Өңірімізде дала төсін дүбірге толтырар көктемгі егіс науқаны басталды. Еңбек көрігін қыздырған диқандар 4,5 млн. гектар алқапқа дән себуді жоспарлап отыр.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, биыл егіс алқаптарында ылғал жабу жұмысы 100 пайыз жүргізілді. Ылғал жапқанның ырысы мол болары анық. 3,2 млн. гектарға дәнді және бұршақты, 960 мың гектар алқапқа майлы дақыл егіледі. Сонымен қатар 353 мың гектар жерге жем-шөп, 34,1 мың гектарға картоп, 6,2 мың гектарға көкөніс егіледі.
Импортты алмастыру мақсатында биыл қарақұмық алқабы 3 есе ұлғайтылып, аумағы 27 мың гектарға жетті. Егер бітік шықса, өңірді жергілікті қарақұмықпен толық қамти аламыз. Алқаптарды әртараптандыру мақсатында 89,9 мың гектар жасымық, 125,7 мың гектар күнбағыс егілмек. Бұл – былтырғыдан көп.
Бүгінгі таңда диқандар шамамен 70 мың гектарға немесе жалпы егістік жердің 1,3 пайызына дән септі.
– Өңірде дәнді дақылдарды себудің оңтайлы мерзімдері бар. Шаруашылықтар соны негізге алады. Осы уақытқа дейін 40 мың гектар жерге дәнді, 25,8 мың гектарға майлы дақылдар, 0,2 мың гектарға картоп себілді. Бұдан бөлек, топырақты минералдармен байытып, өнім сапасын арттыру үшін 282,5 мың гектарға 27,7 мың тонна тыңайтқыш сіңірілді. 56,4 мың гектар алқапта егіс алдындағы дәрілеп, өңдеу жұмыстары жүргізілді, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз хатшысы Әсем Айтулова. Алдағы уақытта 3 млн. гектар алқапқа минералды тыңайтқыш сіңіру жоспарланған.
Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Шақановтың айтуынша, аудан фермерлері 28 мың тонна тұқыммен толықтай қамтамасыз етілген. Былтыр шаруашылықтар 4 млрд. 7 млн. теңгеге 101 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алса, биыл тағы да 1 млрд. 2 млн. теңгенің техникасымен қамтамасыз етілген. Аудандық агроқұрылымдарға қажетті 4,1 мың тонна жанар-жағармайдың 2,6 мың тоннасы сатып алынған.
Қызылжар ауданына қарасты Боголюбово ауылының тұрғыны Николай Суриков 379 гектарға дәнді және майлы дақыл сіңіріп, картоп егеді. Көктемнің алғашқы күндерінде алқаптарда ылғал жабу жұмыстарын жүргізіп, техникасын дайындап, жанар-жағармай сатып алған. Қазіргі уақытта фермер 5 гектарға немістің гала тұқымды картобын егу жұмыстарын бастап кетті.
– Картопқа сұраныс жоғары. Күзде жинап алған соң, төмен бағамен сатамыз. Тұқымды жылда жаңартуға тырысамыз, – дейді “Суриков Н.В.” шаруа қожалығының басшысы Николай Суриков.
Жылда 200 гектар алқапқа дәнді дақыл себетінін айтқан Николай Суриков өткен жылы жауын-шашын қажетті мөлшерде жаумай, құрғақшылық болғандықтан, көрсеткіш кеміп, гектарынан 20 центнерден өнім алғанын жеткізді. “Бидайды қаладағы диірменге тапсырамыз. Бұдан бөлек, көп жылдан бері ұн өндіретін “DEZ” серіктестігімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз”, – дейді фермер. Бүгінгі күні қожалықта 4 адам еңбек етеді. 5 техника бар.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.