаларда да тіл мәселесі ушығып тұр. Ондағы бүлдіршіндердің 32,6 пайызы ғана ана тілінде тәлім-тәрбие алады.
Осы ретте өңірде мемлекеттік тілде оқытатын мектептерге баратын оқушылардың санын арттыру мақсатымен ата-аналар арасында, облыстық “Қазақ тілі” қоғамымен бірлесіп, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
– Соңғы үш жылда 4 жаңа мектеп пайдалануға берілді. 2022-2023 оқу жылында 5 ауданның 8 мектебінде қазақша сыныптар ашылды. 2023-2025 жылдары мемлекеттік тілде оқытатын 3300 оқушыға арналған 4 мектеп салу жоспарланған. Келесі жылы “Береке” шағынауданында – 1200, “Орман” шағынауданында – 600, 2025 жылы “Жас өркен” шағынауданында – 900, Копай шағынауданында 600 орындық білім ошағы тұрғызылады. 2025 жылы “Жас өркен” және “Береке” шағынаудандарында мемлекеттік тілде тәрбиелейтін және оқытатын әрқайсысы 280 орынды 2 балабақша бой көтереді, – дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Алмагүл Оспанова.
Тұтастай алғанда, өңірде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуде аз болса да ілгерлеушілік бар. Тек халық көп шоғырланған облыс орталығында шешімін күткен мәселелер аз емес. Қала бойынша барлық 36 мектептің 6-уы қазақ тілінде білім береді. Онда 3891 бала оқиды. 5 аралас мектепте қазақ тілінде оқитын балалардың саны – 1123. Ең өкініштісі, орыс мектептерінде оқып жүрген қазақ балаларының саны – 10523.
“БЭСТ” гимназиясында облыстық “Қазақ тілі” қоғамының, қалалық білім бөлімі басшылығының, мектеп, балабақша жетекшілерінің, тіл жанашырларының қатысуымен өткен “дөңгелек үстел” барысында бір-бірін кінәлаудан гөрі өзекті проблемаларға баса назар аударылып, нақты шешу жолдары ұсынылды. Олардың ішінде ең күрделісі – ұлттық білім ұйымдарының аздығы. 192 орынға лайықталған әл-Фараби мектеп-лицейінде 415 бала екі ауысымда оқуға мәжбүр. Тар ғимарат білім сапасына кері әсер етеді. Акт залы жоқ, кабинеттер саны – 15. Бастауыш сыныптарда оқушы саны 15-тен аспауы тиіс болса, қазір бұл сыныптарда оқып жатқан балалардың саны 24-ке дейін жетеді. Жыл сайын кемі екі бірінші сынып ашып жүрген мектеп әкімшілігінің биыл ондай тәуекелге баруы екіталай. Қаланың қақ ортасында орналасқан С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның да ғимараты тар. 320 орындық мектепке 520 оқушы барып жүр. Биыл бірінші сыныпқа 100 өтініш түсіпті. Кабинеттердің тапшылығынан тек 60 өтініш қанағаттандырылмақ. Ә.Бөкейхан атындағы №25 мектептке де осы жағдай тән. Мұнда да тілек білдірушілер қатары қалың болғанымен, бәрін қабылдауға мүмкіндік жоқ. Ә.Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатта ғимараттың тарлығынан бірінші сыныпты бірге дейін шектеуге мәжбүр болған.
Қазіргі есептеулерге қарағанда, ана тілінде оқығысы келетін балалардың сұранысын қанағаттандыру үшін облыс орталығына ең кемі 5-6 мектеп керек екен. Сондықтан алдағы уақытта салынатын білім ордаларында оқу қазақ тілінде жүргізілуі тиіс. Әсіресе 19-шы, 20-шы шағынаудандар, Солнечный, Борки кенттері тұрғындарының басым бөлігін құрайтын өз ағайындарымыз балаларын қайда оқытарын білмей дал.
– Мен Борки шағынауданында тұрамын. Жердің шалғайлығынан қазақ мектептеріне қатынау өте қиын. Маңайдағы Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат пен Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясында орын саны шектеулі. Бұл мектептер де бізге алыстау болғанымен, ұлымды ана тілінде оқытуға бекініп отырмын. Жалпы баласын қазақша оқытқысы келетін ата-аналар ұлттық мектептердің салынуын талап етуі қажет, – деді Петропавл қаласының тұрғыны Сәлима Ақшалова.
Немерелерін ана тілінде білім нәрімен сусындатып жүрген ата-аналардың бірі – Мәдина Балғашоқова. Ол гимназия ережесі бойынша алғаш рет партаға отыратын бүлдіршіннен тест түрінде емтихан алу мәселесін көтерді. Ана тілін мүлдем білмейтіндер үшін бұл талапты жеңілдетіп, әңгімелесу түрінде өткізсе деген ұсынысын айтты. Оған құзырлы органның өкілі Алмагүл Оспанова “Ең бастысы, сынып жинақтап алуға күш салу қажет, жеңілдіктер міндетті түрде жасалады”, – деп жауап берді.
Мемлекеттік тілде сапалы білім беруге келгенде кей мектеп директорларының енжарлығына, құлықсыздығына, жауапкершіліктен бастарын ала қашатынына қатысты айтылатын сын пікірлер негізсіз емес. Мәселен, “БЭСТ” және бірінші гимназияларда қазақ тіліндегі бастауыш сыныптар кейін негізсіз сылтаулармен жабылып тынған. Бұл орайда Әйгерім Уәлиева басқаратын №8 жалпы білім беретін эстетикалық мектеп-кешенінің тәжірибесі құптауға тұрарлық. 816 орынға шақталған мектепте 1288 бала оқитынына қарамастан, қазақ оқушыларының саны 145-ке жетіп,11-сыныпқа дейін ашылған. Үндемей жүріп, үйдей іс тындыру деген – осы. Бұл мектептегі қазақ сыныптарын шенеуніктер “М.Жұмабаев атындағы ІТ гимназияға оқушы толмай жатыр” деген желеумен күштеп аудармақшы болғанда ата-аналар үдере қарсы шығып, тойтарыс берген екен.
Жиынға қатысушылар жұртшылықтың ой-пікірлерімен санаса бермейтін жергілікті билікке деген өкпелері қара қазандай екенін ашық айтты. Қалалық әкімдік 900 орындық М.Жұмабаев атындағы IT-лицей ашылар тұста оны ұлттық мектепке айналдыру туралы жұртшылықтың ұсыныстарын қабыл алғанымен, кейін уәдеден тайқып шыққан. Қазір ол аралас мектеп деген мәртебеге ие. Онда білім алып жүрген 876 оқушының 225-і – өзге этнос балалары. Оларды оқушысы азайған 25 орыстілді мектепке сыйдыруға әбден болар еді. Бір көңіл көншітетіні, бұл лицейде орысша бастауыш сыныптар болмайтын көрінеді. Оның орнына бірінші қазақ сыныптары көбейтілмек.
“Дөңгелек үстел” басында қаладағы 4 ұлттық балабақшада – 301, қазақ топтарында 1380 бүлдіршін тәрбиеленетіні айтылды. Бұл өте аз. Биыл үш орыс гимназиясында бірінші сынып ашылып, 65 бала қабылданғанның өзінде күрделі жағдай түзеле қоймасы анық. Сондықтан тіл жанашырларынан арнайы топтар құрып, ата-аналар арасында пәрменді үгіт-насихат жұмыстарын күшейту, ана тілімізде білім, тәрбие беретін жаңа білім ордаларын салуға қол жеткізу қажет. Егер осы жұмысты жоғары деңгейде жүзеге асыра алсақ, қазақ мектептері де, ана тілінде білім алатын бала да көбейеді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.