“Өңірімізде салынып жатқан көпқабатты үйлер мен бас жоспар бойынша тұрғызылатын нысандарды жылытуға №2 Петропавл жылу-электр орталығының қуаты жете ме?”, – деген сауал құрылысшыларды қатты алаңдатып отыр. Өңір басшысының орынбасары Сәтжан Аблалиевтің қатысуымен облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуде осы мәселе әңгіме өзегіне айналды.
“Жергілікті құрылыс ұйымдарының алаңдаушылық танытуы бекер емес. №2 Петропавл жылу-электр орталығында апатты жағдай орын алғанға дейін “СевКазЭнерго” компаниясының басшылығы станция ресурстарының шектеулі екенін ескерткен болатын”, – деп атап өтті облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Бекеев.
“Қазақстан құрылысшылар одағы” облыстық филиалының директоры Шәкей Әміржанның айтуынша, бүгінде құрылыс саласының даму қарқыны айтарлықтай өзгерді. Бас шаhарда жаңа шағын аудандар, әлеуметтік нысандар көптеп салынуда. Сондықтан бір ғана ЖЭО-мен шектеліп қалудың соңы түрлі қиындықтарға соқтыруы мүмкін. Сондықтан өңірді газбен қамтамасыз ету немесе станцияны жаңғырту өте маңызды мәселелердің бірі саналады.
Сәтжан Аблалиев құрылысшылардың қорқынышына негіз жоқ екенін айтты. Станция ресурсы алдағы екі-үш жылға толығымен жетеді. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы орган жылу және электр желілерінің қуатын арттырудың техникалық шарттарын түгендеп, пайдаланылмай жатқан ішкі әлеует мүмкіндіктерін саралаумен айналысуда.
“Техникалық шарттарға байланысты тексеру жүргізілді. Оның қорытындысы негізінде бағдарлама жасалды. Орталықтың қуаты қаланың әлеуметтік және тұрғын үй нысандарын жылумен қамтамасыз етуге жетеді. Алдағы уақытта бой көтеретін нысандарға техникалық шарттар таратыла бастайды”, – деді ол.
Қала әкімдігі жылу желілерін дамыту жобасын әзірлесе, компания станцияның негізгі және қосымша жабдықтарын жөндеуді жалғастырып, жаңа мұржа салуды бастады.
Отырыс барысында құрылыс ұйымдарының проблемаларын жедел шешу үшін палатаның өңірлік кеңесі жанынан салалық құрылыс комитетін құру ұсынылды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.