«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕРЕКЕЛІ ЖӘРМЕҢКЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің көп бөлігі өзімізде өндіріледі. Ет, сүт, ұн, май және тағы да басқа өнімдермен облыс тұрғындарын ғана емес, еліміздің өзге қалаларын да қамтамасыз етіп отырмыз. Сенбі күні сапасы жоғары, экологиялық таза өнімдерді делдалсыз, арзан бағаға өткізу мақсатында кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, өндірушілерден тікелей жеткізілген өнім толық сатылды.

Облыс орталығында жәрмеңке өткізу дәстүрге айналыған. Ұйымдастырушы – облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы. Жәрмеңке арқылы “бірнеше қоянды бір оқпен атып алуға” болады. Біріншіден, солтүстікқазақстандық тауар өндірушілердің өнімдері насихатталып, сатуға көмек көрсетіледі, екіншіден, қала тұрғындары арзан, сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етіледі, үшіншіден, кез келген жәрмеңке өнерпаздардың қатысуымен мерекелік думанға айналады.

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері Петропавл қаласында апта сайын өткізілетіні белгілі. Облыс орталығының базарларында әр ауданның тауар өндірушілеріне орын беріліп, өнімдерін сатуға мүмкіндік жасалған. Ал кең ауқымдағы жәрмеңке биылдыққа екінші рет ұйымдастырылып отыр. Біріншісі наурыз айының басында Мағжан Жұмабаев көшесінің бойында болса, екіншісі “Жас өркен” шағынауданындағы спорт сарайының жанындағы алаңда өтті. Бұл жерде 29 шатыр құрылып, жүк көліктері қатар түзеді. Жәрмеңкенің өту барысын облыс әкімі Айдарбек Сапаров арнайы қадағалап қайтты.

– Өңіріміздің іргелі агроқұрылымдары мұндай жәрмеңкелерден қалыс қалған емес. Бұл жолы облыстың жеті ауданы мен Петропавл қаласындағы 70 тауарөндіруші өнімдерін сатты. Барлығы 100 тоннадан астам азық-түлік саудаға шығарылды. Бұл жерде басымдық әлеуметтік маңызы зор азық-түліктерге берілген. Бәрі ортақ бағаны ұстанды, яғни тауарлар нарықтағы құнынан 20-30 пайызға арзанға сатылды. Өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі – басты назарымызда. Мәселен, былтырғыға қарағанда қарақұмықты үш есеге, картопты екі есеге артық егу жоспарланған, – деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңді­баев.

Тұтынушылар ет сатылған сөре жанына көптеп жиналды. Бұл күні жылқы етінің килограмы – 2700 теңге, ірі қара еті – 1950-2300 теңге аралығында, қой еті 1950-2400 теңгеден сатылды. Айыртау ауданындағы Үкілі Ыбырай ауылынан келген “Әміржанов” шаруа қожалығы екі ірі қара мен екі жылқы және төрт қой сойып әкелген екен. Жәрмеңке соңына дейін бәрін сатып үлгерді.

– Бұл – өзіміз өсіріп отырған малдың еттері. Жылқы, ірі қара, қой ұстаймыз. Арагідік қалаға келіп, жәрмеңкелерге қатысамыз. Жалпы осындай жәрмеңкелерге келіп жүргенімізге жиырма жылдай болып қалды. Жыл басынан бері, бүгінгіні қосқанда, жеті жылқы саттық, сонша ірі қара мен қойдың етін өткіздік. Арзанырақ сатамыз, бірақ одан табысымыз ортайған емес, – дейді кәсіпкер Г. Әміржанова.

“Ерке құс” тауар белгісімен саудаға шығарылған құс еті де лезде сатылып кетті. Бұл өнім Аққайың ауданының Аралағаш ауылындағы “Солтүстік бройлер” құс фабрикасы” ЖШС-ға тиесілі. Құс еті екі сағаттың ішінде таусылып қалды. Тауықтың сан еті – 1280, қанаты 1400 теңгеден сатылды. Басқа мүшелері де нарықтағы бағадан 30 пайызға арзан болды.

– Мен жәрмеңкеге бал сатып алу­ға келдім. Мұнда еш қоспасыз, са­палы азық-түлік сатылады. Дүкенде бал қымбат. Жәрмеңкеде бір ки­лограмы 2000 теңгеден сатылды, арзан әрі таза. Бал­дың денсаулыққа пайдасы мол. Сол­түстік омарташыларына алғысым шек­сіз – дейді қала тұрғыны Анар Смайылова.

“Агрофирма Виноградовка” ЖШС бес килограмдық қаптағы ұнды – жоғары сұрыптысын 1025, бі­рінші сұрыптысын 950 теңгеге саудалады. Ал “Фирма Алекри” ЖШС жұмыртқаның он данасын 200-400 теңгеден өткізді. Бұл қала дүкенде­ріндегі бағадан 30-40 пайызға тө­мен. Тұтынушылар “Шедевр” сұйық майының бір литрін 670 теңгеден сатып алды. Сондай-ақ қаймақтың литрі – 1850, ірімшік – 950, сарымай – 3800, қымыз – 1100, картоп – 100, орамжапырақ – 85, пияз 105 тең­геден саудаланды. Жаңа ауланған балық әкелгендер де болды. Оның да бағасы нарықтағыдан 20-30 пайызға төмен.

Қала тұрғындары арзан бағаға ет, сүт, көкөніс, балық, бал, шұжық өнімдері, ұн мен жарма, макарон және кондитерлік өнімдер, құс еті мен жұмыртқа сатып алып, көңілдері бір жайланып қалды.

Жәрмеңкеге келгендер жергілікті өнерпаздардың қой­ған шағын концертін тамашалады. Өнер көрсеткендердің ішінде өңірі­мізге танымал әншілер де, жаңадан сахнаға шығып жүрген жастар да болды. Нұрсұлу Ахметжанова, Алма Банных, Любовь Зорина, Ілияс Қадырбайдың, “Самғау” және “Іңкәр” топ­тарының өнерін көрермен ерекше ықыласпен қабыл алды.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp