Таңдаулары — әскери сала

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ерлі-зайыптының бір салада ең­бек етіп жүргенін естіп, қызыға қа­рай­тын сәттеріміз аз емес. Сондай жарасымды жұптардың бірі – Досым мен Айнұр Қабылбеков­тер. Бүгінгі таңда олар Петро­павл­дағы Ұлттық ұлан академия­сында жұмыс істейді. Досым Қабыл­беков аға оқытушы болса, зайыбы Айнұр оқу-әдістемелік орталықта еңбек етеді. Он тоғыз жыл бұрын танысып, шаңырақ құр­ған бұл жұп қазір бақытты отбасы­ның біріне айналған. Мамандығы бо­йынша химия және биология пәнінің мұғалімі Айнұр тұрмысқа шыққан­нан ке­йін Қарулы Күштер саласына ауы­сады. Он бес жылдан бері жұ­байы­мен бірге әскери са­ланың қы­зы­ғы мен шыжығын қатар көріп жүр.

Досым – көпбалалы отбасында өскен, үйдегі он баланың бірі. Бала кез­ден бергі арманы – елінің қор­ғаны болу. Бастапқыда тұрмыстық жағ­дайға байланысты өзге салаға бет бұрса да, көңіл түкпірінде бала күнгі арманы тыныштық бермепті.

– Ол кезде адамдардың таным-түсінігі, өмірге деген көзқарасы басқаша болатын. Ауылда өскен біз сияқты жігіттер ақша мен мансаптан гөрі адамгершілікті бірінші орынға қоятынбыз. “Арым – жанымның са­дағасы” дейтін өр мінезді, қайтпас қай­сар жігіттер көп еді. Отан ал­дындағы әскери борышын өтемеу ұят саналатын. Қазір, керісінше, ама­лын тауып, бармай қалуға ты­рысады. Бұл – жалпы қоғамның, одан қалды ата-ананың намысына сын. Біздің кезімізде әр бозбаланың бойында Отанға деген сүйіспеншілік үстем еді, – дейді подполковник До­сым Қабылбеков.

Әскери салада жұмыс істеу үшін қатаң тәртіпке бағынып қана қоймай, физикалық және моральдық дайын­дығы, өмірге деген көзқарасы мықты болуы керек. Осы талап деңгейінен көріне білген Досым Бекболатұлы 1995 жылы Қарулы Күштер қатары­на шақырыл­ып, содан бері 27 жыл бойы ел мен жердің тыныштығы үшін адал еңбек етіп келеді.

Осы уақыт ішінде 5572, 6654 әс­кери бөлімдерінде, “Оңтүстік” өңір­лік қолбасшылығының радиация­лық, химиялық және биологиялық қорғаныс қызметінің бастығы қыз­ме­тінде абыройлы еңбек еткен. Үйре­ну­ден, білімін толықтырудан жалық­пай­тын Досым Қабылбеков Ресей­дің Кострома қаласындағы Кеңес одағының маршалы С.Тимошенко атындағы қорғаныс академия­сы­ның магистратурасын тамамдай­ды. Осы­дан кейін ұстаздық етудің ұлағатты жолы басталып, Ұлттық ұлан акаде­миясында жалпы әскери тактика пәнінен сабақ береді.

Ендігі ойы – артынан ерген жас­тарға осы күнге дейін жинаған тәжі­рибесін үйретіп, дұрыс жолға салу, балаларын да елжанды, отансүйгіш етіп тәрбиелеу. Бүгінде зайыбы еке­уі ынтымағы жарасқан жұптар­дың бі­ріне айналып, екі ұл, бір қыз тәр­бие­леп отыр. Қоғамда осындай қара­пайым әрі қызметіне адал жан­дар көп болса, болашағымыз нұрлана түсер еді.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp