«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨРЕРМЕНІН БАУРАҒАН ҚОҢЫР ДАУЫС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Даласына ән қонған киелі Қы­зыл­жарда Сегіз сері, Ақан сері, Орынбай, Үкілі Ыбырайлардан бас­тау алған ән дәстүрі бүгін де үзілмей жалғасып келеді. Төл өнеріміздің көшін алға сүйреп жүрген жастардың қатарында Ғалымжан Нұрпейісов те бар. Талай тектіні құндақтаған Есіл ауданында туып-өскен өнерпаз бү­гінде Ақан сері атындағы облыстық филармонияда еңбек етіп, көрер­менді қоңыр дауысымен қуантып жүр. Жуырда әнші тыңдармандары­на “Қоңыр дауыс” атты жеке кон­цертін ұсынды.

Шара жергілікті театр актерлері дайындаған ауылдағы жастар өмірін еске салатын көрініспен басталып, ортаға көрермен қошеметімен кеш иесі шықты. Ел алдында домбы­расын тартып, бірден әнге басқан өнерпазды тыңдарман ұйып тыңдап, ықыласын аямады. Мәңгілік махаббат оқиғасынан сыр шертер “Аягөз ару” әні жиналғандарды ерекше әсерге бөлеп, көңілдерін толқытты.

Ғалымжан Нұрпейісов шара бары­сында өзінің өзгеше қырын танытып, сырнаймен де сызылтып ән салды. Кеш иесінің Еркежан Мұрат­ханмен дуэт болып шырқаған “Есіңе мені алғайсың” туындысы да жоғары бағаға ие болды. Одан әрі Ғалымжан Нұрпейісов пен ұстазы Қайырлы Ға­фуров Мағжан Жұмабаевтың сөзіне жазылған “Жұлдызды жүзік, айды алқа қып берейін” әнін айтты.

Шараға филармония ұжымы бір кісідей атсалысып, өнер иесінің ме­рейін асырды. “Ту­ған жер”, “Әдемі-ау” би топтары, “Әл­қисса” фольклорлық ансамблі, Жа­нат Айтбаев, Біржан Есжан, Еркебұлан Қарыпов сынды дәстүрлі әнші­лер, күйші Бәйімбет Құбайдолла өз өнерлерімен кешті әрледі.

– Өнердің жолы жеңіл емес. Дәстүрлі әнші атану үшін өнерпазға да­рынды болу жеткіліксіз. Ол үшін көп іздену керек. Осы жолда тер төккен марғасқалардың ғұмырдарияларына, артына қалдырған мұраларына терең бойлаудың маңызы зор. Бұл күнді бірнеше жылдан бері күттім. Сахнаға, елдің алдына жарқырап шығуыма әріптестерім көп қолдау көрсетті, – дейді Ғалымжан Нұрпейі­сов.

Концерт соңында өнерпаздар “Сал дәурен” әнін шырқады. Кеш иесі ұстазы Жанат Айтбаевқа құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты. Сә­бит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының дирек­торы Біржан Жалғасбаев пен фи­лармония басшысы Ботагөз Ақмағамбетова сөз алып, әншіге игі тілектерін жеткізді.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp