Өңір басшысы Айдарбек Сапаров Шал ақын ауданына жұмыс сапары барысында республикалық маңызы бар Петропавл – Жезқазған бағытындағы жолдың орташа жөндеу жайымен танысты.
Бұдан кейін Городецкий ауылдық округіне қарасты Мерген ауылындағы “Жастар” спорт залына барды. Ғимарат “Гермес Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қаражатына тұрғызылып, спорт жабдықтарымен толық қамтамасыз етілген. Елді мекендегі көшелер асфальтталған. Баспана салу ісі қызу қарқын алыпты. Мергенде астық тазарту-кептіру кешені, қонақүй, шағын базар, наубайхана, асхана, тұшпара цехы жұмыс істейді. Алдағы уақытта медициналық пункт, 600 бас ірі қараға арналған сүт фермасы, құрамажем цехы, тәулігіне 40 тонна бидай үгетін диірмен бой көтермек.
Облыс әкімі жаңа астық кептіру кешені жанында ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Жұмысшылар жалақы мен пай үлестері уақтылы төленетінін жеткізіп, ризашылықтарын білдірді. Су құбырын тартуға 970 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Жалтыр ауылына кіреберіс жолды жөндеуге 393 миллион теңге қарастырылған. Өңір басшысы елді мекендерді дамытуға қатысты жобаларды іске асырудың маңыздылығын, еңбек адамдарына тиісті көңіл бөлу қажеттігін атап өтті.
Кездесу барысында аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері Сергеевка қаласында орталық қазандық салу, автомобиль жолдарын жөндеу мәселелерін көтерді.
“Жобалық-сметалық құжаттар рәсімделгеннен кейін қазандық құрылысын жоспарлаймыз. Автомобиль жолдарын жөндеуге қаражат бөлу мәселесі де оң шешілетін болады”, – деді Айдарбек Сейпілұлы.
Өңір басшысы Тимирязев ауданындағы Степное елді мекенінде болып, тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады. Жолдардың нашар жағдайына, фельдшерлік-акушерлік пункттің жоқтығына қатысты айтылған шағымдарды тиісті басқармаларға бақылауға алуды тапсырды. “Атамекен-Агро” серіктестігі көшелерге қиыршық тас төсейтін болды. Келесі жылы көшелердің бірі асфальтталады. Денсаулық сақтау саласын жаңғыртудың Ұлттық жобасы шеңберінде 2024 жылы фельдшерлік-акушерлік пункт салынады.
Аудан орталығында құрылған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін біріктіретін әлеуметтік даму орталығы абаттандыру және көгалдандыру шараларына белсене атсалысып келеді. Игі бастамаға “Фролов” жеке қожалығы бірінші болып үн қосқан.
Өңір басшысы “Есей Агро” серіктестігінде агроқұрылым өкілдерімен кездесіп, көктемгі егіс науқанын ұйымшылдықпен өткізу жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Қайрат ОРАЗАЛИН,
Әсем ТАСМАҒАМБЕТОВА.