Еліміздің тұғырлы Тәуелсіздікке қол жеткізгеніне отыз жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт бедерінде Қазақстан әлемге бірлігі бекем мемлекет ретінде танылды. Бүгінде қазақтың шұрайлы жерін мекендеген бір жүзден астам этнос өкілдері бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тату-тәтті өмір кешуде. Олардың қатарында ел экономикасының нығаюуына, мәдени өмірінің дамуына үлес қосып отырғандар аз емес. Бізді өзге этнос өкілдерінің қазақ тілін меңгеруге ден қойып отырғаны қуантады.
Якуб Латипов – ұлты түрік болса да, қазақ тілін еркін меңгерген жандардың бірі. Ол 1998 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Ата-анасы отбасылық жағдайларға байланысты Түркияға қоныс аударғанда ол оң мен солын әлі танымаған сәби болыпты. Балалық шағын екі елдің арасында өткізген кейіпкеріміз қазақ, түрік, өзбек халықтарының менталитетін бойына сіңіріп, бірнеше тілді еркін меңгерген.
– Өмірімнің көп бөлігін Түркия мен Қазақстан арасында өткіздім. Бүгінде барлық туыстарым, отбасым Түркияның Анталия қаласында тұрып жатыр. Мен өзім Петропавлдағы халықаралық құрылыс компаниясында инженер-құрылысшы болып жұмыс істеймін. Әріптестерім қазақтың кейбір сөздерінің қалай айтылатынын, мағынасын сұрап жатады. Оларға жалықпай жауап беремін. Қазақстанның әрбір азаматы қазақ тілін білуі тиіс, – дейді Якуб Рамазанұлы.
Қазақта “Бір тіл білсең – бір адамсың, екі тіл білсең – екі адамсың” деген сөз бар. Якуб Латипов та осы қағиданы берік ұстанады. Өзінің ана тілі – түрік тілін қалай жетік меңгерсе, мемлекеттік тілді де сол деңгейде біледі. Жалпы, түріктерге қазақ тілін үйрену қиындық тудырмайды. Өйткені қазақ тілі мен түрік тілінің емлесі бір-біріне ұқсас. Кейіпкеріміздің айтуынша, ойыңды қазақ тілінде еркін жеткізу үшін қазақы орта керек. Адамдар айналасындағылармен тек қазақ тілінде қарым-қатынас орнатқанда ғана тілді тез меңгеруге болады. Оның қазақ тілін де еркін сөйлеуіне де дәл сол қазақы ортада өскендігі әсер еткен.
– 2016 жылы Ресейдегі университеттердің біріне оқуға түсіп, инженер мамандығы бойынша жоғары білім алдым. 2020 жылы Қазақстанға оралдым. Қазақ тілін тез арада үйреніп алуыма досым – Ерланның тигізген көмегі көп. Ата-анам мен бауырларым атажұртымыз – Қазақстанға келгенде тек қазақ тілінде сөйлеседі. Қазақ – қонақжай, бауырмал халық. Тағдырдың түрлі теперішіне тап болған этностарды жат көрмей, бір үзім нандарымен бөліскенін, мейірімділік көрсетіп, төріне шығарғанын тарихтан жақсы білемін, – дейді ол.
Ата-бабалары қазақ жерін мекендеген Якуб Қазақстанды өзінің туған Отанына балайды. Ол бала күнінен қазақтардың қайырымды әрекеттеріне жиі куә болған. Әңгіме арасында кейіпкеріміз биыл Түркияда орын алған алапат жер сілкінісін күйзеліспен еске алды. Жойқын табиғи апат салдарымен күресу үшін Қазақстанның тигізген көмегіне түріктер дән риза. “Қазақ билігі жедел арада Түркияның зардап шеккен өңірлеріне құтқарушылар мен дәрігерлерін жіберді. Гуманитарлық көмек те толастаған емес. Апат айтып келмейді ғой. Қиын кездері қазақ елі түріктермен бірге екенін өздерінің қайырымды істерімен дәлелдей білді”, – дейді ол.
Якуб Латипов жұмыстан қолы қалт еткенде кітапханаларға бас сұғып, газет-журналдарды, тарихи еңбектерді оқығанды жақсы көреді. Ол Алаштың ардақты перзенті Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқуға құмар. Қазақ тіліндегі туындыларды достарына, әріптестеріне оқып беруді дағдыға айналдырған.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.