«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Атамның әңгімесі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мен соғыстың қасіретін тарих­тан, түрлі фильмдерден және атам­ның әңгімесінен ғана білемін. Көз алдыма соғысты елестеткен кезде жаным түр­шігеді. Күннің көзін тұмшалаған қара түтін, зеңбіректер ойқастаған жердің төсі, қан-жоса болған адамдар­ды ойлаған кезде сұм соғыс­ енді қайталанбаса екен деп тілеймін. Біздің ауылдан аттанғандардың ішінде май­дан даласында қалғандары да, аман елге оралғандары да болды. Соны­мен қатар жеңіске жету үшін жауынгерлерді азық-түлік, қару-жарақпен қамтамасыз ету үшін аянбай еңбек еткендер аз емес. Солардың бірі – менің атам Уаш Тілеуімбетов.

Ұлы Отан соғысы басталған кез­де атам тоғыз жасар бала екен. Қос­танай облысы, Ленин ауданы, За­падный ауылында дүниеге келген. Заманның қиындығынан балалық шақтың қызығын көрмей, ерте есейген.

– Западный ауылы кішігірім кең­шар болатын. Сұрапыл соғыс бас­талғанда ауылда бас көтерер ер-азамат қалмады. Кемпір-шал, қыз-ке­ліншек, буыны қатпаған балалар жұмыстан қашпадық, аянбай еңбек еттік. Мен де атқа, арбаға жегілген өгізге отырып, шаруашылықтың бар­лық жұмысына араластым. Жер жыр­ту, алқаптағы дәнді жинау істерін үлкендермен қатар атқардық. Өнімнің, азық-түліктің дені майданға жіберіледі. Әжелеріміз тоқыған кеу­деше, қолғап-шұлықтарды да өзіміз кимей, жауынгерлерге жібереміз. Біздің мақсатымыз біреу ғана – жау­ды жеңу. Сол арманымыз орындалып, соғыс та аяқталды, – дейді атам.

Соғыс аяқталған кезде атам он үште еді. Ата-анасынан ерте айы­рылған ол жетім балалар үйіне бар­ғысы келмей, Солтүстік Қазақстан облысындағы туыстарына келеді. Жамбыл ауданына қарасты Ақбалық ауылында ауылнай боп қызмет ат­қарып жүрген Нұрғожа деген ағайыны бауырына басады. Атам өз қолы өз ауызына жеткенше, жетім­діктің тауқыметін көп тартты. Соғыстан кейінгі жылдар да кімге болсын оңай тиген жоқ. Туыстың боса­ғасында жүріп, оларға да ауыртпа­лық түсірмеуді ойлаған он алты жа­сар атам Алматы облысы, Ұйғыр ау­даны, Кетмен ауылына барып, жұ­мыс істеген. Жиырма жасында әс­керге шақырылып, 1952-55 жылдар аралығында әскери борышын Беларусь елінде өтеп, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, бір­неше медальды төсіне тағып келген. Елге оралған соң, Ақбалыққа орнығады. Көрші Жаңажол ауылынан Зықан әжемізді тауып, қосылады. Екеуі үш қыз бен екі ұлға бақытты өмір сый­лады.

Атам кеңшарда қырық жыл қызмет істеген. Еңбегі елеусіз қалмай “Халық шаруашылығындағы еңбегі үшін” медалімен, Алғыс хат­тармен марапатталған. Заманында кеңшардың дамуына, Ақбалық ауылының гүлденуіне үлесін қосқан жан.

Атамның аузынан “Өмір – тау­сылмайтын күрес” дегенді жиі ести­мін. Өмірдің талай соқпақтарынан сүрінбей өтіп, қиындықтарға мойымай жетіліп, ұрпақ тәрбиелеп, бүгінде солардың қызығын көріп отыр. Атам “Ел-жұрт аман болсын!”, “Тату-тәтті болыңдар!”, “Біреудің ала жібін аттамаңдар!” дегенді жиі айтады.

Біздің отбасымыз үшін 9 мамыр – ерекше күн. Әулетіміз жиналып, атамды құттықтаймыз. Атам бала болса да Жеңіске жету үшін маңдай терін төкті. Сондағы соғыс ызғарынан көп қиындық көрді. Бұл күні атам көзіне жас алса, біз ол мұңның астарында не жатқанын жақсы білеміз.

Бүгінде Ұлы Отан соғысының ар­дагерлері аз қалды. Тыл еңбек­керлерінің де қатары сиреп барады. Бірақ ерлердің есімдері ұрпақ үшін ұмытылмайды. Жеңіс күні ауыл ор­тасындағы ескерткішке барып, гүл-шоқтарын қою дәстүрі әлі жалғасып келеді. Сол ескерткіштерге жазылған азаматтардың есімін оқи отырып, оларға бүгінгі бейбіт өміріміз үшін алғысымызды айтамыз.

Берік УАШ,

“Парасат” мектеп-лицейінің оқушысы.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp