Өңірлік коммуникациялар қызметінде “Мерзімі өткен берешекті реттеу механизмі. Жеке тұлғалардың банкроттығы” тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Петропавл қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының басшысы Алма Дауренбекова мен Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Гүлнар Қадырбекова борышкерлерге қандай көмек көрсетілетіндігі туралы айтып берді.
Соңғы жылдары қаржы мәселесін шешу үшін несие алушылар көбейіп кетті. Банк немесе қаржы ұйымдарына қарыз адамдар саны артқан. Борышкерлер несиесін төлей алмай, қаржы орталықтарының қыспағына түсіп жатады. Несие беруші тараптың қарызды қайтарып алу үшін түрлі әрекетке баратыны белгілі. Олар төлемге қабілетсіз қарыз алушының жеке шотына да қол сала алады. Сондай-ақ берешекті сотқа дейін өндіріп алуға және мәселені шешу үшін коллекторлық агенттікке жүгінуге құқылы.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2023 жылдың алғашқы екі айында банктермен және шағын қаржы ұйымдарымен жасалған несиеге қатысты шарттың талаптарын өзгерту үшін 94 мыңнан астам қарыз алушыдан өтініш түскен. Оның 62 мыңға жуығының қарызы қайта рәсімделіпті. Ал 2022 жылы түскен 709 мың өтініштің 528 мыңы қанағаттандырылған. Өтініш иесі міндетті түрде өзінің қаржылық жағдайының нашарлығын дәлелдеп, кірісінің аздығын немесе мүлдем жоқтығын растайтын құжаттар ұсынуы керек. Талап етілген құжаттар берілмесе, қарыз алушының өтініші қараусыз қалады.
“Мерзімі өткен берешекті өтеу шараларын неғұрлым ертерек ойластырсаңыз, қарызды өтеудің қолайлы жолы тез табылады”, – деді Алма Дауренбекова.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Гүлнар Қадырбекова үстіміздегі жылдың 3 наурызынан бастап азаматтардан банкроттыққа өтініштер қабылданып жатқанын айтты. Ел аумағында 47,7 мыңнан астам борышкер өтініш білдірген. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша бүгінге дейін 630 өтініш түскен. Оның 91-і қабылданып, 427 өтініш кері қайтарылған, ал 112 өтініш қаралуда. Борышқа батқандардың басым бөлігі – петропавлдықтар, аудандардың ішінде қызылжарлықтар көш бастап тұр. Өтініштер “eGov.kz” арқылы және “E-salyq azamat” мобильді қосымшасы арқылы қабылданады.
“Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы” заңнама талаптарына сәйкес, мемлекеттік кіріс органдары қандай борышкердің өтінішіне құлақ асатынын тарқатып айтсақ, банктер, микроқаржы ұйымдары немесе коллекторлық агенттіктер алдындағы борыш 5,5 млн. теңгеден (1600 АЕК) аспайтындар, қарызын кем дегенде 12 ай бойы төлей алмай жүргендер, мүлкі жоқтар, қарыздары заңды түрде рәсімделгендер қатыса алады. Қарыздар 15 жұмыс күні ішінде дерекқорларды салыстыру жолымен тексеріліп, автоматты режімде жүргізіледі.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.