Осыдан бірнеше жыл бұрын Соколов ауылының маңындағы 2 гектар орман алқабы отқа оранған еді. Енді сол алқапқа қайың көшеттері егіліп, қайтадан қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Қаз-қатар бой түзеген көшеттер табиғаттың ажарын ашып тұрғандай.
Соколов орман шаруашылығының директоры Назар Қапаров қарағай көшеттері өздерінің тұқымбағында өсірілетінін айтты. Мекемеде жалпы аумағы 8 гектар екі тұқымбақ бар. Онда қайың, қарағай тұқымдас ағаштар өсіріледі. Оларды 2 жыл бойы күтіп-баптап өсіргеннен кейін ғана отырғызады. Көшетті көктем мен күз маусымында, әсіресе ағаш бүршік атқанға дейін отырғызып үлгеру керек.
Мұнда алдымен жер жыртылады, сосын жұмсақ топыраққа көшеттер егіледі. Мәселен, бір жолақта 50-60 қарағайдан болса, бір күнде 6 мыңға жуық ағаш отырғызылады. Соколов орман шаруашылығы қызметкерлерінің биылғы жоспары – 400 гектарға ағаш отырғызу. Ал соңғы екі жылдың ішінде 11 миллионға жуық көшет егіліпті.
Бұл шараға М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың түлектері де атсалысыпты. Аталған шаруашылықта өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген Кәмилә Кәрімова – болашақ орманшы. Бұған дейін Қызылжар ауданында өндірістік тәжірибеден өткен екен. Онда да ағаш отырғызудың түрлі тәсілдерін меңгерген. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін таңдаған мамандығы бойынша жұмыс істеуге дайын. Қазір жастардың бұл салаға келуі сиреген. Себебі еңбекақы аз, инфрақұрылым жоқ, баспанамен қамтылмайды.
– Облысымызда 12 орман шаруашылығында 400-ге жуық адам жұмыс істейді. Былтыр жергілікті бюджеттен шаруашылықтарға техника алуға 214 млн. теңге бөлінді. Отырғызылып жатқан көшеттер 120 жылға дейін жайқалып өсіп тұрады. Жалпы 2021 жылы 850 гектар ағаш егілсе, алдағы уақытта одан 8 есеге көп отырғызу жоспарланып отыр. Биыл 4100 гектар алқапқа 21 млн. түп ағаш егіледі, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Василий Лабанчук.
Жалпы өңірімізде 2025 жылға дейін 20 мың гектар жерге 100 миллион түп ағаш отырғызылмақ. Олардың дені – қайың. Осындай еңбекпен өсірілген орманды қорғау – әрбір азаматтың міндеті. Сол себепті мамандар тұрғындардың демалыс уақытында қауіпсіздік шараларын сақтап, орманды ластамауын сұрайды.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.