«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қазағымды сүйемін!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мен Уәлиханов ауданы­ның Ақбұлақ ауылында туып-өстім. Ұлтым – ук­раин. Ата-анам, әжем мені қазақ мектебінде оқытты. Мұның себебін сұрағанымда әжем: “Біз қазақ жерінен еш­қайда кетпейміз. сенің бо­лашағың осынау киелі өлке­мен байланысты. Сондық­тан қазақтың тілі мен дәс­түрін білгенің абзал”, – деп жауап берген еді.

Оқушы кезімде мәдени шара­ларға жиі қатысатынмын. Аудан­дық, облыстық деңгейдегі байқау­лардан жүлде алған кездерім аз емес. Мектеп бітірген соң құқық қор­ғау сала­сының маманы атануды мақ­сат тұттым. Бүгінде Петропавл қала­лық полиция басқармасы учас­­келік полиция инспекторының көмекші­сі­мін. Өзіме артылған мін­деттердің барлығын мемлекеттік тілде жүргі­зуге тырысамын. Біздің негізгі міндетіміз – бөтеннің мүлкін ұрлау, интернет-алаяқтық секілді қылмыс­тардың алдын алу. Шыны керек көп­теген құқық бұзушы­лық­тар ішімдік ішу салдарынан орын алып жата­ды. Біз шалыс басқан адамдарға заңды сақтаудың ма­ңызды екенін айтудан жалықпай­мыз.

Әжем бұрынғы Кеңес одағы ыдырап, оның құрамындағы рес­пуб­ликалар тәуелсіз мемлекет ре­тінде қалыптасуға бет бұрған ке­зеңде көптеген сарапшылар Қазақ­стан халқының ұлттық құрамының әрал­уан­дығын қаперде ұстап, оның бо­ла­шағына күдікпен қараға­нын жиі айтып отыратын. Алайда өмірде олар болжағандай болма­ды. Біз, керісінше, әралуандығы­мыз­ды мем­лекет мүддесі үшін тиім­ді пай­да­лана білдік. Тәуелсіз­дік­ке қол жет­кізген кейбір респуб­ли­калар дұрыс жол таба алмай, саяси және экономикалық дағда­рыс­тар салдарынан қауіп-қатер ас­тында өмір сүрген заманда, біз әлем жұртшы­лығының назарын өзі­мізге қаратып, жаһандық іс-шараларды өткізуге, миллиардтаған ин­вестицияларды тартуға, сол арқы­лы заманауи кешендердің салы­нуы­на, көптеген жұмыс орындары­ның ашылуына қол жеткіздік. Егер елімізде бірлік, саяси тұрақтылық болмағанда, бұл шаралардың бір­де-біреуін іске асыру мүмкін емес еді. Демек, қо­ғам тыныштығын қам­тамасыз ете­тін бірлік пен достық – кез келген мем­лекеттің саяси тұ­рақтылығы­ның, экономикалық да­муының, мә­дени гүлденуінің және басқа да жетістіктерінің кепілі.

Біздің ұжымда түрлі этностың өкілдері қызмет атқаруда. Олардың көздеген мүдделері мен мақсат­тары – бір. 1-мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін ерекше әзірлікпен атап өтуді құп көреміз. Әлем халқы алмағайып кезеңмен бетпе-бет келіп отырған қазіргі уақытта бұл мерекенің ма­ңы­зы арта түскендей. Кез келген мә­селені татулықтың таразысына са­лып шешуді жөн көретін қазақ хал­қына осы жерде көсегесі көгерген барлық этнос өкілдері қарыздар. Мен елі­міздің мерейін асқақтатқан бірлікті, ынтымақтан бағыт тапқан қазағым­ды сүйемін!

Отандастарымды, жерлес­те­рімді татулықтың, ауызбіршіліктің мерекесімен шын жүректен құттық­таймын. Туған жеріміз көркейіп, гүлдене берсін. Бірлігіміз жарасып, береке мен татулықта, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүрейік. Аспа­нымыз ашық, Тәуелсіздігіміз мәң­гілік болғай!

Виктория ВЬЮШКИНА,

Петропавл қалалық полиция басқармасы бірінші полиция бөлімі учаскелік полиция инспекторының көмекшісі, полиция лейтенанты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp