«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

Жылдық инфляция төмендеді

Өмір Есқали

 u_shalabaeva@mail.ru

Сәуірде тұтыну бағаларының индексі айлық мәнде 0,9 пайызды құ­рап, көрсеткіш наурыз айы деңгейінде сақталды. Индекс құрылымында азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы – 1,3, азық-түлік тауарлары – 0,9, ақылы қызметтер 0,4 пайызға өсті.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар­дың ішінде сәуірде бағаның ең жоғары өсімі дизель отыны (16,1%) мен бен­зин­ге (9,7%) қатысты болды. Наурыз айымен салыстырғанда жуу және таза­лау құралдарының бағасы – 1,4, жеке гигие­на құралдары – 1,1, ыдыс-аяқ – 1, тұр­мыс­тық техника 0,9 пайызға қымбаттады.

Азық-түлік тауарлары арасында жеміс пен көкөніс бағасының едәуір өс­кені байқалады, сәуірде қырыққабат – 4,7, қызанақ – 4,1, жүзім – 3, алма – 2,6, алмұрт – 2,4, күріш – 2,7, салқындатыл­ған сусындар – 2,5, ультрапастерлен­ген сүт – 2,4, салқындатылған балық – 2,2, пастерленген сүт, макарон өнім­дері 2,1 пайызға қымбаттады. Қияр – 11,4, қарақұмық жармасы – 3,7, күнба­ғыс майы 2,6 пайызға арзандады.

Қызмет көрсету саласы бойынша ба­ғалардың өсуі жолаушылар әуе көлігінде орын алды, бір айдың ішінде ұшу қызметі 17,7 пайызға қымбаттады. Бағаның жоғарылауы шаштараз бен сұлулық салондарында (1,5 %), жерлеуге байланысты рәсім жасау (1%), санато­рий қызметтерінде (1,1%), денсаулық сақтау саласында (0,9%) тіркелді.

Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция – Абай және Ұлытау облыстарында (әрқайсысында 1,4%-дан, орташа республикалық деңгейден 0,5 пайызға жоғары), ең төменгісі – Астана қаласында (0,5%).

Өңірлер бойынша азық-түлік тауарлары бағасының ең жоғары өсімі Батыс Қазақстан облысында (1,8%), азық-түлікке жатпайтын тауарлар Алматы об­лысында (3%), ақылы қызметтер Түр­кістан облысында (2,3%) байқалды.

Тұтастай алғанда, жылдық инфля­ция деңгейі қатарынан екінші ай баяулап келеді. 2023 жылғы ақпанда – 21,3, наурызда – 18,1, сәуірде 16,8 пайыз бол­ды. Азық-түлік тауарларының бағасы 17,9, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 18,2, ақылы қызметтер 13,7 пайызға артты.

2022 жылғы сәуірмен салыстыр­ғанда кеңсе тауарлары – 68,5, кір сабын – 59,3, шақпақ қант – 51,7, ыдыс жууға арналған құралдар – 51,6, қияр – 50,9, балалар сабыны – 49,6, күріш – 43,9, кір жуу ұнтағы – 43, дәретхана қағазы 42,7 пайызға қымбаттады. Қырыққабат – 53,4, сәбіз 19,2 пайызға арзандады.

“Инфляция деңгейін сипаттайтын тұ­тыну бағалары индексінің көрсеткіші ай сайын есептеледі. Оны есептеу ке­зінде пайдаланылатын тауарлар мен қызметтер себеті 508 тауар мен қыз­меттен тұрады, оның 160-сы – азық-түлік тауарлары, 243-сы – азық-түлікке жат­пайтын тауарлар, 105-сі – ақылы қызмет­тер. Бағаларды тіркеу барлық облыс орталығында, Астанада және қалалар мен аудан орталықтарында, әр-түрлі меншік нысанындағы сауда және қызмет көрсету кәсіпорындарының іріктемелі желісі бойынша жүргізіледі”, – деді Ұлттық статистика бюросы жанындағы баға департаментінің директоры Қуанышбек Жақыпбекұлы.

2023 жылғы қаңтардан бастап, тұтыну бағаларының индексін есептегенде азық-түлік тауарларының үлесі – 41,8, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 29,6, ақылы қызметтер 28,6 пайызды құрады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp