Өңірімізде гір көтеруден түрлі халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген спортшылар қатары қалың. Жуырда Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында өткен Азия біріншілігінде ел құрамасы сапында облыс намысын алты атлет қорғап, бесеуі жүлдегер атанды. Барлығы да Уәлиханов ауданының тұрғындары. Аталмыш аудан спортшыларының соңғы жылдардағы көрсеткіштері көз қуантады. Мұны гір көтеру спортынан өңір командасының жаттықтырушысы Марат Молдыбаев та мойындап отыр.
– Марат Бегайдарұлы, Бішкек қаласында шәкірттеріңіз жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Құтты болсын! Осы жарысқа толығырақ тоқталып кетсеңіз.
– Мамыр айының басында Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында Азия чемпионаты өтті. Биылғы жарысқа жастар, ересектер және ардагерлер жеке-жеке қатысты. Біз сары құрлық біріншіліктеріне жылда қатысамыз, жүлдегерлеріміз де бар. Осы жылы алтын алу міндеті қойылды.
Біріншілікке ауданымыздан 6 спортшы аттанды. Барлығы да бабында барды. Өкініштісі, бір атлетіміз ғана туған жерге жүлдесіз оралды. Қалғандары үмітті ақтады. Бұл өте жақсы нәтиже деп есептеймін. Ардагерлер арасында 85 килограмм салмақ дәрежесінде Халит Сүлейменов жеңімпаз атанды, 18 жасқа дейінгілер арасында 73 килограмда Алмас Қаткенов пен 68 килограмда Бекежан Мейрам да алтын медаль еншіледі, 63 килограмда Жалғас Әлмен қоланы місе тұтты. 18 жасқа дейінгі қыздар арасында 58 килограмда өнер көрсеткен Махаббат Мұсайбекова күміс жүлдені иемденді.
Бұл жолы Азия біріншілігіне қатысуымызға “Агрофирма Қызылту-НАН” компаниясы қаржылай көмек көрсетті. Басшысы Жаслан Қарбаевтың қолдауымен осындай жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Өкініштісі, біз тек демеушілердің көмегімен ғана халықаралық жарыстарға қатысып жүрміз. Егер мұндай қайырымды жандар болмаса, бармай қалуымыз да мүмкін еді. Әкімдік, спорт басқармасы тарапынан қолдау күтеміз.
– Түрлі мерекелік шараларда гір көтеру спортынан сайыстар өтіп жатады. Оған жасөспірімдерден бастап, зейнеткерлерге дейін қатысады. Бірақ сол жарыстарда ереже сақталмайтын сияқты. Гір спортының ережелеріне тоқтала кетіңізші.
– Шынында да, мерекелік шараларда барлық спортшылар 24 және 32 килограмдық гір тасын көтереді. Бірақ қатысушының жасына, салмағына, санатына қарамайды. Бұл – үлкен қателік. Себебі осындай шағын жарыстарда адам жарақат алып қалуы мүмкін.
Кәсіби жарыстарда әр жас санатына қарай гірдің салмағы белгіленген. Мысалға, 16 жастағылар 16 килограмдық, 18 жастағылар 24 килограмдық, ардагерлердің өзі жас ерекшелігіне қарай 12, 16, 24 килограмдық гір тастарын көтереді. Ал кәсіпқойлар 32 килограмдық салмақты бағындыруы керек деген талап бар. Бұл ережелер халықаралық гір көтеру федерациясының ресми құжатында жазылған.
– Спортшылар екі әдіс бойынша көтереді. Бірі жұлқа, екіншісі серпе көтеру. Бұл тәсілдердің ерекшелегімен таныстырып өтсеңіз.
– Жұлқа көтеру әдісінде спортшы екі гір тасын кеудеге қойып көтереді. Бұл сында атлет міндетті түрде қос қолымен екі тасты бір мезетте жоғарыға бағыттайды. Ал серпе көтеруде сайысқа қатысушы бір таспен жаттығу жасайды. Оны жерден көкке қарай көтеруі тиіс.
Жарыстарда екі жаттығудың нәтижесі бойынша қорытынды шығарылады. Әр әдіске 10 минут беріледі. Осы уақыт аралығында көп көтергендерге жүлделі орындар беріледі.
– Теннис, хоккей, көркем гимнастика сияқты спорт түрлерімен айналысу үшін көп қаржы қажет екені белгілі. Яғни спортшылар арнайы құрал-жабдықтар сатып алуға міндетті. Ал гір көтеру спортында қалай?
– Біздің спорт көп қаражатты қажет етпейді. Ең бастысы, күн сайын дене жаттығуларын жасап, ауыр заттарды көтеріп тұру керек. Сондықтан да болар, ауылды жерлерден шыққан, қара жұмысқа бейім қыз-жігіттерден мықты спортшы шығады.
– Сіздің гір көтеру спортынан жаттықтырушы болып жұмыс істегеніңізге 10 жылдан астам уақыт өтіпті. Жүздеген шәкірт тәрбиелеп үлгерген шығарсыз. Жарыстарға іріктеу қалай жүреді?
– Біздің спортта, ең бастысы, спортшының психологиялық дайындығы мен денсаулығы. Бұл екі көрсеткішті назарға ала отырып, шәкірттерімнің арасынан іріктеймін. Үздіктерін республикалық және халықаралық жарыстарға қатыстырамын. Он жылдың ішінде Уәлиханов ауданынан талай әлем, Азия чемпиондарын шығардым. Қазір секцияға жиырмадан астам адам келеді. Олардың үшеуі – гір көтеру спортынан спорт шебері, сегізі спорт шеберіне үміткер. Барлығы түрлі жарыстарда топ жару арқылы осы атақтарға қол жеткізді.
Әрине, жарыстарға қатыстырмас бұрын спортшылардың отбасындағы жағдайларын бағамдаймын, жүрек қағысын, қан қысымын өлшейміз. Осылайша нағыз бабына келген атлеттерді додаға қосамыз.
– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз. Қандай жарыстар күтіп тұр?
– Осы Азия біріншілігінде топ жарғандар әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап отыр. Бұл дүниежүзілік дода қыркүйек айында Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында өтеді. Қазір осы жарысқа дайындықты бастап кеттік. Бақ жана ма, бап шаба ма, оған уақыт төреші.
– Сұхбат бергеніңізге рақмет. Жеңіске жете беріңіздер!
Әңгімелескен
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.