Қайың шырыны – көпшіліктің сүйікті сусыны. Мамандардың айтуынша, ол иммунитетті көтеріп, әртүрлі аурудың алдын алады. Алайда орманға барып, ағаш шырынын рұқсатсыз жинау заңсыз екенін естен шығармаған жөн.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, күн жылына салысымен ағаштарда сөл бөлу процесі жүреді. Қайың шырынын ұнататындар мұндайда балтапышақпен қаруланып, орманға барады.
“Салдарынан қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келуде. Қайың шырыны ағаштың қысқы ұйқыдан оянып, өсіп, жапырақтары гүлденуі үшін бұтақтарға қажетті қоректік заттарды жеткізеді. Ағаштың қабығын аршып, шырынын ағызғаннан кейін олардың көпшілігі ауруға шалдығады”, – дейді басқарма маманы Сәуле Сүлейменова.
Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде қайыңның шырынын дайындау жоспар бойынша, жақын арада кесілетін, пісіп-жетілген ағаштарда жүргізіледі. Қосалқы ресурстарды дайындау қағидаларына сәйкес шырынды бес жылдан кейін кесілетін ағаштардан алуға болады. Шырын дайындау кезінде заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерде мемлекеттік орман шаруашылығы берген рұқсат қағазы болуы тиіс.
“Қайың шырынын дайындауды жүзеге асыруға болатын орман учаскелері туралы қажетті ақпаратты алу үшін тұрғылықты мекенжайы бойынша орман шаруашылығына жүгіну қажет, онда қайың шырынын заңды түрде дайындау үшін қандай рұқсат құжаттары қажет екенін білуге болады”, – дейді Сәуле Сүлейменова.
Маманның айтуынша, талап сақталмаған жағдайда айыппұл салынады. Бұл Қазақстан Республикасы Орман кодексінің 113-бабының 8-тармағымен және Қазақстан Республикасы Әкімшілік кодексінің 368-бабымен реттелген.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес ағаш қорын пайдаланудың, сүрек дайындау мен әкетудiң, шырынын, қосалқы орман материалдарын алудың белгiленген тәртiбiн бұзғаны үшін жауапкершілік көзделген. Жеке тұлғаларға 10 айлық есептік көрсеткіш яғни 34500 теңге мөлшерінде, лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 30 айлық есептік көрсеткіш яғни 103500 теңге мөлшерінде, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 50 айлық есептік көрсеткіш яғни 172500 теңге мөлшерінде және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 айлық есептік көрсеткіш яғни 345000 теңге мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.