«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Түйінді мәселелер көп

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі кеңесінің отырысында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер бал өнімін өткізуге, жер телімдеріне, субсидиялауға, жөн-жосықсыз тексерулерге қатысты қиындықтарды талқылады. Оған облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев қатысты.

Басқосуда кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Марат Ысқақов палата жанынан құрылған 6 салалық кеңестің белсенді жұмыс істеп жатқанын, түйінді жайттар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп шешілетінін жеткізді.

Облыстық омарташылар қауымдастығының төрағасы Олег Гаврилов өңірде жұмыс істейтін 300-ге жуық омарташы өнімді көп жинағанымен, нарық аясы тар екенін айтты. Ол тығырықтан шығудың бір жолы ретінде омарташылар өз өнімдерін сата алатындай жеке жәрмеңкелер, бал фестивальдерін ұйымдастыру керек деген ұсыныс жасады. Сондай-ақ қауымдастық Ивановкада экотуризмді дамытуды жоспарлап отыр. Алайда пионер лагерінің жерін ресімдеуге жергілікті билік тарапынан қолдау жоқ.

Ауылдық округтерде жоғары әлеуетке ие шаруашылық басшылары жекелеген құрылтайшылардың серіктестік құрамынан шығуы үшін неше түрлі әдіс-тәсілдерге баратынын жасырмады. Көп жағдайда үшінші тарап жоғары дивиденд төлейміз деген желеумен құрғақ уәделерді үйіп-төгетін көрінеді. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның “Ақселеу” ЖШС осындай қиындыққа тап болған.

– Біз 15 мың гектардан астам алқапта дәнді, майлы, бұршақ, жемшөп дақылдарын өсіреміз. Мал шаруашылығы жақсы дамып келеді. Ковыльное елді мекенінде инфрақұрылымдар қалыпты жұмыс істеп тұр. Тұрғындардың тұрмысын жақсартуға барлық жағдай жасалған. “Бір әттегенайы”, серіктестік құрамынан өз жер учаскелерімен шыққысы келетін құрылтайшылар бар. Мұндай қадам жұмысшылар мен тұрғындарға жеңілдіктер жасауға, әлеуметтік салаларға басымдық беруге елеулі нұқсан келтіреді. Сондықтан серіктестік құрамынан шығуға ниет білдірген құрылтайшылар жер телімдерімен емес, ақшалай сыйақымен шығуы керек деген ұсыныс айтқым келеді. Сонда шаруашылықты сақтап қаламыз, – дейді тәжірибелі диқан Серік Малаев.

Кәсіпкер мұны азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіретін әрекет ретінде бағалайды. Осындай бөлінушілік салдарынан өткен ғасырдың 90-шы жылдары ауылдардың жартысынан астамы тарап кеткенін еске салды. Жиында айтылғандай, бұл мәселе Ауыл шаруашылығы министрлігінің бақылауына алыныпты. Жер кодексінің 170-бабына сәйкес, 2005 жылдың 1 қаңтарына дейін барлық шартты жер үлестері жарғылық капиталға салым ретінде ресімделуі немесе берілуі керек деп жазылған. Яғни халық іс жүзінде өз таңдауын жасады. Шаруа қожалықтарын құрды, заңды тұлға ретінде жеке шаруашылық субъектілерінің жарғылық қорына кірді. Содан бергі уақыт аралығында шаруашылықтар жерді өңдеуге көп қаражат жұмсады. Енді жекелеген құрылтайшылар басқа серіктестік құрамына қосылмақшы. Бұл серіктестіктер жерлерді банктерге кепілге береді де, міндеттемелерді орындамайды, нәтижесінде құрылтайшылар жарғылық капиталдағы үлестерін жоғалтады. Ел бойынша түйінді мәселені республикалық мүдделі ведомстволар да талқылап жатыр. Бүгінде жарғылық капиталда үлесі бар тұлғаның құрылтайшылық құрамнан шығу құқығы Азаматтық және Жер кодекстері арқылы реттеледі. Ұсыныс-пікірлер салалық министрлікке жолданыпты.

“Qoldau.kz” платформасын алмастырған “Gosagro.kz” жаңа жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан субсидия рәсімдеу былтыр басты проблемаға айналса, биыл да кешеуілдеуде.

– Өткен жылы ауданда қаражаттың жеткіліксіздігінен 60 млн. теңге мөлшерінде субсидия ала алмадық. Өйткені, өтінім беріп үлгермедік. Биыл осы мәселе тағы туындап отыр. Ақпан айынан бері өтініш беру мүмкін емес. Жаңа жүйенің қашан қалыпты жұмыс істейтіні белгісіз, – деді алаңдаушылығын білдірген “Новомихайловское – 2003” ЖШС-ның директоры Вячеслав Щеголев.

Мемлекеттік орган өкілдері 25 сәуірден бастап субсидиялау қағидаттарына өзгерістер енгізілгенін, осыған орай күту парағы заңнамалық тұрғыдан бекітілгенін жеткізді. Бұдан былай қаржының жеткіліксіздігіне қарамастан барлық өтініштер күту парағына түсетін болады. 2023 жылы егістік алқаптар мен агрохимиялық карталарды цифрландыру талап етілмейді. 2022 жылы сатып алынған тұқымды, пестицидтерді, минералдық тыңайтқыштарды субсидиялауға өтініш 1 желтоқсанға дейін қабылданады.

Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp