«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Техника тілінің білгірі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Егістігін жайқалтып, шаруасын дөңгелетіп, төрт түлігін түлеткен Мерген ауылына осы шақта ат басын тіресеңіз, қолын қалтасына салып, сенделіп жүрген жан көрмейсіз. Ауылдың таза ауасын жұтып, тұнық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алып өскен мергендіктер бүгінде жомарт жерді идіріп, даланы қызу еңбек дүбіріне бөлеуге бел шешіп, білек сыбанып кірісіп кеткен.

Ауыл іргесінің сөгілмей, тұрғындардың туған жерден алыстамай ризығын еңбекпен табуы – жергілікті серіктестік басшысының ауылдастарына деген қамқорлығының нәтижесі. Шал ақын ауданындағы іргелі шаруашылықтардың бірі – “Гермес Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Виктор Окунев ауыл тұрғындарын жұмыспен ғана қамтып қоймай, үй, жастарға спорт зал салып, ауыл көшелеріне асфальт төсеп берген. “Виктор Окунев – өзі туған топырақты барынша қадірлеп-қастерлейтін жан, береке мен байлықтың бастауы ауылда екенін бір кісідей білетін білікті басшы. Екеуіміз бір сыныпта оқып, механизатор, жүргізуші болып еңбек жолын бастадық. Содан бері жұбымыз жазылмады. Қазір зейнет демалысына шықсам да, басшымыздың көңілін қимай, серіктестікте бригадир болып жұмыс істеп жүрмін”, – дейді ауыл тұрғыны Есеналды Сәдуақасов.

45 жылдық механизаторлық еңбек өтілі бар білікті бригадир шаруашылықтағы көліктердің сақадай сай болуына, жұмыс тәртібіне, техника құралдарының есеп-қисабына жауапты. Шаруашылық басында ұжым жұмысын үйлестіріп жүрген жан қамығуды, қажуды білмейді. Серіктестіктегі барлық көліктердің техникалық мүмкіндіктерін тізбектеп айтып шыққан соң олардың егіс науқанына дайын екенін, жүгері егуге алқапқа үш агрегаттың шыққанын жеткізген Есеналды Рамазанұлы: “Еңбек етуге құлшынған адамға мұнда жұмыс бар. Әйелім Гүлнәр – шаруашылықта аспаз. Тұрақты жұмыс болса, халықтың көңілі де жайлы. Жалақыны уақытында аламыз. Жұмысшыларға шаруашылық есебінен үй салып беріп жатыр. Ауылымызда бос тұрған үй, шашылған қоқыс, сандалған адамды көрмейсің. Тыныштық пен береке бар. Осының барлығы – ауыл тұрмысының көтерілгені, басшылықтың бізге деген қамқорлығы”, – деді.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp