«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨШЕТТІҢ КӨПТІГІ ЕМЕС, КӨКТЕГЕНІ КЕРЕК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Осыдан бірнеше жыл бұрын Со­колов ауылының маңындағы 2 гек­тар орман алқабы отқа оранған еді. Енді сол алқапқа қайың көшеттері егіліп, қайтадан қалпына келтіру жұ­мыстары қолға алынды. Қаз-қатар бой түзеген көшеттер табиғаттың ажарын ашып тұрғандай.

Соколов орман шаруашылығы­ның директоры Назар Қапаров қарағай көшеттері өздерінің тұқымбағында өсірілетінін айтты. Мекемеде жал­пы аумағы 8 гектар екі тұқымбақ бар. Онда қайың, қарағай тұқымдас ағаш­тар өсіріледі. Оларды 2 жыл бойы күтіп-баптап өсіргеннен кейін ғана отырғызады. Көшетті көктем мен күз маусымында, әсіресе ағаш бүршік атқанға дейін отырғызып үл­геру керек.

Мұнда алдымен жер жыртылады, сосын жұмсақ топыраққа көшет­тер егіледі. Мәселен, бір жолақта 50-60 қарағайдан болса, бір күнде 6 мыңға жуық ағаш отырғызылады. Соколов орман шаруашылығы қызметкерлерінің биылғы жоспары – 400 гектарға ағаш отырғызу. Ал соңғы екі жылдың ішінде 11 миллионға жуық көшет егіліпті.

Бұл шараға М.Қозыбаев атында­ғы СҚУ-дың түлектері де атсалысыпты. Аталған шаруашылықта өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген Кәмилә Кәрімова – болашақ орманшы. Бұған дейін Қызылжар ауданында өн­дірістік тәжірибеден өткен екен. Онда да ағаш отырғызудың түрлі тә­сілдерін меңгерген. Жоғары оқу ор­нын бітіргеннен кейін таңдаған ма­ман­дығы бойынша жұмыс істеуге дайын. Қазір жастардың бұл салаға келуі сиреген. Себебі еңбекақы аз, инфрақұрылым жоқ, баспанамен қамтылмайды.

– Облысымызда 12 орман шаруа­шылығында 400-ге жуық адам жұ­мыс істейді. Былтыр жергілікті бюд­жеттен шаруашылықтарға техника алуға 214 млн. теңге бөлінді. Отыр­ғызылып жатқан көшеттер 120 жыл­ға дейін жайқалып өсіп тұрады. Жалпы 2021 жылы 850 гектар ағаш егілсе, алдағы уақытта одан 8 есеге көп отырғызу жоспарланып отыр. Биыл 4100 гектар алқапқа 21 млн. түп ағаш егіледі, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдала­нуды реттеу басқармасының бөлім басшысы Василий Лабанчук.

Жалпы өңірімізде 2025 жылға дейін 20 мың гектар жерге 100 мил­лион түп ағаш отырғызылмақ. Олардың дені – қайың. Осындай еңбекпен өсірілген орманды қорғау – әрбір азаматтың міндеті. Сол себепті мамандар тұрғындардың демалыс уа­қытында қауіпсіздік шараларын сақтап, орманды ластамауын сұрайды.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp