«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАУАПСЫЗ МЕРДІГЕР — ЖҰМЫСҚА ТЕЖЕУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров облыстық және қалалық мәслихат депутаттарымен бірге Петропавлдағы құрылыс алаңдарын аралап, салынып жатқан көпқабатты үйлерге инженерлік желі тарту және абаттандыру жұмыстарының барысын тексерді.

Порфирьев және Горький көшелерінде бой көтерген үйлердің жай-күйін көрген өңір басшысы аулаларға ойын алаңдарын орнату, жаяу жүргіншілер жолдарын төсеуді жеделдету керектігіне назар аударды.

Порфирьев көшесі, 60 мекен-жайында орналасқан 72 пәтерлі үй 2021 жылдың қазан айында тұрғызылған болатын. Алайда республикалық бюджет есебінен салынған баспана әлі халық игілігіне тапсырылмаған. Басты себеп – құрылыс компаниясының инженерлік желілерді тарту жұмыстарына жүрдім-бардым қарауы.

– Үйдің құрылысына бір компания, инженерлік-коммуникациялық желілерді тартуға өзге мердігер жауапты. Ал абаттандыру жұмыстарын мүлдем басқа фирма атқарады. Бір-бірлеріңізді күтіп жүрсіздер. Салдарынан жұмыс уақтылы аяқталмай жатыр. Біреуі бір істі тындырып жатқанда, екіншісі өзге шаруаны атқаруы қажет, – деді облыс әкімі.

Горький көшесіндегі үйлерге инженерлік-коммуникациялық желілерді тарту жұмыстары да аяқталмаған.

“Жас өркен” шағынауданында салынып жатқан көпбейінді емхананың құрылысына “Альфа-Север” ЖШС жауапты. Бұл емдеу мекемесі халық игілігіне өткен жылдың жазында тапсырылуы тиіс болатын. “Тапсыру мерзімін кешіктірген компания күн-түн демей жұмыс істеуі қажет. Әлі аумағы да абаттандырылған жоқ. Үш ауысыммен жұмыс істесеңіз, барлығын үлгеруге болады”, – деген Айдарбек Сапаров әлеуметтік нысан құрылысын маусым айының ортасына дейін аяқтауды тапсырды.

Халық қалаулысы Евгений Кинцель тұрғындар саны күн сайын көбейіп келе жатқан шағынауданға шұғыл түрде емхана қажеттігін жеткізді.

– Бізге жерлестеріміз тарапынан құрылысқа қатысты сұрақтар көп түседі. Тұрғындардың басым бөлігі нысандардың сапасына шағымданса, кей адамдар олардың пайдалануға берілетін мерзімінің кешеуілдеп жатқанына алаңдайды. Мердігер өзінің абыройына дақ түсірмес үшін жауапкершілік танытып, істі бекітілген мерзімде аяқтайды деп ойлаймын,– дейді ол.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp