«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАМҚОРЛЫҚ ҚҰШАҒЫНДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Адамзат баласына ауыр қасірет шектірген сұм соғыстың тигізген зардабын ақын Сырбай Мәуленов: “Қанша үйдің ұрлап адамын, қанша үйде сөніп қалды оттар”, – деп өрілетін өлеңінің екі жолына сыйғызған ғой. Қанды зұлматтың жүректерге жазыл­мас жара салған зардабына ой жүгірткен сайын осы жылы жетпіс сегізінші рет қарсы алып отырған Жеңіс күнінің адамзат тарихындағы маңызын барынша терең түсінетіндейміз.

Өмірдің өз заңы бар деп өзімізді жұбатсақ та Отан үшін от кешкен май­дангерлеріміздің қатары сиреп бара жатқаны жанға батады. Бүгінгі күні облысымызда көзі тірі жеті соғыс ардагері қалыпты. Олардың алтауы облыс орталығында тұрып жатыр.

Майдангерлердің әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешуге атсалысу, аға ұрпақтың, батыр ба­баларымыздың өшпес ерлік рухын жастардың бойына дарыту – облысы­мыздың ардагерлер ұйымдары жүр­гізіп отырған сан қырлы жұмыстың басты бағыты. Өскелең ұрпаққа отан­шылдық тәрбие беруде, әсіресе облыс орталығындағы мектеп ұжымдарымен және жоғары құры­лыс-экономикалық колледжінің ұс­таздарымен, Қазақстан Республика­сы Ұлттық ұлан академиясымен бір­лесе жүргізген жұмыс жемісті болып отыр. Тәуелсіз елімізде 7 мамырдың Отан қорғаушы күні болып жария­лануының өзі жас ұрпаққа отаншыл­дық рух беретін тың серпін болды дер едім.

Аққайың, Есіл, Мағжан Жұма­баев, Тайынша, Шал ақын, Мамлют аудандарының ардагерлер ұйымда­ры өскелең ұрпаққа отаншылдық тәрбие беруде жергілікті мектептер­дегі қоғамдық мұражайларға арқа сүйейді. Аталмыш аудандардың осы бағыттағы жұмыс тәжірибесі республикалық ардагерлер ұйымының Орталық кеңесі тарапынан жо­ғары бағалануы – біз үшін мақтаныш.

Бүгінгі күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып, облыстық ардагерлер кеңесі соғыс ардагерлері мен өңіріміздегі төрт мыңнан аса тыл ең­беккеріне қолдау көрсетудің тиімді жолдарын іздестіруде. Мысалы, өткен жылы Жеңіс күні қарсаңында Айыртау аудандық ардагерлер кеңесінің бастамасымен өткізілген қайырымдылық сенбілігінен түскен 2,9 миллион теңге соғыс ардагерле­рі және тыл еңбеккерлеріне арнап мәдени шаралар өткізуге, оларға тұрмыстық көмек көрсетуге, аудан­дағы ескерткіштерді жөндеуге жұм­салды. Бір қуаныштысы, мұндай игі істерден жергілікті шаруа қожалық­та­ры да қалыс қалмайды. Сондай-ақ облыс орталығындағы жастар ұйымының белсенділерімен, мемлекеттік мекемелермен майдангерлер мен тыл еңбеккерле­ріне әлеуметтік қолдау көрсету үшін тізе қоса жұмыс істеудеміз.

Бұл орайда 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуіне орай облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған еріктілер тобының жұмы­сын ерекше айтқым келеді. Респуб­ликалық “Samruk-Kazyna Trust” қорының демеушілігімен жыл сайын өткізілетін “Жеңіс” әлеуметтік жобасына қатысып келе жатқан облыстық ардагерлер ұйымының еріктілері мереке қарсаңында соғыс ардагер­лері мен тыл еңбеккерлерін үйлеріне барып құттықтап, сый-сияпат ұсынуды, оларға арнап ойын-сауық ұйымдастырып, көңілдерін көтеруді игі дәстүрге айналдырған. Біздің еріктілер қозғалысы­ның іс-тәжірибесі өткен жылы Павлодар қаласында өткен халықаралық байқауда жоғары бағаланып, арнайы жүлдеге лайық деп танылды.

Қазіргі уақыт ағымы замана тала­бына сай жұмыс түрлері мен мазмұнын жетілдіре түсуді қажет етіп отыр. Жастар санасына қатты әсер ететін компьютерлік технология, ға­ламторлық шексіз кеңістік жағдайында өскелең ұрпаққа халқымыздың жауынгерлік дәстүріне, ұлттық құндылықтарымызға сай тәрбие беру үшін жаңашылдыққа жол ашып, ұтымды жолдарды іздестіру қажет. Осыны ескере отырып, біз облыстық ардагерлер кеңесінің алқалы отырыстарында жастарды әскерге баруға психологиялық тұрғыдан дайын­дау, идеологиялық шыңдау мәселе­лерін жан-жақты ақылдасып, жұмыс бағыттарын айқындаған бо­латынбыз. Соның негізінде 2025 жылы аталып өтілетін Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік шаралардың жоспарын белгілеп қойдық. Мереке аясында келесі жылы “Отты жылдар әндері” атты кең көлемді өнер байқауын өткізбек­піз. Бұл шараға жастар ұжымдарымен қатар ардагерлердің көркем-өнер топтары да қатыстырылады. Жалпы өткен жылдардағы жұмыс тәжірибесі көрсетіп отырғандай, аға ұрпақ өкілдерінің жастармен бірлесе өткізетін шараларының тәрбиелік әсері зор. Ұрпақтар сабақтастығы да осындай тиімді жолмен жалғасын табатынына сенімдіміз.

Ескендір ЕЛЕУСІЗОВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

(Сурет мұрағаттан алынды).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp