Қазақ жерін өз Отаны деп санайтын диаспоралар Қазақстанға тағдырдың теперішіне тап болған түрлі кезеңдерде келгені хақ. Солардың бірі – поляк ұлтының өкілдері. Бүгінгі күні олар осынау қасиетті де киелі топыраққа тастай батып, судай сіңіп, қазақ халқымен бірге тату-тәтті өмір сүріп, еңбек етіп жатыр. Біздің ата-бабаларымыздың Ұлы далаға алғаш рет аяқ басуы – сонау ХІІІ ғасырда басталған екен. Яғни Арал маңы арқылы Сырдария мен Іле алқабына тұяқ іліктіріп, содан соң Балқаш көлінің тұсынан өткен поляктар бүгінде тәуелсіз еліміздің ажырамас бір бөлігіне айналды.
Бір шаңырақтың астында 100-ден астам ұлт пен ұлысты татулықта, бірлікте ұстап отыру оңай емес. Еліміз енді Тәуелсіздік алған тұста, яғни мемлекетіміз үшін ең жауапты кезеңде құрылып, бүгінде тұрақтылықтың тұтқасына, бірлігіміздің бастауына айналып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының ел дамуындағы маңызы зор. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының қанатының астында 22 қоғамдық бірлестік жұмыс істеуде. Этномәдени бірлестіктер бірлік пен татулыққа ұйытқы болуымен қатар, қайырымдылық, медиация, әлеуметтік көмек, ұлттық мерекелерді насихаттау секілді бағыттарда белсенділік танытуда.
“Коперник” облыстық поляк мәдени орталығы” қоғамдық бірлестігі 1996 жылы 29 қарашада құрылды. Содан бергі уақыт аралығында этномәдени бірлестік бағыт-бағдарын айқындап, рухани құндылығымызды дәріптеп қана қоймай, ішкі бірлікті сақтауда ілкімді істерді атқарып келеді.
Поляк этномәдени орталығы жанында маңызды мәселелер бойынша шешім қабылдайтын кеңес бар. Ондағы мамандар қазақстандық және әлемдік мәдениеттің бір бөлігі ретінде поляк этносының дәстүрлі рухани және мәдени құндылықтарын жаңғырту, сақтау, тарату үшін конференциялар, көрмелер, фестивальдар, концерттер өткізеді. Осы уақытқа дейін жүзеге асырылған жобалар көпэтносты қоғамда диалог пен коммуникацияның әртүрлі нысандары мен түрлерін дамытуға және жетілдіруге, халықаралық байланыстарды, тұрғындар арасындағы бейбітшілік пен достықты нығайтуға жәрдемдесті. Кеңес бекіткен жұмыс жоспары этникалық, рухани және патриоттық, адамгершілік, әдеп, спорттық, ғылыми-зерттеу, өлкетану, әдеби-публицистикалық және ерлік салты сынды бірнеше бағытқа бөлінген.
Мәселен, этникалық бағыт аясында “Отанымның жарқын келбеті” халықаралық, “Поляк ұлттық киімдері: замандас көзқарасы” облыстық көрмесі, поляк фольклорлық биінің өңірлік фестивалі, қазақ тілі білгірлері байқауы сияқты шаралар ұйымдастырылды. Бүгінгі таңда өңіріміздегі би ансамбльдерінің репертуарында поляк билері бар.
1997 жылдан бастап этникалық тегіне қарамастан барлық адамдар үшін поляк тілі мен әдебиетін, Польша тарихын, поляк халқының әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерін тегін оқи алатын сынып жұмыс істейді. Оқытуды Польшадан келген ерікті педагогтар мен қазақстандық ұстаздар кәсіби деңгейде жүргізеді. Орталықтың қарамағында көркем, ғылыми және оқу-әдістемелік туындылармен қамтылған фоно және бейне кітапхана бар. №17 ұлттық жаңғыру мектеп-кешені жанынан ашылған зерделеу сыныбы поляк тілін, поляк халқының мәдениеті мен дәстүрлерін оқытуда жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Ондағы оқушылар заманауи ақпараттық технологияларды қолданудың арқасында түрлі тақырыптағы репортаждар мен фильмдерді поляк тілінде көруге, Польшаның мәдени мұрасымен және қазіргі поляк өнерімен танысуға мүмкіндік алды.
Биыл 1 наурыз – Алғыс айту күнінде поляктардың жер аударылуы жайын сөз еткен “Қазақ жерінің ыстық құшағы” деген шағын спектакль қойдық. Жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айтуы орынды. Осы күндері өткізілген концерттік бағдарламалар және айтылған алғыстар адам бойындағы ең асыл дүние – жасалған жақсылыққа разы болу екенін жадымызда жаңғыртқандай болды. Бүгінгі таңда біздің мойнымызда ата-бабаларымыз көрген жақсылық пен мейірімді еселеп қайтару міндеті тұрғанын жақсы түсінеміз.
Біз “Менің Қазақстаным, саған махаббатпен!” атты тақырыпта өткізген халықаралық кездесуге бүгіні мен болашағын қазақ жерімен байланыстырған азаматтар келді. “Сәлем, Қазақстан!” халықаралық көрме – байқауына еліміздің, Польша, Италия, Ресей мемлекеттерінің мектеп жасына дейінгі балалары қатысты. Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған “Мұның бәрі ол туралы” поэтикалық марафонына қатысушылар қатары қалың болды.
Саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында біз спорттық шараларды ұйымдастыруды да дәстүрге айналдырғанбыз. Поляктың атақты педагогы, жазушы, дәрігер Янош Корчакты еске алу мақсатында оқушылар арасында еліміздегі Польша Республикасы елшілігінің кубогы үшін футболдан турнир өтті. Бұл тартысқа 44 команда қатысты. Үздік атанған 12 команданы елордада елшілік өкілдері марапаттады.
Қоғамдық бірлестік жұмысының басым бағыттарының бірі – ғылыми-зерттеу саласы. Әсіресе ХІХ және ХХ ғасырлардың басындағы қазақ-поляк қатынасы терең зерделенуде. Осы арқылы екі ұлттың ортақ тарихи тағдырын насихаттау, дәріптеу көзделіп отыр. М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың тарих, экономика және құқық факультетімен бірлесіп “Адольф Янушкевичтің өмірі мен шығармашылығы” ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткіздік. Оған еліміздің бірқатар қалаларынан, Ресей мен Польшадан ғалымдар келіп, баяндама жасады. Сонымен қатар жергілікті университет және Есіл ауданындағы Николаевка орта мектебімен бірлесіп, жастарды рухани-адамгершілік, патриоттық тұрғыда тәрбиелеу мақсатында әдістемелік ұсыныс әзірледік. Бұл орайда қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбаев пен поляк философы, ақын, аудармашы Станислав Ежи Лецтің шығармашылығын насихаттауды көздеп отырмыз.
Ал өлкетану жұмысы аясында поляк этносының қазақ жеріндегі тіршілігі мен қызметі жайлы мол мағлұмат жиналды. Жергілікті газет-журналдарға “Поляктар Солтүстік Қазақстан облысында. 1936-1956 жылдардағы қуғын-сүргін”, “Поляктар Солтүстік Қазақстан облысында. Карвов әулетінің тағдыры”, “Солтүстік Қазақстан облысындағы Польша еврейлерінің тарихынан”, “Тілдерді үйрену арқылы түрлі мәдениетті түсіну” сынды көптеген материалдар жарияланды.
Солтүстік Қазақстан облыстық “Коперник” поляк мәдени орталығы барлық этномәдени бірлестіктермен ынтымақтастықта жұмыс істеп, Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық-саяси шараларына белсене қатысуда. Мәселен 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған “Болашақ үшін естелік” халықаралық жобасына атсалысты. “Әлемді аялаған сөз. Қазақстан этностарының өкілдері Абай туралы” республикалық эссе байқауында белсенділік танытқан бірлестіктің екі мүшесінің шығармашылық жұмыстары беделді басылымдардың біріне басылды.
Заманның аласапыран кезінде тағдырдың жазуымен ұлан-байтақ қазақ жеріне көптеген этнос өкілдері жер аударылды. Бүгінде біз қаны бөлек болғанымен, қазақ халқымен жаны бір, ұлты басқа болғанымен, елімізбен арманы ортақ біртұтас мемлекетке айналдық. Өз басым жақындарымның болашағын Қазақстансыз елестете алмаймын. Қазақстан – біздің Отанымыз. Әкелеріміз бен аналарымызға, аталарымыз бен әжелерімізге қорған болған қазақ халқына қарыздармыз. Қазақтың кеңпейіл, мейірімді халық екені 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінде ерекше айшықтала түсетіндей. Біз бұл күнді ерекше тойлаймыз. Мерекелік шараларда қазақтың әр баласын ыстық құшағымызға қысып, оларға деген құрметімізді білдіргіміз келеді. Ынтымақ пен бірлікті ту еткен жаңа Қазақстанымыз жайнай берсін, жасай берсін!
Валентина КОРНЕВА,
“Коперник” облыстық поляк мәдени орталығы” қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары.