«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАСИЕТТІ ПАРЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еліміздің әлеуетін айқындайтын басты факторлардың бірі – Қарулы Күштердің қуаты мен қорғаныстың беріктігі. Әсіресе қазіргідей әлемдік сын-қатерлер уақытында аталған салаға баса мән беру маңызды. Мұның бәрі ерекше міндеттер жүктейді. Кейінгі буын білімді, озық ойлы, шығармашыл болуымен қатар Отанын сүйетін патриот ретінде де көрінуі керек. Осы орайда оқу орындарындағы тәрбие жұмысы мен танымдық сабақтардың алар орны ерекше.

Жастайынан өр рух пен елге де­ген сүйіспеншілікті бойларына сіңіріп өс­кен ұл-қыздар күні ертең мемлеке­тіміздің іргесін берік етер ұландарға айналары анық. Бұл ретте өңірдегі жалғыз жоғары оқу орны М.Қозы­баев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде атқарылып жатқан іс аз емес. Оқу орнының қабырға­сын­да жиі өтіп тұратын патриоттық тақырыптағы “дөңгелек үстел” оты­рыстары, кештер мен кездесулер­ден бөлек, университет жанында әс­кери кафедра жұмыс істейді.

Кафедра ел Үкіметінің бұйрығы­мен 1998 жылы құрылды. Сол жыл­дың 1 қыркүегінен бастап Қорғаныс, Білім, Мәдениет және Денсаулық сақтау министрліктері бірлескен ко­миссиясының шешімімен алғашқы студенттер қабылдана бастады. Биыл әскери білім ордасының ашыл­ғанына 25 жыл толып отыр. Осы мерзім ішінде орын алған өзге­рістер, бағындырған белестер аз емес.

Тәуелсіздіктің елең-алаң шағын­да университет жұмысын бір жолға қою оңай болған жоқ. Соған қара­мастан оқу орнының аумағы кеңейіп, қаладағы бос қалған ғимараттар студенттер игілігіне беріле бастады. Қаржының жетіспеушілігінен қала бюджетіне қол жайып отырған ба­лабақшаларды да университет бас­шылығы барлық қиындықтар мен қағазбастылықты айналып өтіп, қа­рамағына алады. Бұл ғимараттар­дың бірі оқытушылардың тұрғын үйіне, бірі емдеу мекемесіне, оқу кор­пустарына айналып жатты. Ал бұ­рынғы №3 балабақша ғимаратының қабырғасында әскери кафедра ашу ешкім күтпеген шешім еді. Кафедра­ны ашудан бөлек, оған лицензия алу, қажетті құралдарды жеткізу, сабақ беретін мамандар табу да дағдарыс уақытында оңай емесі белгілі. Соған қарамастан ел уни­верситеттерінің ішінде алғашқылар­дың бірі болып біздің өңірімізде сту­денттерге әс­кери білім беріле бас­тады. Ол кезде мұндай оқу орын­дары саусақпен санарлық, маман­дар аз, сұраныс та бүгінгідей жоғары емес. Десе де кафедра алғашқы студенттер легін қабылдап, аз уа­қытта өз жұмысын бастап кетті. Бү­гінде мұның бәрі университет тари­хындағы ең елеулі оқиғалардың бірі саналады. Мұнда оқыған алғашқы түлектер оқуын аяқ­тай сала еліміз­дің күштік құрылым­дарынан шақыр­ту алып, бүгінде аталған салада жемісті еңбек етіп жүр. Осы орайда әр жылдары ка­федраға басшылық етіп, оның өр­кен­деуіне үлесін қосқан полков­никтер Тахир Мухамадеев, Жалиль Шакиров, Совет Альжапа­ров сынды азаматтардың да еңбек­терін атап өткен жөн.

Әскери кафедра бүгінге дейін 3113 офицер мен 331 сержантты даярлап шығар­ды. Өткен жылы 127 студент офицер және 75 студент сер­жант шеніне ие болды. Қа­зіргі уақыт­та мұнда 98 жас шеберлік­терін шың­дап жүр. Олар “Жалпы­әскери бөлім­шелерді, бөлімдер мен құрамалар­ды жауынгерлік қолдану”, “Темір жол, су және әуе көлігімен әс­кери қаты­настарды, әскери тасы­мал­дарды ұйымдастыру” салалары бойынша білім алуда. Мұндағы әр білім алушы оқу кестесіне сай әс­кери даярлықтан өтуге аптаның бір күнін арнайды. Оларға білікті 5 оқы­тушы тәлім береді. Оқыту­шыла­ры­мыздың біреуі ғылым кандидаты бол­са, екеуі “магистр” дәрежесіне ие.

Әскери кафедраның материал­дық-техникалық базасы да жыл са­йын толығып, жаңарып келеді. Осы күні мұнда жабдықталған оқу сынып­тарынан бөлек, жастардың жауын­гер­лік дағдыларын дамытуға арнал­ған ЖҰМ-1, ЖҰМ-2 оқу қаруы, элек­трондық лазерлік тир, АК-74, ЖҚБ, ППК, АГС-17 пневматикалық мас­со­габаритті макеттер, “МР-654” тапан­ша­лары, бинокльдер бар. Қорғаныс министрлігінен сатып алынған кітап қоры 2520-ға жетіп отыр.

Қазіргі таңда кафедрада алдағы оқу жылына қабылдау жүріп жатыр. Әдеттегідей әскери білімге сұраныс­тың жоғары екені байқалады. Көп жастар мектеп бітіргеннен кейін өзі баратын уни­вер­ситетте әскери ка­федраның болуына мән береді. Бұл жағынан алғанда кафедра универ­си­тетке түлектер тартуға өз үлесін қосып отыр. Жауынгерлік білім алам деуші­лер көп болғандықтан, олар­дың бәрі бірнеше кезеңнен тұратын іріктеу­ден өтіп, денсаулық жағдайы мен физикалық қабілеттері тексері­леді. Кафедраға тегін оқуға түсе алма­ғандар үшін ақылы білім алу мүмкін­дігі қарастырылған.

Кафедра жұмысы студенттерге әскери-патриоттық тәрбие беру, олар­­дың бойында жоғары мораль­дық, кәсіби-жауынгерлік және пси­хологиялық қасиеттерді, Отан ал­дындағы борышын орындау үшін қа­жетті тәртіпті қа­лып­тастыруға бағыт­талған. Әскери кафедра кадет сы­ны­бының оқушы­ла­рымен, облыс ор­талығындағы колледж студентте­рімен әскери-патриоттық жұмысты ұйымдасты­ру­ға қатысып, түрлі ша­раларды өткі­зуге көмек көрсетеді.

Студенттеріміз қалалық, облыс­тық шараларға да белсенді қатысып, көзге түсіп жүр. Түрлі республика­лық, халықаралық бай­қауларда топ жарып, оқу орны­ның мерейін өсіріп жүрген шәкірт­терімізбен мақтана­мыз. Олар “Отан­ды сүю – міндетің, қорғау – парызың” деген қанатты сөз­ді өмірлік ұстаным­дарына айнал­дыр­ған.

Шайзатхан АБЖАПБАРОВ,

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті жанындағы әскери кафедраның бастығы, подполковник.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp