Диас Аяған
Қойнауы қазынаға толы қызырлы Қызылжардың қай бұрышын алып қарамайық, олардың қазаққа алтын бесік болған құтты қоныс екенін аңғарамыз. Ырыс-несібесі артып, төсінде малы төлдеп, қамбасында астығы тасыған осындай өңірдің әр ауданының терең тарихы, тұғырлы тұлғалары, тамаша табиғаты бар. Әр тасы өткеннен сыр шертіп жатқан осындай өңір жайлы жыр жазбаған ақын, толғанбаған қаламгер кем де кем шығар. Ақын Марфуға Айтқожина Қызылжар жайлы жазған өлеңдерінің бірінде:
Соғар тынбай солтүстіктің самалы,
Серуендетіп, серпілдіріп даланы.
Көк шыршалар жағалауда мүлгиді,
Көрген талай көне менен жаңаны, – деп тебіренеді.
Мәңгі жасыл шыршалар мен тербелген ақ қайыңдар әлі талай ұрпақтың сырласына айналары сөзсіз. Тынбай соққан солтүстіктің самалы маңдайынан ескен өскелең ұл-қызымыз да аз емес. Алайда кейінгі буын өкілдерінің осы асылымыздың бәрін тани алып, тереңге бойлап жүргендері сирек. Жыл сайын облысымызға білім алу үшін өзге өңірлерден жүздеген жас ағылады. Оларға да өлкемізді таныту жұмысы кемшін. Сондықтан да теріскейге тамыр жая алмаған түлектер басқа жақта еңбек етуге асық. Ал бұл мамандардың басқа аймақтарда емес, өзіміздің аудан-ауылдарға ауадай қажет екендігі айтпасақ та түсінікті ғой.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде шалғайдан келген білім алушыларға өңірімізді танытып, қызығушылықтарын ояту мақсатында “Туған жерім – тұғырым” атты кеш ұйымдастырылды. Бұл кештің өзге шаралардан ерекшелігі облысымызда туған жастар басқа жақтардан келген білім алушыларға Қызылжардың аудан, ауылдары жайлы баяндап, тұмса табиғатымен таныстырды. Студенттер өздеріне бекітілген аудандар бойынша презентациялар мен бейнероликтер дайындап, баяндама оқыды. Шара барысында Қызылжар ауданының құнарлы даласы, Есіл ауданының ерен ерлері, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Тоқсан би бастаған тұлғалары, Жамбыл ауданының жайнаған табиғаты, Шал ақын ауданының шоқтығы биік азаматтары, Аққайың ауданының үлгілі елді мекендері, Айыртау ауданының арудай келбеті мен Мағжан Жұмабаев ауданының бүгінгі бет-бейнесі жайлы сөз болды. Жастар өңіріміздің белгілі тұлғалары, тарихи орындары, көрікті жерлері, бүгіні мен ертеңі жайлы ой қозғады. Кешке куә болған өзге студенттер болса өздерінің таңданыстарын білдіріп, болашақтарын осы өлкемен байланыстыруға ниетті екендіктерін жеткізді. Шара қонағы Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әншісі Еркебұлан Қаріпов жиналғандарға әннен шашу шашып, кештің көркін қыздырды.
Бұл кешті білім ордасы жанындағы “Абайтану” ғылыми-әдістемелік орталығының ғылыми қызметкері Жазира Көкбастың ұйымдастырғанын айта кеткен жөн.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.