«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ауаны ластауды азайтқан

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен бри­фингте Петропавл жылу-электр орталығының қоршаған орта­ға тигізіп отырған әсері туралы сөз болды.

Аталмыш орталық өңіріміздегі ауаны ең көп ластайтын кәсіпорын­дардың бірі саналады. Зиянды заттардың 66 пайызы осы нысанға тиесілі. “Севказэнерго” акционерлік қоғамы қоршаған ортаны қорғау басқарма­сының бастығы Николай Максимов кәсіпорынның табиғатқа тигізер зиян­ды әсерін азайту мақсатында қабылданып жатқан шаралар ту­ралы баяндады.

“Шығарындылардың негізгі көзі – станцияның қазандық агрегатта­рында көмір мен мазутты жағу салдарынан пайда болатын түтін. Кәсіпорынның былтыр 50,7 мың тон­на ластаушы заттар шығаруға рұқ­саты болған. Алайда нормативтік кө­лемінің тек 36,1 пайызын ғана пай­даланылды. Ауаға тараған зиянды шығарындылардың көлемін 2021 жылмен салыстырғанда 27,8 пайызға, яғни 25,4 мың тоннадан 18,3 мың тоннаға дейін азайту мүмкін болды”, – деді Николай Мак­симов.

Стратегиялық нысан жылу және электр энергиясын өндіруге 2323,2 мың тонна көмір мен 3,2 мың тонна мазут, ал 2021 жылы 2409,2 мың тонна көмір мен 3,9 мың тонна мазут жұмсаған. Көмірді тұтыну 3,5, мазутты тұтыну 17,9 пайызға төмендеді.

“Қоршаған ортаны қорғау сала­сындағы жұмыстың тиімділігін арттыру үшін “Севказэнерго” акционерлік қоғамы өз жұмысының қоршаған ортаға әсер ету деңгейін төменде­туге және қарамағындағы кәсіп­орындардың экологиялық тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға бағыт­талған іс-шараларды жоспарлайды. Былтыр осы мақсатқа жұмсалған шығындардың жалпы сомасы, күрделі жөндеулерді есепке алмағанда, 1,06 млрд. теңгені құрады. Соның ішінде атмосфералық ауаны қорғау­ға бағытталған ең маңызды табиғат­ты қорғау шаралары: күл ұстағыш қондырғылардың, ауа өткізгіштер­дің, газ өткізгіштердің тозған эле­менттері жөнделді, нақты уақыт режімінде өндірістік экологиялық мо­ниторингтің автоматтандырылған станцияларының жұмыс істеуі қамтамасыз етілді, №2 және №3 күл үйін­дісінің қоршау бөгеті салынды, энергия нысандарын жаңғырту және салу барысында пайда болған қалдықтарды жинау орындары ұйымдастырылды және кәсіпорын­ның санитарлық-қорғаныс аймағы­на үйеңкі мен қарағайдың 1400 кө­шеті отырғызылды”, – деді Николай Максимов.

Кәсіпорынның қоршаған ортаға әсерін барынша азайту мақсатында биыл да бұл жұмыстар жалғасын таппақ.

Облыстық экология департаментінің мәліметінше, өңірдің эколо­гия­лық жағдайын жақсарту мақсатында “Севказэнерго” акционерлік қоғамы 2020-2025 жылдарға арналған Жол картасына енгізілген. Онда атмосфераға ластаушы заттардың эмиссияларын қысқарту жөніндегі іс-шаралар қамтылып отыр.

“2022 жылы жылу-электр орта­лығында №4, 5, 7, 8 ,9, 12 қа­зандық агрегаттарына жөндеу жұ­мыстары жүргізілді, нәтижесінде көмірді тұтыну 22099 тоннаға азайды. Қоршаған ортаға эмиссиялардың төмендеуі 295,3 тоннаны құрады”, – дейді облыстық экология депар­таментінің басшысы Азамат Бекта­сов.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp