«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰРАҚТЫЛЫҒЫМЫЗДЫҢ ТҰТҚАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ жерін өз Отаны деп санайтын диаспоралар Қазақстанға тағдырдың теперішіне тап болған түрлі кезеңдерде келгені хақ. Солардың бірі – поляк ұлтының өкілдері. Бүгінгі күні олар осынау қасиетті де киелі топыраққа тастай батып, судай сіңіп, қазақ халқымен бірге тату-тәтті өмір сүріп, еңбек етіп жатыр. Біздің ата-бабаларымыздың Ұлы далаға алғаш рет аяқ басуы – сонау ХІІІ ғасырда басталған екен. Яғни Арал маңы арқылы Сырдария мен Іле алқабына тұяқ іліктіріп, содан соң Балқаш көлінің тұсынан өткен поляктар бүгінде тәуелсіз еліміздің ажырамас бір бөлігіне айналды.

Бір шаңырақтың астында 100-ден астам ұлт пен ұлысты татулық­та, бірлікте ұстап отыру оңай емес. Еліміз енді Тәуелсіздік алған тұста, яғни мемлекетіміз үшін ең жауапты ке­зеңде құрылып, бүгінде тұрақты­лық­тың тұтқасына, бірлігіміздің баста­уына айналып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының ел дамуын­дағы маңызы зор. Қа­зақстан халқы облыстық ассамблея­сының қанатының астында 22 қо­ғамдық бірлестік жұмыс істеуде. Этномәдени бірлестіктер бірлік пен татулыққа ұйытқы болуымен қатар, қайырымдылық, медиация, әлеу­мет­тік көмек, ұлттық мерекелерді на­сихаттау секілді бағыттарда белсен­ділік танытуда.

“Коперник” облыстық поляк мә­де­ни орталығы” қоғамдық бірлестігі 1996 жылы 29 қарашада құрылды. Содан бергі уақыт аралығында эт­номәдени бірлестік бағыт-бағдарын айқындап, рухани құндылығымызды дәріптеп қана қоймай, ішкі бірлікті сақтауда ілкімді істерді атқарып келеді.

Поляк этномәдени орталығы жанында маңызды мәселелер бойын­ша шешім қабылдайтын кеңес бар. Ондағы мамандар қазақстандық және әлемдік мәдениеттің бір бөлігі ретінде поляк этносының дәстүрлі рухани және мәдени құндылықта­рын жаңғырту, сақтау, тарату үшін конференциялар, көрмелер, фестивальдар, концерттер өткізеді. Осы уақытқа дейін жүзеге асырылған жобалар көпэтносты қоғамда диалог пен коммуникацияның әртүрлі ны­сандары мен түрлерін дамытуға және жетілдіруге, халықаралық бай­ла­ныстарды, тұрғындар арасын­дағы бейбітшілік пен достықты ны­ғайтуға жәрдемдесті. Кеңес бекіткен жұмыс жоспары этникалық, рухани және пат­риоттық, адамгершілік, әдеп, спорт­тық, ғылыми-зерттеу, өл­кета­ну, әдеби-публицистикалық жә­не ерлік салты сынды бірнеше ба­ғытқа бөлінген.

Мәселен, этникалық бағыт ая­сын­да “Отанымның жарқын келбеті” халықаралық, “Поляк ұлттық киімде­рі: замандас көзқарасы” облыстық көрмесі, поляк фольклорлық биінің өңірлік фестивалі, қазақ тілі білгір­лері байқауы сияқты шаралар ұйым­дастырылды. Бүгінгі таңда өңіріміз­дегі би ансамбльдерінің репертуа­рында поляк билері бар.

1997 жылдан бастап этникалық тегіне қарамастан барлық адамдар үшін поляк тілі мен әдебиетін, Польша та­рихын, поляк халқының әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерін тегін оқи ала­тын сынып жұмыс істейді. Оқытуды Польшадан келген ерікті педагогтар мен қазақстандық ұстаздар кәсіби деңгейде жүргізеді. Орталық­тың қарамағында көркем, ғылыми және оқу-әдістемелік туын­дылар­мен қамтылған фоно және бейне кітап­хана бар. №17 ұлттық жаңғыру мек­теп-кешені жанынан ашылған зерделеу сыныбы поляк тілін, поляк хал­қының мәдениеті мен дәстүрлерін оқытуда жақсы нәтиже­лерге қол жет­кізді. Ондағы оқушы­лар заманауи ақпараттық техноло­гия­ларды қол­данудың арқасында түрлі тақырып­тағы репортаждар мен фильмдерді поляк тілінде көруге, Польшаның мәдени мұрасымен жә­не қазіргі поляк өнерімен танысуға мүмкіндік алды.

Биыл 1 наурыз – Алғыс айту кү­нінде поляктардың жер аударылуы жайын сөз еткен “Қазақ жерінің ыстық құшағы” деген шағын спек­такль қойдық. Жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айтуы орынды. Осы күндері өткізілген концерттік бағ­дарламалар және айтылған алғыс­тар адам бойындағы ең асыл дүние – жасалған жақсылыққа разы болу екенін жадымызда жаңғырт­қандай болды. Бүгінгі таңда біздің мойнымыз­да ата-бабаларымыз көр­ген жақ­сылық пен мейірімді еселеп қайтару міндеті тұрғанын жақсы түсінеміз.

Біз “Менің Қазақстаным, саған махаббатпен!” атты тақырыпта өт­кізген халықаралық кездесуге бүгіні мен болашағын қазақ жерімен бай­ланыстырған азаматтар келді. “Сәлем, Қазақстан!” халықаралық көр­ме – байқауына еліміздің, Польша, Ита­лия, Ресей мемлекеттерінің мек­теп жасына дейінгі балалары қа­тысты. Абай Құнанбаевтың 175 жыл­дығына арналған “Мұның бәрі ол туралы” поэтикалық марафонына қатысушы­лар қатары қалың болды.

Саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында біз спорттық ша­раларды ұйымдастыруды да дәс­түрге айналдырғанбыз. Поляктың атақты педагогы, жазушы, дәрігер Янош Корчакты еске алу мақсатын­да оқушылар арасында еліміздегі Польша Республикасы елшілігінің кубогы үшін футболдан турнир өтті. Бұл тартысқа 44 команда қатысты. Үз­дік атанған 12 команданы елор­дада елшілік өкілдері марапаттады.

Қоғамдық бірлестік жұмысының басым бағыттарының бірі – ғылыми-зерттеу саласы. Әсіресе ХІХ және ХХ ғасырлардың басындағы қазақ-поляк қатынасы терең зерделенуде. Осы арқылы екі ұлттың ортақ тарихи тағдырын насихаттау, дәріптеу көз­деліп отыр. М.Қозыбаев атын­дағы СҚУ-дың тарих, экономика және құқық факультетімен бірлесіп “Адольф Янушкевичтің өмірі мен шы­ғармашылығы” ғылыми-тәжіри­белік конференциясын өткіздік. Оған елі­міздің бірқатар қалаларынан, Ресей мен Польшадан ғалымдар келіп, баян­дама жасады. Сонымен қатар жер­гілікті университет және Есіл ау­данындағы Николаевка орта мекте­бі­мен бірлесіп, жастарды ру­хани-адамгершілік, патриоттық тұр­ғы­да тәрбиелеу мақсатында әдіс­темелік ұсыныс әзірледік. Бұл орай­да қазақ­тың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құ­нан­баев пен поляк филосо­фы, ақын, аудармашы Станислав Ежи Лецтің шығармашылығын на­сихаттауды көз­деп отырмыз.

Ал өлкетану жұмысы аясында поляк этносының қазақ жеріндегі тір­шілігі мен қызметі жайлы мол мағ­лұмат жиналды. Жергілікті газет-жур­налдарға “Поляктар Солтүстік Қа­зақстан облысында. 1936-1956 жыл­дардағы қуғын-сүргін”, “Поляктар Солтүстік Қазақстан облысында. Кар­вов әулетінің тағдыры”, “Солтүс­тік Қазақстан облысындағы Польша еврейлерінің тарихынан”, “Тілдерді үйрену арқылы түрлі мәдениетті түсіну” сынды көптеген материалдар жарияланды.

Солтүстік Қазақстан облыстық “Коперник” поляк мәдени орталығы барлық этномәдени бірлестіктермен ынтымақтастықта жұмыс істеп, Қазақстан халқы Ассамблеясының қо­ғамдық-саяси шараларына белсене қатысуда. Мәселен 31 мамыр – Сая­си қуғын-сүргін және ашаршылық құр­бандарын еске алу күніне арнал­ған “Болашақ үшін естелік” халық­аралық жобасына атсалысты. “Әлем­ді аялаған сөз. Қазақстан эт­ностарының өкілдері Абай тура­лы” республикалық эссе байқауын­да белсенділік танытқан бірлестіктің екі мүшесінің шығармашылық жұмыс­тары беделді басылымдардың біріне басылды.

Заманның аласапыран кезінде тағдырдың жазуымен ұлан-байтақ қазақ жеріне көптеген этнос өкілдері жер аударылды. Бүгінде біз қаны бөлек болғанымен, қазақ халқымен жаны бір, ұлты басқа болғанымен, елімізбен арманы ортақ біртұтас мемлекетке айналдық. Өз басым жа­қындарымның болашағын Қазақстан­сыз елестете алмаймын. Қазақстан – біздің Отанымыз. Әкелеріміз бен аналарымызға, аталарымыз бен әжелерімізге қорған болған қазақ халқына қарыздармыз. Қазақтың кеңпейіл, мейірімді халық екені 1 ма­мыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінде ерекше айшықтала түсетіндей. Біз бұл күнді ерекше тойлаймыз. Мерекелік шараларда қазақтың әр баласын ыстық құшағы­мызға қысып, оларға деген құрметімізді білдіргіміз келеді. Ынтымақ пен бірлікті ту еткен жаңа Қазақ­ста­нымыз жайнай берсін, жасай берсін!

Валентина КОРНЕВА,

“Коперник” облыстық поляк мәдени орталығы” қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp