Петропавлда техникалық шығармашылық көрмесі өтті. Дарынды ұл-қыздар өз қолдарымен жасаған зеңбірек, трактор, ұшақтар көрмені тамашалаушылардың көңілінен шықты.
Бұл көрмені ұйымдастырудағы негізгі мақсат – жастардың ғылыми-техникалық қабілетін дамыту, ынтасын арттыру. Өңір бойынша 130-дан астам өнертапқыш қатысқан көрмеде үздік деген алпыстан астам туынды көрермен назарына ұсынылды. Оқушылардың біреуі қашықтан басқарылатын көлік құрастырса, екіншісі мопед жасаған. Гуманитарлық-техникалық колледж студенті Родион Покатилов бір жыл бұрын достарымен бірге “Дружба” мопедін құрастырыпты. Кейбір бөлшегін велосипедтен, “Дружба” арасынан алған. Көлікте бес аттың күші бар. Өнертапқыштың айтуынша, жанармай багының көлемі – 2 литр. Сынақтан өткізген кезде жылдамдығы сағатына 50 шақырымды көрсетіпті. Орындығын ағаштан жасап, қаптап қойыпты. Керек заттарды ұзақ уақыт жинған, әлі де жетілдіретін тұстары бар.
Өнертапқыштар жеті аталым бойынша бақ сынады. Олар – “Ауыл шаруашылығы техникасы”, “Әскери техника”, “Суда жүзетін техника”, “Әуе”, “Жасыл энергетика, энерготиімділік және энергоүнемдеу” және қиялына ерік бергендерге арналған “Бізді таңғалдыр” аталымы. Қазылар алқасы ерекше туындылардың арасынан үздігін анықтау үшін сапасына назар аударды. Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының әдіскері Александр Надточийдің айтуынша, жұмыстың күрделілігіне баса мән берілді. Әр аталым бойынша бірнеше жеңімпаз анықталып, өнертапқыштар түрлі марапаттарға ие болды.
Мақпал ЕРҒАЛИЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.