Өңір басшысы Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында облыстың соңғы үш айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы шығарылды.
Айдарбек Сейпілұлы өз сөзінде өткен аптада Мемлекет басшысы елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өткізіп, негізгі бағыттарды айқындап бергенін атап өтті. Онда экономика мен халық табысының нақты өсімі, инвестиция тарту, инфрақұрылымды дамыту, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздікке айқын басымдық берілді. Қазіргі геосаяси жағдай өте күрделі. Халық жұмыстың нәтижесін қағаз жүзінде емес, іс жүзінде күтеді.
Облыстық экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов әр салаға жеке тоқталып, талдау жасады. Жыл басынан бері 48 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері шығарылып, ет өндірісі – 7,2, сүт – 7,7, жұмыртқа 13,7 пайызға өскен. Кәсіпорындар 138,2 млрд. теңгенің тауарларын өндіріп, өңдеу өнеркәсібі – 25,2, тау-кен өнеркәсібі – 42,1, сумен жабдықтау 17,3 пайызға ұлғайды. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының көлемін 107,4 пайызға арттыру арқылы өсімге қол жеткізілді. Осы мерзім аралығында 63,8 млрд. теңге инвестиция тартылды. 76,1 млрд. теңгенің бөлшек сауда тауарлары сатылды.
Есепті кезеңде 5355 адам екі қолға бір күрек тауып, 2009 жаңа жұмыс орны құрылды. Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық бағдарламасына 4938 адам тартылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жұмыссыздық 4,9 пайызға дейін төмендетілді. Дегенмен, инфляция 3,6 пайызды құрап, азық-түлік тағамдарының бағасы – 4,2, азық-түлік емес тауарлар 3,3, ақылы қызметтер 2,9 пайызға қымбаттады.
Өңір басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамика барын, бірақ тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны төмен екенін, құрылыс маусымы енді ғана басталғанын айта келіп, баяндамашыдан қандай резервтер игерілмей жатқанын сұрады.
“Өңірімізде жайылымдық жерлер жеткілікті, қой шаруашылығын мықтап қолға алуға болады. Көкөніс өсіру мен балық шаруашылығына да назар аударған жөн. Жарты мыңға жуық көлдің 172-сі немесе 34 пайызы ғана жалға берілген. Жұмыртқа, нан, нан-тоқаш, сүт, сондай-ақ сүт пен шұжық өнімдері бойынша да резерв аз емес”, – деп жауап берді Қуанышбек Қалижанов.
Отырыста облыстық қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышканттың есебі тыңдалды. Бірінші тоқсанда аудандық (қалалық) бюджеттер 12 млрд. 655,5 млн. теңгемен толыққан.
Облыс басшысы өңіріміздегі агроқұрылымдардың 60 пайызының мал ұстамайтынын сынға алды. “Көлдерді жалға алушылар балық өсірумен айналыспайды. Орманды пайдаланушылар ағаш екпейді. Суармалы егіншілікке назар аударылмай отыр. Сіз басқарма басшысы ретінде аудан әкімдерімен бірге осы мәселелерді пысықтап, нақты шешім ұсыныңыз. Экономиканы алға жылжытудың жолдары да, бағдарламалары да айқын. Облыстық мәслихат сессиясында барлық аудандар мен Петропавл қаласына қаржы жеткілікті түрде бөлінді. Енді мамыр, маусым айында нақтылау болады. Соған дайын болуымыз керек. Облыс әкімінің орынбасарларына, қала, аудан әкімдеріне, басқарма басшыларына бұл мәселені ұдайы бақылауда ұстауды және жыл қорытындысы бойынша 99 пайыз игеруді қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл бағыттағы жұмысты жеделдету керек”, – деді Айдарбек Сейпілұлы.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері шілде айында талқыланып, жарты жыл ішінде атқарылған жұмыстар қорытындыланады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.