«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛЕКТІ СПОРТШЫЛАР АУЫЛДАН ШЫҒАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізде гір көтеруден түрлі халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген спортшылар қатары қалың. Жуырда Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында өткен Азия біріншілігінде ел құрамасы сапында облыс намысын алты атлет қорғап, бесеуі жүлдегер атанды. Барлығы да Уәлиханов ауданының тұрғындары. Аталмыш аудан спортшыларының соңғы жылдардағы көрсеткіштері көз қуантады. Мұны гір көтеру спортынан өңір командасының жаттықты­рушысы Марат Молдыбаев та мойындап отыр.

– Марат Бегайдарұлы, Бішкек қаласында шәкірттеріңіз жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Құт­ты болсын! Осы жарысқа толы­ғы­рақ тоқталып кетсеңіз.

– Мамыр айының басында Қырғызстанның астанасы Бішкек қа­ласында Азия чемпионаты өтті. Биыл­ғы жарысқа жастар, ересектер және ардагерлер жеке-жеке қа­тысты. Біз сары құрлық біріншілікте­рі­не жылда қатысамыз, жүлдегерле­ріміз де бар. Осы жылы алтын алу міндеті қойылды.

Біріншілікке ауданымыздан 6 спортшы аттанды. Барлығы да ба­бында барды. Өкініштісі, бір атле­тіміз ғана туған жерге жүлдесіз оралды. Қалғандары үмітті ақтады. Бұл өте жақсы нәтиже деп есептеймін. Ардагерлер арасында 85 килограмм салмақ дәрежесінде Халит Сүлей­менов жеңімпаз атанды, 18 жасқа дейінгілер арасында 73 килограмда Алмас Қаткенов пен 68 килограмда Бекежан Мейрам да алтын медаль еншіледі, 63 килограмда Жалғас Әл­мен қоланы місе тұтты. 18 жасқа дейінгі қыздар арасында 58 кило­грамда өнер көрсеткен Махаббат Мұсайбекова күміс жүлдені ием­денді.

Бұл жолы Азия біріншілігіне қа­тысуымызға “Агрофирма Қызылту-НАН” компаниясы қаржылай көмек көрсетті. Басшысы Жаслан Қарбаевтың қолдауымен осындай жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Өкініштісі, біз тек демеушілердің кө­мегімен ғана халықаралық жарыс­тарға қатысып жүрміз. Егер мұндай қайырымды жандар болмаса, бармай қалуымыз да мүмкін еді. Әкімдік, спорт басқармасы тарапынан қолдау күтеміз.

– Түрлі мерекелік шараларда гір көтеру спортынан сайыстар өтіп жатады. Оған жасөспі­рімдерден бастап, зейнеткерлерге дейін қатысады. Бірақ сол жарыстарда ереже сақталмайтын сияқты. Гір спортының ережеле­ріне тоқтала кетіңізші.

– Шынында да, мерекелік шара­ларда барлық спортшылар 24 және 32 килограмдық гір тасын көтереді. Бірақ қатысушының жасына, салма­ғына, санатына қарамайды. Бұл – үлкен қателік. Себебі осындай ша­ғын жарыстарда адам жарақат алып қалуы мүмкін.

Кәсіби жарыстарда әр жас са­натына қарай гірдің салмағы белгі­ленген. Мысалға, 16 жастағылар 16 килограмдық, 18 жастағылар 24 килограмдық, ардагерлердің өзі жас ерекшелігіне қарай 12, 16, 24 кило­грамдық гір тастарын көтереді. Ал кәсіпқойлар 32 килограмдық салмақты бағындыруы керек деген та­лап бар. Бұл ережелер халықаралық гір көтеру федерациясының ресми құжатында жазылған.

– Спортшылар екі әдіс бойынша көтереді. Бірі жұлқа, екіншісі серпе көтеру. Бұл тәсілдердің ерекшелегімен таныстырып өтсеңіз.

– Жұлқа көтеру әдісінде спортшы екі гір тасын кеудеге қойып көте­реді. Бұл сында атлет міндетті түрде қос қолымен екі тасты бір мезетте жоғарыға бағыттайды. Ал серпе кө­теруде сайысқа қатысушы бір тас­пен жаттығу жасайды. Оны жерден көкке қарай көтеруі тиіс.

Жарыстарда екі жаттығудың нә­тижесі бойынша қорытынды шыға­рылады. Әр әдіске 10 минут бері­леді. Осы уақыт аралығында көп көтер­гендерге жүлделі орындар бері­леді.

– Теннис, хоккей, көркем гимнастика сияқты спорт түрлерімен айналысу үшін көп қаржы қажет екені белгілі. Яғни спортшылар арнайы құрал-жабдықтар сатып алуға міндетті. Ал гір көтеру спортында қалай?

– Біздің спорт көп қаражатты қажет етпейді. Ең бастысы, күн сайын дене жаттығуларын жасап, ауыр заттарды көтеріп тұру керек. Сондықтан да болар, ауылды жер­лерден шыққан, қара жұмысқа бейім қыз-жігіттерден мықты спортшы шығады.

– Сіздің гір көтеру спортынан жаттықтырушы болып жұмыс істегеніңізге 10 жылдан астам уақыт өтіпті. Жүздеген шәкірт тәрбиелеп үлгерген шығарсыз. Жарыстарға іріктеу қалай жүреді?

– Біздің спортта, ең бастысы, спортшының психологиялық дайын­дығы мен денсаулығы. Бұл екі көр­сеткішті назарға ала отырып, шәкірт­терімнің арасынан іріктеймін. Үздік­терін республикалық және халық­аралық жарыстарға қатыстырамын. Он жылдың ішінде Уәлиханов ауда­нынан талай әлем, Азия чемпиондарын шығардым. Қазір секцияға жиырмадан астам адам келеді. Олардың үшеуі – гір көтеру спорты­нан спорт шебері, сегізі спорт шеберіне үміткер. Барлығы түрлі жарыстарда топ жару арқылы осы атақтарға қол жеткізді.

Әрине, жарыстарға қатыстырмас бұрын спортшылардың отба­сындағы жағдайларын бағамдаймын, жүрек қағысын, қан қысымын өлшейміз. Осылайша нағыз бабына келген атлеттерді додаға қосамыз.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз. Қандай жарыстар күтіп тұр?

– Осы Азия біріншілігінде топ жарғандар әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап отыр. Бұл дү­ниежүзілік дода қыркүйек айында Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында өтеді. Қазір осы жарысқа дайындықты бастап кеттік. Бақ жана ма, бап шаба ма, оған уақыт төреші.

– Сұхбат бергеніңізге рақмет. Жеңіске жете беріңіздер!

Әңгімелескен

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp