«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ерте есейткен уақыт

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Айтарым көп сияқты көрінгені­мен, жасым 90-нан асқаннан кейін бе, біразы көрген түстей жадымда көмескілене бастапты. Бұғанамыз қатпай жатып еңбекке араластық, ерте есей­дік. Неміс басқыншылары тұт­қиылдан соғыс ашып, ел басына ауыр күн туғанда мектеп оқушысы едік. Тұлымшағымыз желбіреп, құ­лынтайдай асыр салып ойнаудың орнына үлкендермен бірге ұжымшардың жұмысына жегілдік. Таң атқаннан қас қарайғанға шейін белі­міз жазылмайтын. Өгіз жетектеп, су тасыдық, егін егіп, астық бастырып, масақ тердік. Мал азығын дайындап, шөп маяладық. Осылайша балалық бал кезеңнің не екенін білмей өстік. Ер-азаматтар соғыста, ауылда қал­ғандар – кемпір-шал, біз сияқты бала-шаға ғана. Егіс алқабынан қатты шаршап келсек те, түн ауғанша ұйықтамаймыз. Ата­ла­рымыздың, әжелеріміздің қиссала­рын, ертегілерін тыңдайтынбыз. Орны үңірейіп қалған әкелеріміздің, ағаларымыздың қылықтарын айты­сып, аман-есен оралуын тілеп, қалай ұйықтап кеткенімізді сезбейтін­біз. Біразға дейін жұртта қалған жан­дай үйренісе алмай жүрдік. Бірақ “Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!” деген ұран жігеріміз­ді жанып, қиындық атаулыны ұмыт­тырып жіберетін. Майдан даласынан жазылған үшбұрыш хаттарды та­ласа-тармаса дауыстап оқимыз. “Қара қағаз” келсе, көз жасымыз төгілетін. Қолғап, шұлық тоқып, сәлемдеме жолдаймыз.

Ол кездің адамдарының мықты­лығы, тектілігі, анау-мынауға жаси қой­майтын тегеурінді қайсарлығы мен жігерлігі мені әлі күнге дейін таң­ғалдырады. Бәйни, Мәруәр, Әкіжан, Бикамал, Күләндам, Сағила сияқты келіншектер кез келген жұмысты жа­пырып жіберетін. 4-5 кісіден бөлініп, өзара жарысқа түсетін. Біләл, Құлатай, Сейфолла, Мүлік бас-көз болып жүретін. Бәйни апайдың кей қылығы есіме түссе, күліп те аламын. Ешкім­нен тайынбайтындығының арқасында басқарма мүшесі болып та сайланды. Мәриям мен Дина қой бағып, қозы жамыратты. Ауылда екі Күлән болды. “Жуан Кү­лән” қойма маңайында жүрсе, “жіңішке Күлән” ассумен айналысты. Күләндам мен Бикамал – өңірдегі әйелдер арасында тұңғыш тракторшылар әрі коммунистер болатын. Жиналыс сайын мақтау еститін. Кейін олардың қатарына Зарбап пен Ендіғой қосылды. Ол уақытта әйел түгіл еркектің өзі техникаға жолай қоймайтын еді ғой.

Меңсұлу, Мақпуза, Нағима, Мәжікен – бәріміз құралыптаспыз. Малайсарыда тігілген қосты Сұраған деген атай күзететін, сонда қона жа­тып жұмыс істедік. Оның кемпірі Үміт тамақ әзірлейді. Озат еңбеккерді “интеллигент” дейтін. Осы саптан кө­ріндік. Нағима екеумізге Мағауия аға талдың қабығын бояп, етік тігіп бе­ретін. Біләл Рамазанов, Құлатай Та­танов, Сейфолла деген татар жама­ғайын қапты белдеріне байлап, егістікке қолмен бидай шашады.

“Шелек көтере аласыңдар ма? Айтпақшы, жастарың нешеде?” – деп бригадир Омар Ауғанов бізге мүсіркей, аяй қарайтын. “Көтере ала­мыз. Жасымыз 13-те”, – деп тақ-тұқ етіп жауап береміз. “Олай болса, ана шалдар өгізге мініп, сендер шелек­пен тұқым әперіп тұрасыңдар. Мойын­дарыңа асып алған қапқа екі шелектен артық салмаңдар”, – деп, не атқаратынымызды тәптіштеп түсіндіре­тін. Бізді қойшы, әбден көндік-кенбіз, болдырған өгізді жүргізе алмай ит әуреге түсеміз. Бағымызға қарай, 1944 жылы астық бітік шығып, еңбе­гіміз жанып, қатты қуандық. Масақты лобогрейкамен құлатып, өгізге жегілген 5-6 қатар етіп қайыңнан жа­салған сүйреткімен мая етіп үйеміз.

Құрбыларымыздың бірі тұрмыс­қа шығып, бірі үйде отырып қалса, біз 1947 жылға дейін тынбастан маң­дай терімізді төктік. Осы жағы еске­рілген болу керек, КСРО Жоғарғы Ке­ңесі төралқасының шешімімен “Ең­бектегі ерен еңбегі үшін” медалімен ауылдан Нұрғали, Бораш, Нағима төр­теуіміз марапатталдық. Медаль алғанымыз әлі күнгідей есімде. Қа­зіргі Есіл ауданының орталығы Яв­ленка кенті жанындағы қалың ағаш ортасында үлкен жиын өтті. Оған бізді арбаға жегілген пар атпен көшіріміз Еркін деген кісі апарды. Неге шақырғанын ешкім жөнді біл­мейді. Ауылдан ұзап шыққанымызға мәзбіз. Жиналыс біткен соң еңбек озаттарының аттарын атап, бір-бірлеп шақырып, наградтау баста­лып кетті. Бір кезде “Сәкенова Нағима, Хамзина Қымбат қайда?”– деген дауысты естідік. Ағаш түбінде қуыр­шақ ойнап отыр едік, жүгіре жөнел­дік. Дүйім жұрттың алдына шығуға ұялып барамыз. Бір жағынан, сен­бей тұрмыз. Не керек, өңіміз түгіл түсімізге енбеген мемлекеттік ме­дальді кеудеге тағып, мәре-сәре болдық. Қуанышымызда шек жоқ. Бір-бір шұлық пен сия қалам қосып берді.

Қиын-қыстау кезеңде сырттан кел­ген жетім-жесірлерді қанатының астына алып, бір үзім нанды бөліп бер­ген ақылды аталарымыз бен әжелеріміздің қамқорлығын ұмыту мүмкін емес. Бірқатарын өз қолда­рымен үйлендіріп, ұзатып, еншісін беріп, жеке отау етіп шығарды. Со­ғыс жылдары барар жері, басар тауы болмаған Ефим деген жігіт Ақтасты паналады. Орысты бірінші көруім. Қай­дан келгенін білмеймін, әйтеуір, көп жыл ұсталық құрды. Шаруақор, өз ісіне тиянақты еді. Көзі жұмылғаннан кейін кейбіреулер мұсылман зи­ратына жерлеуге қарсылық білдірсе керек. Сонда Кәкім молла: “Ол мұсылман болмаса да, Алла тағала адам баласын бірдей етіп жаратқан, бір-бірі­нен айырмасы жоқ”, – деп шеткерілеу жерге қоюға рұқсат берген.

Есім атамыздың түсі суық, көзі өткір болғандықтан, шешелеріміз ба­лаларға көзі тиеді деп аулақ жүретін. Әйелі Кәмәли қайтыс болып, Явлен­ка жақтан Мәриям деген орыс келін­шегін алып келді. Бір ауыз қазақша білмейтін ол кейін абысындарын сөз­ден, дәстүрден жаңылыстыратын болды. Соғыс кезінде тұрақтап қалғандардың бірі – өзіміздің Иван Гер­ман. “Өзіміз” деп отырғаным – қатар­ласпыз, әзіліміз де, әңгімеміз де жа­расатын. Иван шешесі Наталья екеуі қуғын-сүргінге ұшыраған туыс­тарынан ажырап қалып, бастары ауған жаққа қаңғып жүре берген. Ақыры Ақтасқа тап болған. Алғашқыда Бі­ләл мен Бәтеннің үйінде тұрды. Со­сын ауылдағылар кезекпе-кезек қон­дырып, тамақтандырып, туыстарын­дай күтті. Кәттай мен Шура (шын аты Зылиха) – Хадиша деп атап кеткен орыс әйелінің қыздары. Бірінші күйеуі – қазақ, қайтыс болған. Екі қыз­ды жетектеген оны Кәкім молла үйіне түстендіріп, алдарына жылы-жұмсағын тосып, киіндірген. Сөйтсе, Жаңалық ауылынан шығып, жол бойы қайыр сұрап, аш-жалаңаш жет­кен беті екен. Оларға асарлап, ескі моншаны жөндеп, үй тұрғызып бер­ді. Жеңіл-желпі жұмысқа орналас­тырды. Хадишаны Өмеке деген кісіге қосты. Менің жолдасым Жәмет және басқалары Иванға “Сен Кәттайды ал, одан артық жар таппайсың”, – деп құлағына құя берген соң “Сендердікі жөн, айтқандарыңа құлдық”, – деп көне кеткен. Содан Кәттай Иванға қа­зақы салтпен ұзатылды. Қанша айтқанмен, зады неміс қой, Краснояр жақтан үй бұзып әкеліп, құтты шаңыраққа айналдырды. Шешесі Натальяны, қарындасы Лиданы қолда­рына алды. Валера, Юра, Саша, Надя деген ұл-қыз сүйді. Бәрі де қа­зақша мектеп бітірді. Иван да ұс­талықты өмірбақи кәсіп етті. Қолы­нана келмейтін ісі болмайтын. Ауыл­ға көкөніс егуді үйретті. Мақалдап, мәтелдеп сөйлейтін. Гармонды құйқылжыта тартатын. Надясы “тек қазақ жігітіне тұрмысқа шығамын” деген мұратына жетті. Иванның ше­ше­сі Наталья да мұсылман зиратында мәңгілік дамылдап жатыр.

Замандастарымның қай-қайсы­сын алсақ та, биязы мінезі самал желдей есіп, иманы жүзінен төгіліп тұратын. Еңбектің жампозы еді-ау шетінен! Оларды ойласам, жүрегім езіледі. Ұлттық салт-дәстүріміздің, әдет-ғұрпымыздың қаймағы бұзыл­маған біздің заман өзгеше еді. Сүт­тей ұйыған, ынтымақты бір қауым ел едік. Осы күнге жеткеніме шүкіршілік етемін. Қазіргі жастарға берер батам сол, Тәуелсіздігіміздің көк байрағын түсірмеңдер, желбірете беріңдер. Еліміздің іргесі берік болсын, шаңы­рағы шайқалмасын!

Қымбат КӘКІМКЕЛІНІ,

тыл еңбеккері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp