Мен Уәлиханов ауданының Ақбұлақ ауылында туып-өстім. Ұлтым – украин. Ата-анам, әжем мені қазақ мектебінде оқытты. Мұның себебін сұрағанымда әжем: “Біз қазақ жерінен ешқайда кетпейміз. сенің болашағың осынау киелі өлкемен байланысты. Сондықтан қазақтың тілі мен дәстүрін білгенің абзал”, – деп жауап берген еді.
Оқушы кезімде мәдени шараларға жиі қатысатынмын. Аудандық, облыстық деңгейдегі байқаулардан жүлде алған кездерім аз емес. Мектеп бітірген соң құқық қорғау саласының маманы атануды мақсат тұттым. Бүгінде Петропавл қалалық полиция басқармасы учаскелік полиция инспекторының көмекшісімін. Өзіме артылған міндеттердің барлығын мемлекеттік тілде жүргізуге тырысамын. Біздің негізгі міндетіміз – бөтеннің мүлкін ұрлау, интернет-алаяқтық секілді қылмыстардың алдын алу. Шыны керек көптеген құқық бұзушылықтар ішімдік ішу салдарынан орын алып жатады. Біз шалыс басқан адамдарға заңды сақтаудың маңызды екенін айтудан жалықпаймыз.
Әжем бұрынғы Кеңес одағы ыдырап, оның құрамындағы республикалар тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуға бет бұрған кезеңде көптеген сарапшылар Қазақстан халқының ұлттық құрамының әралуандығын қаперде ұстап, оның болашағына күдікпен қарағанын жиі айтып отыратын. Алайда өмірде олар болжағандай болмады. Біз, керісінше, әралуандығымызды мемлекет мүддесі үшін тиімді пайдалана білдік. Тәуелсіздікке қол жеткізген кейбір республикалар дұрыс жол таба алмай, саяси және экономикалық дағдарыстар салдарынан қауіп-қатер астында өмір сүрген заманда, біз әлем жұртшылығының назарын өзімізге қаратып, жаһандық іс-шараларды өткізуге, миллиардтаған инвестицияларды тартуға, сол арқылы заманауи кешендердің салынуына, көптеген жұмыс орындарының ашылуына қол жеткіздік. Егер елімізде бірлік, саяси тұрақтылық болмағанда, бұл шаралардың бірде-біреуін іске асыру мүмкін емес еді. Демек, қоғам тыныштығын қамтамасыз ететін бірлік пен достық – кез келген мемлекеттің саяси тұрақтылығының, экономикалық дамуының, мәдени гүлденуінің және басқа да жетістіктерінің кепілі.
Біздің ұжымда түрлі этностың өкілдері қызмет атқаруда. Олардың көздеген мүдделері мен мақсаттары – бір. 1-мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін ерекше әзірлікпен атап өтуді құп көреміз. Әлем халқы алмағайып кезеңмен бетпе-бет келіп отырған қазіргі уақытта бұл мерекенің маңызы арта түскендей. Кез келген мәселені татулықтың таразысына салып шешуді жөн көретін қазақ халқына осы жерде көсегесі көгерген барлық этнос өкілдері қарыздар. Мен еліміздің мерейін асқақтатқан бірлікті, ынтымақтан бағыт тапқан қазағымды сүйемін!
Отандастарымды, жерлестерімді татулықтың, ауызбіршіліктің мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Туған жеріміз көркейіп, гүлдене берсін. Бірлігіміз жарасып, береке мен татулықта, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүрейік. Аспанымыз ашық, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай!
Виктория ВЬЮШКИНА,
Петропавл қалалық полиция басқармасы бірінші полиция бөлімі учаскелік полиция инспекторының көмекшісі, полиция лейтенанты.