Биыл туған жерін талантымен дүйім жұртқа мәлім қылған, атақты жерлесіміз, тума өнер иесі, салсерілердің соңғы тұяғы Игібай Әлібаевтың туғанына 120 жыл толып отыр. 1921 жылы қазақ жастарының арасынан алғашқылардың бірі болып Петропавл қаласындағы қазақ педагогикалық техникумына оқуға түсіп, мұғалім мамандығын алып шығады да, одан кейінгі жылдары облысымыздағы біраз ауыл-аудандарда оқытушы болып қызмет атқарады. Ол кезде арнайы мұғалімдік білімі бар мамандар тапшы болғандықтан, Игібай сынды білімді адамдарды облысымыздың әр түкпіріндегі ашылатын қазақ мектептеріне басшы, ұстаз ретінде қызметке тағайындайтын. Сондықтан да болар ол кісіден тәлім-тәрбие алған шәкірттер әр жерде баршылық. Олардың естелік-әңгімелері өзінше бір бөлек әңгіме.
“Ән салу өнері аспанда қазға, жерде тазға қонған” деген сөз Жамбыл ауданының Айтуар ауылында көп айтылады. Соған қарағанда ру басы болған аталары Күнтуды былайғы жұрт “Таз” деп атап кетсе керек. Игібай – ән қонған таз руының бел баласы. Жалпы бұл әулеттің үлкендерінің бәрі өнерден қаражаяу емес. Кей деректерде Игібайдың туған әкесі Тәжібай Ұлтарақұлы атақты әнші әрі құс салып, ит жүгірткен саятшы болғаны айтылады.
Игібай атамыздың сан қырлы өнеріне баға беру үшін академик-жазушы Сәбит Мұқановтың өзінің тетелес інісімен өмірде сыйластық, достық қарым-қатынаста болып, “Өмір мектебі” трилогиясында оның ақындық, әншілік өнерін бүкіл қазақ еліне таныстырғанын, құрметтегендіктен бірнеше мақала жазғанын еске салсақ артық болмас. Сәбең “Сегіз қырлы сері” деген мақаласында Игібайдың неге “Әлібаев” атанғанын айтады. Игібайды әкесі Тәжібайдың інісі Әлібай асырап алғанына байланысты екенін жазады. Жазушы Тәжібай туралы “Биік дауысты, ән нақышын шебер келтіретін адам, ал шешесі Қани суырыпсалма ақын кісі болған”, – дейді. Сондықтан Игібайға әншілік, ақындық өнер ата-анасынан дарыған деп айтуға әбден негіз бар әрі “ән қонған” өлкеде оның өнерпаз болмауы мүмкін емес еді. Ал кішкентай кезінен асырап алған әкесі Әлібай туралы: “Ол да әнші екен. Бірақ қолы қысқа болғандықтан, қазақ арба, ер, үй ағаш сияқты бұйымдар жасауды кәсіп еткен”, – дейді. Әкесіне көмектесіп, Игібай жазғытұрым қой бағады. Жайлаудағы жасыл дала оның ән айтып, өнерге, әншілікке қадам басқан алғашқы сахнасы болды. Қыста ауыл молдасынан сабақ алып, хат таниды. Домбыра тартып, ән айтып, елдің көзіне түседі. Жұрт арасында алғашында “әнші бала”, кейін қиссаларды жатқа айтатын “жыршы бала” атанады.
1921 жылы Қызылжарда Қазақ педагогикалық техникумына оқуға түсуіне де жас Игібайдың өнері, білімге құштарлығы себеп болғанға ұқсайды. Өйткені бұл уақытта ол өз елінде ғана емес, алыс-жақын ауылдардағы жиын-тойларда әншілігімен, әзіл-қалжыңдарымен, өткір сөздерімен жұртты ауызына қаратқан өнерпаз болатын. Бұл кезең тек өнер мектебі ғана емес, өмір мектебі еді.
Сол кезеңде болашақ мұғалімдерді тек кәсіби маман ғана емес, шалғайдағы елді мекендерде жастарды өнерге баулитын шығармашыл адам есебінде санайтын. Жас әншіні қамқорлығына алып, оның кәсіби тұрғыда өсуіне ықпал еткен сол кездегі белгілі композитор Коцых еді.
Қазақ педогогикалық техникумы өнерлі жастарды тәрбиелеп қана қоймай, қаладағы мәдени-әдеби іс-шараларды ұйымдастырушы ұжым деген атпен атағы алысқа тараған. Сәбит Мұқановтың “Әнші-домбырашылардың алдыңғы қатарынан орын алады да, труппа 1925 жылы Мәскеу мен Ленинградқа барып концерт бергенде, Игібай зор абыройға ие болып қайтады”, – дегені бар.
Игібайды көзі көріп, онымен сапарлас болған қариялардың айтуынша, бұл жолы техникум труппасы тек концерт қана емес, қазақ халқының салт-дәстүрін бейнелейтін үлкен театрланған көрініс көрсетеді. Игібай өзіне жақын сал-серінің бейнесін сомдаған. Сәбеңнің мақаласында айтылған “зор абыройға ие болуы” жас таланттың әншілік өнерді жете меңгеріп қана қоймай, сал-серілердің жарқыраған, жарқылдаған өнерін сахнада көрсетіп, халықты ауызына қаратып, тәнті қыла білгендігінен болса керек.
Сәбең өзінің тетелес інісі туралы: “Бойында осындай өнері бар Игібайдың театрдың әртісі болып кетуіне де толық жағдайы бар. Ол кейбір кезде солай болуға тырысты да, 1930 жылы Алматыға келіп, қазақ драма театрында бір қыс бойы жап-жақсы рольдерді ойнап жүрді. Отызыншы жылдардың орта кезінде, бірер жыл Қызылжардың қазақ театрында да әртіс болды”, – деп жазған.
Осы кезеңдегі өмірі туралы белгілі өнертанушы, жерлесіміз Алтын Иманбаева өзінің зерттеу мақаласында: “Игібай Әлібаев 1925 жылы Мәскеу мен Петербор қалаларында өткен қазақ өнерінің он күндігіне қатысады. Осы сапарда сахна шеберлері Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақовпен танысады”, – дейді. Ол кісілер жас жігіттің дарындылығын мойындап, шалқыған әндерін тыңдап, қазақ академиялық драма театрына жұмысқа шақырады. Игібай осы театрда өнер көрсетіп, сахна сырын меңгереді.
Үстіміздегі жылдың 2 қаңтарында қалалық “НеделяСК” газетінде “Гибель и возрождение казахского театра” (“Историки выяснили, что казахский театр в Петропавловске имеет почти вековую историю, но к сожалению трагичную…”) деген мақала көзіме оттай басылды. Мақала авторы Вадим Мударисов облыстық архивтың басшысы Сәуле Мәлікованың тілшілерге берген сұхбаты негізінде жазыпты.
Мұрағат директоры Сәуле Зейноллақызының айтуынша, 1918 жылы қалада шығатын “Жас азамат” газетінде қазақ театрында Кошке Кемеңгерұлының үш актілі пьессасы қойылып, көрерменнен 4409 рубль түскенін хабарлайды. Бұл қаржының бір бөлігі облыстағы ашаршылыққа ұшырағандарға, қалғаны “Жас азамат” газетің шығарылуына жұмсалғаны айтылыпты. Алғашқы қазақ театры жөніндегі құжаттар тек облыс мұрағатынан ғана емес, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі арнайы архивтердің қорынан да табылған.
Мысалы, 1934 жылы қазақ театрының директоры болып тағайындалған Кәрім Жабиннің жеке ісінде көп мәлімет келтіріледі. Бұл құжатта Кәрім Жабин – қазақ, Омбы облысы, Марьянов ауданы, Қызыл-Иман ауылының тумасы, бастауыш білімі бар екендігі көрсетіледі. Комсомол жастардың басшысы, басқа да мемлекеттік мекемелерде басшылық қызметте болғаны жазылыпты. 1933 жылы облыстық білім басқармасында жетім және ата-аналардың қарауынсыз қалған балалар жөніндегі басшының орынбасары міндетін атқарады. 1934 жылдың қазан айына дейін сол кездегі Қарағанды облысында шығатын жастар газеттерінің өкілетті өкілі болған. Сол жылдың қазан айында Петропавл қаласындағы қазақ театры ашылғанда К.Жабиннің біліктілігі мен іскерлігі ескеріліп, оны директор ретінде тағайындайды.
Сарғайған мұрағат құжаттарынан алғашқы қазақ театрының өнерпаздарының есімдері айқындалады. Қаладағы қазақ теарының репертуарында Бейімбет Майлиннің, Мұхтар Әуезовтің “Еңлік-Кебек”, “Айман-Шолпан”, “Жас тілек” атты қойылымдарының болғанын айтуымыз керек. Заман талабына сай Фурмановтың “Мятеж”, француз жазушысы Ги де Мопасанның да туындылары сахна төрінен орын алыпты.
Театр ұжымында К.Жабиннен басқа, режиссер Х.Жаркенов, актерлер С.Байғожин, Т.Карибаев, К.Камалиева, Р.Кожахметов, Д.Жалкайдаров, барлығы 30 актер, пианист, екі режиссер болғанын айтсақ, жас қазақ ұжымының қандай биік шығармашылық деңгейге көтерілгенінен хабардар боламыз.
Игібай Әлібаевтың осы театрға қатысы туралы “Қысқаша өмір тарихым” деп өз қолымен жазған өмірдерегіндегі “1935 жылдың тамыз айынан 1936 жылдың тамызына дейін Петропавлдың облыстық театрында істедім”, – деген жолдар дәлел бола алады. Қаладағы қазақ театры қандастарымыздың рухани болмысының қалыптасуына тікелей әсер етіп, ұлт руханиятының көшбасшысына айналды деуге негіз бар. Бірақ мұндай қазақ өнерінің жанданып, ұлттық дүниетанымның күшіне енгені кеңес үкіметінің саясатына қайшы болатын. 1937 жылы 25 қарашада қазақ театрының директоры К.Жабин “халық жауларымен” сыбайлас болғаны үшін 10 жылға сотталып, “итжеккенге” айдалып кете барды. Директордың көмекшісі Жәркеновке де осындай үкім шығарылса, С.Байғужин ату жазасына кесілді.
Облыстық “Ленинское знамя” газеті “Разгромить вражеское гнездо в казахском театре” деген көлемді мақаласында К.Жабин мен Байғожинді “Алашорда ұстанымдарын насихаттаған контрреволюциялық ұжым құрды, халық жауы”, – деп күйе жаққан екен.
Театр басшыларын жазалағаннан кейін ұжымды да кеңес үкіметіне қарсы жаулардың мұратын таратушы деп тауып, оның негізгі құрамы Гурьев (қазіргі Атырау) қаласына ауыстырылды. Осылайша өткен ғасырдың басында халқымыздың рухани өмірінде өзіндік ізі қалған, ұлтазаттық қозғалыстың тарихындағы ерекше орны бар – Алаш мұратын сахна төрінде дәріптеуші, таратушы қазақ театры сұм саясаттың құрбаны болып кете барды.
Қаламызда Тәуелсіздігіміздің белгісіндей болып ашылған С.Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театрының ұжымы өңірімізде ерекше құбылыс болған алғашқы қазақ театрының тарихын, жазықсыз жазаланған әріптестерінің есімдерін жария етіп, сауапты іске кіріседі деген үміттеміз.
