Әскери академияда өңір мектептерінің 10-11 сынып оқушылары арасында жыл сайынғы “QAISAR” әскери-спорттық ойындарының іріктеу кезеңі өтті. Оны ұйымдастыруға “AMANAT” партиясының облыстық филиалы ұйытқы болды.
– Біз әскери-спорттық ойындарды осымен екінші жыл қатарынан өткізіп отырмыз. Биыл оған Петропавл қаласының 14 мектебінен 84 оқушы қатысты. Жастар өздерінің физикалық дайындығын көрсетті. Мұндай шаралар өрендерді саламатты өмір салтын берік ұстануға, шыдамды болуға баулиды, – дейді “Жас сарбаз” облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жанат Жанғазин.
Іріктеу кезеңі барысында оқушылар жүгіруден жарысып, кедергілер арқылы өтті, саптық дайындық дағдыларын көрсетті. “Менің елім – Қазақстан” тақырыбындағы сауалдарға жауап берді.
Жарыс қорытындысы бойынша бас жүлде Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат оқушыларынан құралған командаға бұйырды. Бірінші орынды жалпы білім беретін бірінші IT-лицейдің оқушылары иеленсе, екінші орынды Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясының командасы еншіледі. Үшінші орын Қожаберген жырау атындағы №6 қазақ орта мектебінің командасына берілді.
Іріктеу кезеңінде жеңіске жеткен команда үстіміздегі жылдың 2-7 мамыры аралығында Астана қаласында өтетін әскери-патриоттық ойындардың финалында өңір намысын қорғайтын болады.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.