Елімізде 1-7 мамыр аралығында созылмалы жүрек жеткіліксіздігі дертіне қатысты апталық өтті. Мұндай іс-шара республика аумағында биыл алғаш рет ұйымдастырылды, оған – сырқаттар санының көбеюі себеп. Облыстық көпбейінді аурухана жанындағы кардиологиялық орталықтың созылмалы жүрек жеткіліксіздігі дерті бойынша үйлестірушісі, кардиолог Елена Донованың айтуынша, біздің өңірімізде осы ауруға шалдыққан 4,5 мыңға жуық сырқат бар. Дәрігер созылмалы жүрек жеткіліксіздігі дерті жөнінде жан-жақты айтып берді.
– Елена Ивановна, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі қандай ауру?
– Жүрек жеткіліксіздігі – ауыр дерт. Оған шалдыққан жандарда жүрек өз қызметін дұрыс атқара алмайды. Яғни қан ағзалар мен тіндерге қалыпты жұмыс істеуі үшін қажет мөлшерде оттегі мен қоректік заттарды жеткізбейді. Бұл бұлшық ет әлсіздігін туындатуы мүмкін. Сонымен қатар метаболизм өнімдері толық жойылмайды, бұл өкпеде, іште және аяқ-қолдарда сұйықтықтың жиналуына әкеп соқтырады.
“Жеткіліксіздік” термині жүрек жақын арада жұмысын тоқтатады дегенді білдірмейді. Бұл жүректің дене қажеттіліктерін толығымен өтей алмайтындығын көрсетеді.
Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі – кең тараған, көп жағдайда емделмейтін дерт. Бұл диагноз қойылған кезде әдетте бойды үрей билейді. Алайда дәрігердің кеңесін қалтқысыз орындау, кей әдеттерден бас тарту науқастың хал-жағдайын жақсартып, өмір жасын ұзартуы мүмкін.
Егер жүрек дұрыс жиырылмаса, ол қарыншалардан жеткілікті мөлшерде қан шығара алмайды. Егер жүрек қаннан толығымен босатылып, босаңси алмаса, келесі жолы оған аз мөлшерде қан түседі. Тиісінше, жеткіліксіз көлемде шығарылады.
Жүректің ишемиялық ауруы, миокард инфарктісі және гипертония асқынған жағдайда жүрек жеткіліксіздігіне әкелуі мүмкін. Аурудың дамуына тағы да – жүректің қан тамырларындағы қалыптан тыс қысым, коронарлық артерия, жүрек және жүрек бұлшық еттерінің клапандары және аритмия аурулары және туабіткен жүрек ақаулары жатады.
Жүрек жеткіліксіздігі бар науқастарда басқа да аурулар жиі кездеседі. Оларға мыналар жатады: қант диабеті, өкпе ауруы, созылмалы бүйрек ауруы, қаназдық, темір тапшылығы, калий деңгейінің жоғарылауы, кардиомиопатия, алкогольді немесе есірткіні шамадан артық тұтыну салдарынан жүрек бұлшық етінің зақымдануы, қалқанша безінің бұзылуы, семіздік, анорексия, депрессия және мазасыздық.
– Бұл ауруға кімдер жиі шалдығады?
– Жүрек жеткіліксіздігі кез келген жаста дамуы мүмкін, бірақ көбінесе егде жастағы адамдарда байқалады. 65 жасқа дейін адамдардың шамамен 1 пайызы жүрек жеткіліксіздігімен ауырады, 75-84 жаста бұл көрсеткіш – 7, ал 85 жастан асқан адамдар арасында 15 пайызды құрайды.
Ерте кезеңдерде ауру асимптоматикалық болуы мүмкін.
– Созылмалы жүрек жеткіліксіздігінің негізгі белгілері қандай?
– Дерттің басты белгілерінің бірі – демікпе, жөтел және қиын дем алу. Сондай-ақ науқастың салмағы артып, жіліншік маңы, аяқ немесе іші ісінеді. Адам тез шаршап, басы айналса, жүрек қатты соқса, тәбет болмай, түнде жиі дәретханаға барса – мұның бәрі дәрігерге көрінуге себеп.
Әр науқастың жүрек жеткіліксіздігінің өзіндік ерекшеліктері бар. Сондықтан белгілері де өзіне тән болады. Осы себепті дәрігер сіздің жүрек жеткіліксіздігіңізді сипаттайтын әртүрлі терминдерді қолдануы мүмкін. Жүрек жеткіліксіздігінің түрі мен себебін анықтау өте маңызды, өйткені соған қарай ем қолданылады. Дәл диагноз қою симптомдардың ұқсастығына байланысты қиындық тудырады. Мысалы, жүрек жеткіліксіздігінің барлық түрлері ентігуді, шаршауды және өкпеде, сондай-ақ басқа органдарда: бауырда, ішекте, бүйректе, аяқта сұйықтықтың жиналуына әкеледі.
Жедел жүрек жеткіліксіздігі жүректің кез келген аймағына зақым келтірген инфаркт нәтижесінде немесе ағзаның созылмалы жеткіліксіздікті өтей алмауына жауап ретінде пайда болады. Дерт бастапқы кезеңде ауыр өтуі мүмкін, дәрі-дәрмек егу нәтижесінде сырқаттың жағдайы жақсарады.
– Жүрек жеткіліксіздігі диагнозы қойылған жағдайда науқасқа қалай күтіну керек?
– Жүрек жеткіліксіздігі – қауіпті ауру. Бірақ дәрігердің ұсынымын ескеріп, кей әдеттерден бас тарта отыра, жағдайды жақсартуға, тіпті белсенді өмір салтын ұстануға да болады. Жаяу жүру, тағамдағы тұздың мөлшерін қадағалау сияқты әдеттер аурудың әрі қарай дамымауына, емдік шаралардың тиімді болуына әсер етеді.
Темекі шегу және алкогольді тұтынудан бас тартқан жөн. Жүрек жеткіліксіздігін емдеуде өмір салтын өзгерту медициналық процедуралардан кем емес. Қарапайым тілмен айтқанда, күнделікті әдеттерін сәйкесінше өзгерте алған пациенттердің өмір сүру сапасы және ұзақтығы бұл кеңесті елемеген адамдарға қарағанда әлдеқайда жоғары.
Науқастарға қолдау тобына баруға кеңес беремін. Оған жүрек жеткіліксіздігімен ауыратын адамдар кіреді, олар бір-бірімен өз тәжірибелерімен бөліседі. Көбінесе бұл топтарда тамақтану және дене жаттығуы сияқты жүрек жеткіліксіздігін емдеу бойынша түрлі дәрістер мен тақырыптық кездесулер өткізіледі. Қолдау тобына баратын адамдар күйзеліске түспейді, жалғыз емес екенін түсінеді. Топта көбінесе имплантацияланған құрылғыларды киетін немесе тіпті жүрек трансплантациясы бар адамдармен кездесуге мүмкіндік бар. Әдетте, мұндай топ туралы ақпаратты медбике немесе дәрігерден білуге болады.
– Дертті асқындырмас үшін қандай алдын алу шараларын қолданған жөн?
– Аурудың белгілерін бақылау қажет. Артериалдық қысым деңгейінің қалыпты болуын қадағалаған жөн. Ағзада сұйықтық жиналуын бақылау үшін салмақты үнемі тексеріп тұру маңызды. Күнделікті тұтынатын судың мөлшерін, әжетханаға бару жиілігін қадағалау керек. Қантамырда сұйықтық көп болған сайын ағзаны қанмен қамтамасыз ету үшін жүректің соғуы қиындайды. Сұйықтық ішуді күніне екі литрге дейін азайту жүректің жұмысын жеңілдетуге және жүрек жеткіліксіздігінің кейбір белгілерінің алдын алуға көмектеседі.
Тұзды тұтынуды шектеңіз. Нәтижесінде ағзада сұйықтық азырақ жиналады, ісіну азаяды, тыныс алу жеңілдейді.
– Өңірімізде апталыққа байланысты қандай іс-шаралар ұйымдастырылды?
– Біздің облысымыз жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан науқастар санының көптігі бойынша республикада алдыңғы орындарда тұр. Қазір диспансерлік есепте 68,5 мыңнан астам адам бар, соның 4409-ына созылмалы жүрек жеткіліксіздігі диагнозы қойылған.
Апталық аясында облыстық кардиологиялық орталықта және емханаларда ашық есік күні өткізілді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.