«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Соғар тынбай солтүстіктің самалы…”

Диас Аяған

 esla9015@gmail.com

Қойнауы қазынаға толы қызырлы Қызылжардың қай бұрышын алып қа­рамайық, олардың қазаққа алтын бе­сік болған құтты қоныс екенін аңға­рамыз. Ырыс-несібесі артып, төсінде малы төлдеп, қамбасында астығы та­сыған осындай өңірдің әр ауданының терең тарихы, тұғырлы тұлғала­ры, тамаша табиғаты бар. Әр тасы өт­кеннен сыр шертіп жатқан осындай өңір жайлы жыр жазбаған ақын, тол­ғанбаған қаламгер кем де кем шығар. Ақын Марфуға Айтқожина Қызылжар жайлы жазған өлеңдерінің бірінде:

Соғар тынбай солтүстіктің самалы,

Серуендетіп, серпілдіріп даланы.

Көк шыршалар жағалауда мүлгиді,

Көрген талай көне менен жаңаны, – деп тебіренеді.

Мәңгі жасыл шыршалар мен тер­белген ақ қайыңдар әлі талай ұр­пақтың сырласына айналары сөзсіз. Тынбай соққан солтүстіктің самалы маңдайынан ескен өскелең ұл-қы­зымыз да аз емес. Алайда кейінгі буын өкілдерінің осы асылымыздың бәрін тани алып, тереңге бойлап жүр­гендері сирек. Жыл сайын облысымызға білім алу үшін өзге өңірлерден жүздеген жас ағылады. Оларға да өлкемізді таныту жұмысы кемшін. Сондықтан да теріскейге тамыр жая алмаған түлектер басқа жақта еңбек етуге асық. Ал бұл мамандардың бас­қа аймақтарда емес, өзіміздің аудан-ауылдарға ауадай қажет екендігі айтпасақ та түсінікті ғой.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан универ­ситетінде шалғайдан келген білім алушыларға өңірімізді танытып, қы­зығушылықтарын ояту мақсатында “Туған жерім – тұғырым” атты кеш ұйымдастырылды. Бұл кештің өзге шаралардан ерекшелігі облысымыз­да туған жастар басқа жақтардан келген білім алушыларға Қызылжардың аудан, ауылдары жайлы баян­дап, тұмса табиғатымен таныстырды. Студенттер өздеріне бекітілген аудандар бойынша презентациялар мен бейнероликтер дайындап, баяндама оқыды. Шара барысында Қызылжар ауданы­ның құнарлы даласы, Есіл ауда­нының ерен ерлері, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Тоқсан би бас­таған тұлғалары, Жамбыл ауданының жайнаған табиғаты, Шал ақын ауданының шоқтығы биік азаматтары, Аққайың ауданының үлгілі елді мекендері, Айыртау ауданының арудай келбеті мен Мағжан Жұмабаев ауданының бүгінгі бет-бейнесі жайлы сөз болды. Жастар өңіріміздің белгілі тұлғалары, тарихи орын­да­ры, көрікті жерлері, бүгіні мен ертеңі жайлы ой қозғады. Кешке куә болған өзге студенттер болса өздерінің таң­даныстарын білдіріп, болашақтарын осы өлкемен байланыстыруға ниетті екендіктерін жеткізді. Шара қонағы Ақан сері атындағы облыстық филар­монияның әншісі Еркебұлан Қаріпов жиналғандарға әннен шашу ша­шып, кештің көркін қыздырды.

Бұл кешті білім ордасы жанын­дағы “Абайтану” ғылыми-әдістемелік орталығының ғылыми қызметкері Жазира Көкбастың ұйымдастырға­нын айта кеткен жөн.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp