ҚАРЫЗДЫ ҚАЙТАРУҒА АСЫҚ!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірлік коммуникациялар қызметінде “Мерзімі өткен берешекті реттеу механизмі. Жеке тұлғалардың банкрот­тығы” тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Қаржы нары­ғын реттеу және дамыту агенттігі Петропавл қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының басшысы Алма Дауренбекова мен Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Гүлнар Қадырбекова борышкерлерге қандай көмек көрсеті­ле­тіндігі туралы айтып берді.

Соңғы жылдары қаржы мәселе­сін шешу үшін несие алушылар көбейіп кетті. Банк немесе қаржы ұйымдарына қарыз адамдар саны артқан. Бо­рыш­керлер несиесін төлей алмай, қаржы орталықтарының қыспағына түсіп жатады. Несие беруші тарап­тың қарызды қайтарып алу үшін түрлі әрекетке баратыны белгілі. Олар төлемге қабілетсіз қарыз алушының жеке шотына да қол сала алады. Сон­дай-ақ берешекті сотқа дейін өндіріп алуға және мәселені шешу үшін коллекторлық агенттікке жүгі­нуге құқылы.

Қаржы нарығын реттеу және да­мыту агенттігінің мәліметінше, 2023 жылдың алғашқы екі айында банк­тер­мен және шағын қаржы ұйымда­рымен жасалған несиеге қатысты шарт­тың талаптарын өзгерту үшін 94 мыңнан астам қарыз алушыдан өтініш түскен. Оның 62 мыңға жуығының қарызы қайта рәсімделіпті. Ал 2022 жылы түскен 709 мың өтініштің 528 мыңы қанағаттанды­рылған. Өтініш иесі міндетті түрде өзінің қаржылық жағдайының нашарлығын дәлелдеп, кірісінің азды­ғын немесе мүлдем жоқтығын растайтын құ­жаттар ұсынуы керек. Талап етілген құжаттар берілмесе, қарыз алушының өтініші қараусыз қалады.

“Мерзімі өткен берешекті өтеу шараларын неғұрлым ертерек ой­ластырсаңыз, қарызды өтеудің қолайлы жолы тез табылады”, – деді Алма Дауренбекова.

Солтүстік Қазақстан облысы бо­йынша мемлекеттік кірістер депар­та­менті берешекпен жұмыс басқар­масының басшысы Гүлнар Қадырбе­кова үстіміздегі жылдың 3 науры­зы­нан бастап азаматтардан бан­кроттыққа өтініштер қабылданып жатқанын айтты. Ел аумағында 47,7 мыңнан астам борышкер өтініш біл­дірген. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша бүгінге дейін 630 өтініш түскен. Оның 91-і қабыл­данып, 427 өтініш кері қайтарылған, ал 112 өтініш қаралуда. Борышқа бат­қандардың басым бөлігі – петро­павлдықтар, аудандардың ішінде қызылжарлықтар көш бастап тұр. Өтініштер “eGov.kz” арқылы және “E-salyq azamat” мобильді қосымшасы арқылы қабылданады.

“Қазақстан Республикасы аза­маттарының төлем қабілеттілігін қал­пына келтіру және банкроттық ту­ралы” заңнама талаптарына сәйкес, мемлекеттік кіріс органдары қандай борышкердің өтінішіне құ­лақ­ асатынын тарқатып айтсақ, банк­тер, микроқаржы ұйымдары немесе коллекторлық агенттіктер ал­дындағы борыш 5,5 млн. теңгеден (1600 АЕК) аспайтындар, қарызын кем дегенде 12 ай бойы төлей ал­май жүргендер, мүлкі жоқтар, қа­рыз­дары заңды түрде рәсімделгендер қатыса алады. Қарыздар 15 жұмыс күні ішінде дерекқорларды салыс­тыру жолымен тексеріліп, автоматты режімде жүргізіледі.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp