«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қаржы жеткілікті

Өмір Есқали

 u_shalabaeva@mail.ru

Өңір басшысы Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында облыстың соңғы үш айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы шығарылды.

Айдарбек Сейпілұлы өз сөзінде өткен аптада Мемлекет басшысы елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өткізіп, негізгі бағыттарды айқындап бергенін атап өтті. Онда экономика мен халық табысының нақты өсімі, инвестиция тарту, инфрақұрылымды дамыту, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздікке айқын басымдық берілді. Қазіргі геосаяси жағдай өте күрделі. Халық жұмыстың нәтижесін қағаз жүзінде емес, іс жүзінде күтеді.

Облыстық экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов әр салаға жеке тоқталып, талдау жасады. Жыл басынан бері 48 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері шығарылып, ет өндірісі – 7,2, сүт – 7,7, жұмыртқа 13,7 пайызға өскен. Кәсіпорындар 138,2 млрд. теңгенің тауарларын өндіріп, өңдеу өнеркәсібі – 25,2, тау-кен өнеркәсібі – 42,1, сумен жабдықтау 17,3 пайызға ұлғайды. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының көлемін 107,4 пайызға арттыру арқылы өсімге қол жеткізілді. Осы мерзім аралығында 63,8 млрд. теңге инвестиция тартылды. 76,1 млрд. теңгенің бөлшек сауда тауарлары сатылды.

Есепті кезеңде 5355 адам екі қолға бір күрек тауып, 2009 жаңа жұмыс орны құрылды. Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық бағдарла­ма­сына 4938 адам тартылды. Қабыл­данған шаралардың нәтижесінде жұмыссыздық 4,9 пайызға дейін төмендетілді. Дегенмен, инфляция 3,6 пайызды құ­рап, азық-түлік тағамдарының ба­ғасы – 4,2, азық-түлік емес тауарлар 3,3, ақылы қызметтер 2,9 пайызға қымбаттады.

Өңір басшысы облыстың әлеу­меттік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамика барын, бірақ тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны төмен екенін, құрылыс маусымы енді ғана басталғанын айта келіп, баяндама­шыдан қандай резервтер игеріл­мей жатқанын сұрады.

“Өңірімізде жайылымдық жер­лер жеткілікті, қой шаруашылығын мықтап қолға алуға болады. Көкө­ніс өсіру мен балық шаруашылы­ғына да назар аударған жөн. Жарты мыңға жуық көлдің 172-сі немесе 34 пайызы ғана жалға берілген. Жұ­мыртқа, нан, нан-тоқаш, сүт, сон­дай-ақ сүт пен шұжық өнімдері бойынша да резерв аз емес”, – деп жа­уап берді Қуанышбек Қалижанов.

Отырыста облыстық қаржы бас­қармасының басшысы Наталья Дыш­­канттың есебі тыңдалды. Бі­рін­ші тоқсанда ау­дан­дық (қалалық) бюджет­тер 12 млрд. 655,5 млн. теңгемен толыққан.

Облыс басшысы өңіріміздегі агроқұрылымдардың 60 пайызы­ның мал ұстамайтынын сынға алды. “Көл­дерді жалға алушылар ба­лық өсірумен айналыспайды. Орманды пайдаланушылар ағаш ек­­пейді. Суар­малы егіншілікке на­зар аударылмай отыр. Сіз басқар­ма басшы­сы ретінде аудан әкімде­рі­мен бірге осы мәселелерді пы­сық­тап, нақты шешім ұсыныңыз. Эко­номиканы ал­ға жылжытудың жолдары да, бағ­дар­ламалары да айқын. Облыстық мәслихат сессия­сында барлық ау­дандар мен Петро­павл қаласына қар­жы жеткілікті түр­де бөлінді. Енді мамыр, маусым айында нақтылау болады. Соған да­йын болуымыз ке­рек. Облыс әкі­мінің орынбасарла­ры­на, қала, ау­дан әкімдеріне, бас­қарма басшы­ларына бұл мәселені ұдайы бақы­лау­да ұстауды және жыл қорытын­дысы бойынша 99 пайыз игеруді қамтамасыз етуді тап­сырамын. Бұл бағыттағы жұмысты жеделдету ке­рек”, – деді Айдарбек Сейпілұлы.

Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері шілде айында талқыланып, жарты жыл ішін­де атқарылған жұмыстар қоры­тындыланады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp