«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЛ-СЕРІЛЕРДІҢ СОҢҒЫ ТҰЯҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл туған жерін талантымен дү­йім жұртқа мәлім қылған, атақты жер­лесіміз, тума өнер иесі, салсері­лердің соңғы тұяғы Игібай Әлібаевтың туғанына 120 жыл толып отыр. 1921 жылы қазақ жастарының арасынан алғашқылардың бірі болып Петро­павл қаласындағы қазақ педагоги­калық техникумына оқуға түсіп, мұ­ғалім мамандығын алып шығады да, одан кейінгі жылдары облысымыз­дағы біраз ауыл-аудандарда оқыту­шы болып қызмет атқарады. Ол кез­де арнайы мұғалімдік білімі бар ма­мандар тапшы болғандықтан, Игібай сынды білімді адамдарды облысы­мыздың әр түкпіріндегі ашылатын қа­зақ мектептеріне басшы, ұстаз ретін­де қызметке тағайындайтын. Сон­дықтан да болар ол кісіден тәлім-тәр­бие алған шәкірттер әр жерде бар­шылық. Олардың естелік-әңгімелері өзінше бір бөлек әңгіме.

“Ән салу өнері аспанда қазға, жерде тазға қонған” деген сөз Жам­был ауданының Айтуар ауылында көп айтылады. Соған қарағанда ру басы болған аталары Күнтуды бы­лайғы жұрт “Таз” деп атап кетсе ке­рек. Игібай – ән қонған таз руының бел баласы. Жал­пы бұл әулеттің үл­кен­дерінің бәрі өнерден қаражаяу емес. Кей дерек­терде Игібайдың ту­ған әкесі Тәжібай Ұлтарақұлы атақты ән­ші әрі құс салып, ит жүгірткен саят­шы болғаны айтылады.

Игібай атамыздың сан қырлы өне­ріне баға беру үшін академик-жа­­зушы Сәбит Мұқановтың өзінің тетелес інісімен өмірде сыйластық, достық қа­рым-қатынаста болып, “Өмір мекте­бі” трилогиясында оның ақындық, ән­шілік өнерін бүкіл қазақ еліне таныс­тырғанын, құрметтеген­діктен бірнеше мақала жазғанын еске салсақ артық болмас. Сәбең “Сегіз қырлы сері” деген ма­қаласында Игібайдың неге “Әлі­баев” атанғанын айтады. Игі­байды әкесі Тәжібайдың інісі Әлібай асырап алғанына байланысты еке­нін жаза­ды. Жазушы Тәжібай туралы “Биік да­уысты, ән нақышын шебер кел­­тіретін адам, ал шешесі Қани суы­рыпсалма ақын кісі болған”, – дейді. Сондықтан Игібайға әншілік, ақын­дық өнер ата-анасынан дарыған деп ай­туға әбден негіз бар әрі “ән қонған” өл­кеде оның өнерпаз болмауы мүм­кін емес еді. Ал кішкентай кезінен асы­рап алған әкесі Әлібай туралы: “Ол да әнші екен. Бірақ қолы қысқа бол­­ған­­дықтан, қазақ арба, ер, үй ағаш сияқ­­ты бұйымдар жасауды кә­сіп еткен”, – дейді. Әкесіне көмек­тесіп, Игі­бай жаз­ғытұрым қой баға­ды. Жай­лаудағы жасыл дала оның ән айтып, өнерге, әншілікке қадам бас­қан ал­ғаш­қы сах­насы болды. Қыс­та ауыл мол­дасы­нан сабақ алып, хат таниды. Домбы­ра тартып, ән айтып, елдің кө­зі­не түседі. Жұрт арасында алғашын­да “әнші бала”, кейін қисса­ларды жат­қа айтатын “жыршы бала” атанады.

1921 жылы Қызылжарда Қазақ педагогикалық техникумына оқуға түсуіне де жас Игібайдың өнері, білімге құштарлығы себеп болғанға ұқсайды. Өйткені бұл уақытта ол өз елінде ғана емес, алыс-жақын ауыл­дардағы жиын-тойларда әншілігі­мен, әзіл-қалжыңдарымен, өткір сөз­дерімен жұртты ауызына қаратқан өнерпаз болатын. Бұл кезең тек өнер мектебі ғана емес, өмір мектебі еді.

Сол кезеңде болашақ мұғалім­дерді тек кәсіби маман ғана емес, шалғайдағы елді мекендерде жас­тарды өнерге баулитын шығарма­шыл адам есебінде санайтын. Жас ән­шіні қамқорлығына алып, оның кә­сіби тұрғыда өсуіне ықпал еткен сол кездегі белгілі композитор Коцых еді.

Қазақ педогогикалық техникумы өнерлі жастарды тәрбиелеп қана қоймай, қаладағы мәдени-әдеби іс-шараларды ұйымдастырушы ұжым деген атпен атағы алысқа тараған. Сәбит Мұқановтың “Әнші-домбыра­шылардың алдыңғы қатарынан орын алады да, труппа 1925 жылы Мәскеу мен Ленинградқа барып концерт бергенде, Игібай зор абыройға ие болып қайтады”, – дегені бар.

Игібайды көзі көріп, онымен са­парлас болған қариялардың айтуын­ша, бұл жолы техникум труппасы тек концерт қана емес, қазақ халқының салт-дәстүрін бейнелейтін үлкен театрланған көрініс көрсетеді. Игібай өзіне жақын сал-серінің бейнесін сом­даған. Сәбеңнің мақаласында айтыл­­­ған “зор абыройға ие болуы” жас таланттың әншілік өнерді жете мең­ге­ріп қана қоймай, сал-серілердің жарқы­раған, жарқылдаған өнерін сахнада көрсетіп, халықты ауызына қаратып, тәнті қыла білгендігінен болса керек.

Сәбең өзінің тетелес інісі туралы: “Бойында осындай өнері бар Игі­бай­дың театрдың әртісі болып ке­туі­не де толық жағдайы бар. Ол кей­бір кезде солай болуға тырысты да, 1930 жылы Алматыға келіп, қазақ драма театрында бір қыс бойы жап-жақсы рольдерді ойнап жүрді. Оты­зыншы жылдардың орта кезінде, бі­рер жыл Қызылжардың қазақ теат­рында да әртіс болды”, – деп жазған.

Осы кезеңдегі өмірі туралы бел­гілі өнертанушы, жерлесіміз Алтын Иманбаева өзінің зерттеу мақала­сында: “Игібай Әлібаев 1925 жылы Мәскеу мен Петербор қалаларында өт­кен қазақ өнерінің он күндігіне қа­ты­сады. Осы сапарда сахна шебер­лері Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақовпен танысады”, – дейді. Ол кісілер жас жігіттің дарындылығын мойындап, шалқыған әндерін тыңдап, қазақ ака­демиялық драма театрына жұмысқа шақырады. Игібай осы театрда өнер көрсетіп, сахна сырын меңгереді.

Үстіміздегі жылдың 2 қаңтарын­да қалалық “НеделяСК” газетінде “Ги­бель и возрождение казахского теат­ра” (“Историки выяснили, что ка­захский театр в Петропавловске имеет почти вековую историю, но к со­жалению трагичную…”) деген ма­қала көзіме оттай басылды. Мақала авторы Вадим Мударисов облыстық архивтың басшысы Сәуле Мәліко­ваның тілшілерге берген сұхбаты негізінде жазыпты.

Мұрағат директоры Сәуле Зей­нол­лақызының айтуынша, 1918 жы­лы қалада шығатын “Жас азамат” газетінде қазақ театрында Кошке Ке­мең­герұлының үш актілі пьессасы қо­йы­лып, көрерменнен 4409 рубль түс­кенін хабарлайды. Бұл қаржының бір бөлігі облыстағы ашаршылыққа ұшы­рағандарға, қалғаны “Жас аза­мат” га­зетің шығарылуына жұмсал­ға­ны ай­тылыпты. Алғашқы қазақ теат­ры жө­нін­дегі құжаттар тек облыс мұ­ра­ғаты­нан ғана емес, саяси қуғын-сүргін құр­бандарын ақтау жөніндегі арнайы ар­хивтердің қорынан да табылған.

Мысалы, 1934 жылы қазақ теат­рының директоры болып тағайын­далған Кәрім Жабиннің жеке ісінде көп мәлімет келтіріледі. Бұл құжатта Кәрім Жабин – қазақ, Омбы облысы, Марьянов ауданы, Қызыл-Иман ауы­лының тумасы, бастауыш білімі бар екендігі көрсетіледі. Комсомол жас­тар­дың басшысы, басқа да мем­ле­кеттік мекемелерде басшылық қыз­метте болғаны жазылыпты. 1933 жы­лы облыстық білім басқармасында жетім және ата-аналардың қарауын­сыз қалған балалар жөніндегі бас­шы­­­ның орынбасары міндетін атқа­рады. 1934 жылдың қазан айына де­йін сол кездегі Қарағанды облы­сын­да шығатын жастар газеттерінің өкі­летті өкілі болған. Сол жылдың қазан айында Петропавл қаласын­да­ғы қазақ театры ашылғанда К.Жа­биннің біліктілігі мен іскерлігі ескері­ліп, оны директор ретінде тағайын­дайды.

Сарғайған мұрағат құжаттары­нан алғашқы қазақ театрының өнер­паздарының есімдері айқындалады. Қаладағы қазақ теарының репертуа­рында Бейімбет Майлиннің, Мұхтар Әуезовтің “Еңлік-Ке­бек”, “Айман-Шол­пан”, “Жас тілек” ат­ты қойылымдарының болғанын ай­туымыз керек. За­ман талабына сай Фурмановтың “Мятеж”, француз жа­зу­шысы Ги де Мопасанның да туындылары сахна төрінен орын алыпты.

Театр ұжымында К.Жабиннен басқа, режиссер Х.Жаркенов, актер­лер С.Байғожин, Т.Карибаев, К.Ка­малиева, Р.Кожахметов, Д.Жалкай­даров, барлығы 30 актер, пианист, екі режиссер болғанын айтсақ, жас қазақ ұжымының қандай биік шығар­машылық деңгейге көтерілгенінен хабардар боламыз.

Игібай Әлібаевтың осы театрға қатысы туралы “Қысқаша өмір тари­хым” деп өз қолымен жазған өмірде­регіндегі “1935 жылдың тамыз айы­нан 1936 жылдың тамызына дейін Петропавлдың облыстық театрында істедім”, – деген жолдар дәлел бола алады. Қаладағы қазақ театры қан­дастарымыздың рухани болмысы­ның қалыптасуына тікелей әсер етіп, ұлт руханиятының көшбасшысына айналды деуге негіз бар. Бірақ мұндай қазақ өнерінің жанданып, ұлттық дүниетанымның күшіне енгені кеңес үкіметінің саясатына қайшы бола­тын. 1937 жылы 25 қарашада қазақ театрының директоры К.Жабин “ха­лық жауларымен” сыбайлас болғаны үшін 10 жылға сотталып, “итжек­кенге” айдалып кете барды. Дирек­тордың көмекшісі Жәркеновке де осын­дай үкім шығарылса, С.Байғу­жин ату жазасына кесілді.

Облыстық “Ленинское знамя” газеті “Разгромить вражеское гнездо в казахском театре” деген көлемді ма­қаласында К.Жабин мен Байғо­жинді “Алашорда ұстанымдарын насихаттаған контрреволюциялық ұжым құрды, халық жауы”, – деп күйе жаққан екен.

Театр басшыларын жазала­ған­нан кейін ұжымды да кеңес үкіметіне қарсы жаулардың мұратын тарату­шы деп тауып, оның негізгі құрамы Гурьев (қазіргі Атырау) қаласына ауыстырылды. Осылайша өткен ға­сырдың басында халқымыздың ру­ха­ни өмірінде өзін­дік ізі қалған, ұлтазаттық қозғалыс­тың тарихын­да­ғы ерекше орны бар – Алаш мұратын сахна төрінде дәріп­теуші, таратушы қазақ театры сұм саясаттың құрбаны болып кете барды.

Қаламызда Тәуелсіз­ді­гі­міздің бел­гі­­сіндей болып ашылған С.Мұқа­нов атындағы қазақ-сазды драма теат­ры­ның ұжымы өңірімізде ерек­ше құбы­лыс болған алғашқы қазақ театры­ның тарихын, жазықсыз жаза­ланған әріптестерінің есімдерін жа­рия етіп, сауапты іске кіріседі де­ген үміттеміз.

“Сегіз қырлы сері” деп академик Сәбит Мұқанов баға берген Игібай­дың әншілік өнері туралы жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың қызы Алтын “Өнердің жаққан шырағын” де­ген мақаласында: “Игібай атамыз­дың өнерін сөз еткелі отырғанымның тағы бір себебі – мен бұл кісіні бала кезімнен көріп, әнін естіп өскенмін. Көрші “Қоскөл” ауылы біздің “Ортақ­көл” ауылынан үш шақырым жерде орналасқан. Осы ауылда Игібай ақын тұратын. Ол кісі біздің ауылға жиі келетін. Әсіресе әкем жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевпен екеуінің достығы ерекше еді. Біздің үйге Игібай келді десе, ауыл адамдары жиналып қалатын. Қоңыр домбыра­сымен ойлы әуендерді тарта оты­рып, ән бастайды. Қыза-қыза Үкілі Ыбы­райдың “Қызыл асығына” келіп тоқ­тайтын. Бұл әнді Игібай мың құ­был­тып, ерекше сезіммен орын­дау­шы еді”, – дейді.

Автор осы мақаласында “Ел ба­сына ауыр күн туғанда Игібай заман­дастарымен бірге Ұлы Отан соғысы­на қатысып, 1944 жылы ауыр жара­ла­нып елге оралады. Сол жылдары Қызылжардағы облыстық филармо­нияда көркемдік жетекші қызметін атқарып, халық өнерін дамытуға күш-жігерін жұмсайды”, – деп жаза­ды. Осы мәліметті облыстық архив қызметкерлері И.Әлібаевтың жеке қорынан табылған, соғыста жарала­нып, қай госпитальде болғаны тура­лы құжатпен дәлелдейді.

Сөз басында Игібай Әлібаевты арқа өңі­ріндегі сал-серілердің дәс­тү­рін жал­ғастырушы дедік. Жалпы се­рі­лік өнер­дің өкілдері өз халқының қай кезеңінде болсын, көңіл күйін жақ­сы біліп, оның қуанышы мен қайғы­сына ортақтасқан. Сол дәстүрге сай Игібай соғыстың ауыр жылдарында қиыншылық пен қайғыдан азап шек­кен қандастарының көңілін аз да бол­са әндерімен жұбату үшін фи­лар­монияда қазақ өнерпаздарының труп­пасын ұйымдастырады. Елді ара­лап концерт қойған екен. Серілер шыққан өңірде дүниеге келіп, ел еркелерінің асыл қасиеттері бойына қонып, сол киелі өнерді жал­ғастыру­шы Игібай Әлібаев өзінің шабыт­тана шырқайтын әндерімен тыңдау­шы­сы­ның бойына күш-қуат беріп, мұның тарқатып, жүрегіне аз да бол­сын қуаныш сыйлауды өзінің аза­маттық парызы деп білсе керек.

Осы ойымызға дәлел ретінде қазақ әдебитінің алыбы Сәбит Мұқа­нов өзінің “Өмір мектебі” атты жина­ғында Игібай Әлібаев туралы: “Жүр­ген ортасын ән мен жырға бөлеген, кейінгі әншілерге үлгі болған қыз мінезді Игібайды халық мұғалімнен гөрі әншіміз деп шын көңілден құрмет тұтады”, – деген екен.

Осындай халық құрметіне бөлен­ген әнші, жыршы, таза талант иесінің ме­рейлі мерейтойы қарсаңында об­лысымыздағы осы ұлы өнерді жал­ғас­тырып жүрген әншілеріміз, Ақан сері атындағы филармония қызмет­кер­лері сонау отты жылдары осы ұжым­ның бастауында болған өнер­паздар туралы мәлімет жинап, Игі­бай аталарының есімін ел есінде мәңгілік қалдыруға арналған іс-шаралар өткізеді деген ойдамын.

Игібай ақынның 120 жылдық мерейтойын жеңіл-желпі атап өтпей, өлкесіне еңбегі сіңген ардақты аза­матты халық жадында жаңғыртуды мақ­сат етуге тиіспіз. Облыстағы зия­лы азаматтар, ол кісінің тәлім-тәр­биесін алған шәкірттері естеліктері­мен бөліседі деген үміттемін.

Жангелді ТӘЖИН,

Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp