Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Петропавл жылу-электр орталығының қоршаған ортаға тигізіп отырған әсері туралы сөз болды.
Аталмыш орталық өңіріміздегі ауаны ең көп ластайтын кәсіпорындардың бірі саналады. Зиянды заттардың 66 пайызы осы нысанға тиесілі. “Севказэнерго” акционерлік қоғамы қоршаған ортаны қорғау басқармасының бастығы Николай Максимов кәсіпорынның табиғатқа тигізер зиянды әсерін азайту мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
“Шығарындылардың негізгі көзі – станцияның қазандық агрегаттарында көмір мен мазутты жағу салдарынан пайда болатын түтін. Кәсіпорынның былтыр 50,7 мың тонна ластаушы заттар шығаруға рұқсаты болған. Алайда нормативтік көлемінің тек 36,1 пайызын ғана пайдаланылды. Ауаға тараған зиянды шығарындылардың көлемін 2021 жылмен салыстырғанда 27,8 пайызға, яғни 25,4 мың тоннадан 18,3 мың тоннаға дейін азайту мүмкін болды”, – деді Николай Максимов.
Стратегиялық нысан жылу және электр энергиясын өндіруге 2323,2 мың тонна көмір мен 3,2 мың тонна мазут, ал 2021 жылы 2409,2 мың тонна көмір мен 3,9 мың тонна мазут жұмсаған. Көмірді тұтыну 3,5, мазутты тұтыну 17,9 пайызға төмендеді.
“Қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстың тиімділігін арттыру үшін “Севказэнерго” акционерлік қоғамы өз жұмысының қоршаған ортаға әсер ету деңгейін төмендетуге және қарамағындағы кәсіпорындардың экологиялық тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған іс-шараларды жоспарлайды. Былтыр осы мақсатқа жұмсалған шығындардың жалпы сомасы, күрделі жөндеулерді есепке алмағанда, 1,06 млрд. теңгені құрады. Соның ішінде атмосфералық ауаны қорғауға бағытталған ең маңызды табиғатты қорғау шаралары: күл ұстағыш қондырғылардың, ауа өткізгіштердің, газ өткізгіштердің тозған элементтері жөнделді, нақты уақыт режімінде өндірістік экологиялық мониторингтің автоматтандырылған станцияларының жұмыс істеуі қамтамасыз етілді, №2 және №3 күл үйіндісінің қоршау бөгеті салынды, энергия нысандарын жаңғырту және салу барысында пайда болған қалдықтарды жинау орындары ұйымдастырылды және кәсіпорынның санитарлық-қорғаныс аймағына үйеңкі мен қарағайдың 1400 көшеті отырғызылды”, – деді Николай Максимов.
Кәсіпорынның қоршаған ортаға әсерін барынша азайту мақсатында биыл да бұл жұмыстар жалғасын таппақ.
Облыстық экология департаментінің мәліметінше, өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында “Севказэнерго” акционерлік қоғамы 2020-2025 жылдарға арналған Жол картасына енгізілген. Онда атмосфераға ластаушы заттардың эмиссияларын қысқарту жөніндегі іс-шаралар қамтылып отыр.
“2022 жылы жылу-электр орталығында №4, 5, 7, 8 ,9, 12 қазандық агрегаттарына жөндеу жұмыстары жүргізілді, нәтижесінде көмірді тұтыну 22099 тоннаға азайды. Қоршаған ортаға эмиссиялардың төмендеуі 295,3 тоннаны құрады”, – дейді облыстық экология департаментінің басшысы Азамат Бектасов.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.