“Сегіз қырлы сері” деп академик Сәбит Мұқанов баға берген Игібайдың әншілік өнері туралы жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың қызы Алтын “Өнердің жаққан шырағын” деген мақаласында: “Игібай атамыздың өнерін сөз еткелі отырғанымның тағы бір себебі – мен бұл кісіні бала кезімнен көріп, әнін естіп өскенмін. Көрші “Қоскөл” ауылы біздің “Ортақкөл” ауылынан үш шақырым жерде орналасқан. Осы ауылда Игібай ақын тұратын. Ол кісі біздің ауылға жиі келетін. Әсіресе әкем жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевпен екеуінің достығы ерекше еді. Біздің үйге Игібай келді десе, ауыл адамдары жиналып қалатын. Қоңыр домбырасымен ойлы әуендерді тарта отырып, ән бастайды. Қыза-қыза Үкілі Ыбырайдың “Қызыл асығына” келіп тоқтайтын. Бұл әнді Игібай мың құбылтып, ерекше сезіммен орындаушы еді”, – дейді.
Автор осы мақаласында “Ел басына ауыр күн туғанда Игібай замандастарымен бірге Ұлы Отан соғысына қатысып, 1944 жылы ауыр жараланып елге оралады. Сол жылдары Қызылжардағы облыстық филармонияда көркемдік жетекші қызметін атқарып, халық өнерін дамытуға күш-жігерін жұмсайды”, – деп жазады. Осы мәліметті облыстық архив қызметкерлері И.Әлібаевтың жеке қорынан табылған, соғыста жараланып, қай госпитальде болғаны туралы құжатпен дәлелдейді.
Сөз басында Игібай Әлібаевты арқа өңіріндегі сал-серілердің дәстүрін жалғастырушы дедік. Жалпы серілік өнердің өкілдері өз халқының қай кезеңінде болсын, көңіл күйін жақсы біліп, оның қуанышы мен қайғысына ортақтасқан. Сол дәстүрге сай Игібай соғыстың ауыр жылдарында қиыншылық пен қайғыдан азап шеккен қандастарының көңілін аз да болса әндерімен жұбату үшін филармонияда қазақ өнерпаздарының труппасын ұйымдастырады. Елді аралап концерт қойған екен. Серілер шыққан өңірде дүниеге келіп, ел еркелерінің асыл қасиеттері бойына қонып, сол киелі өнерді жалғастырушы Игібай Әлібаев өзінің шабыттана шырқайтын әндерімен тыңдаушысының бойына күш-қуат беріп, мұның тарқатып, жүрегіне аз да болсын қуаныш сыйлауды өзінің азаматтық парызы деп білсе керек.
Осы ойымызға дәлел ретінде қазақ әдебитінің алыбы Сәбит Мұқанов өзінің “Өмір мектебі” атты жинағында Игібай Әлібаев туралы: “Жүрген ортасын ән мен жырға бөлеген, кейінгі әншілерге үлгі болған қыз мінезді Игібайды халық мұғалімнен гөрі әншіміз деп шын көңілден құрмет тұтады”, – деген екен.
Осындай халық құрметіне бөленген әнші, жыршы, таза талант иесінің мерейлі мерейтойы қарсаңында облысымыздағы осы ұлы өнерді жалғастырып жүрген әншілеріміз, Ақан сері атындағы филармония қызметкерлері сонау отты жылдары осы ұжымның бастауында болған өнерпаздар туралы мәлімет жинап, Игібай аталарының есімін ел есінде мәңгілік қалдыруға арналған іс-шаралар өткізеді деген ойдамын.
Игібай ақынның 120 жылдық мерейтойын жеңіл-желпі атап өтпей, өлкесіне еңбегі сіңген ардақты азаматты халық жадында жаңғыртуды мақсат етуге тиіспіз. Облыстағы зиялы азаматтар, ол кісінің тәлім-тәрбиесін алған шәкірттері естеліктерімен бөліседі деген үміттемін.
Жангелді ТӘЖИН,
Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.