«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жүрек ауруы жиілеп барады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елімізде 1-7 мамыр аралығында созылмалы жүрек жеткіліксіздігі дертіне қатысты апталық өтті. Мұндай іс-шара республика аумағында биыл алғаш рет ұйымдастырылды, оған – сырқаттар санының көбеюі себеп. Облыстық көпбейінді аурухана жанындағы кардиологиялық орталықтың созылмалы жүрек жеткіліксіздігі дерті бойынша үйлестірушісі, кардиолог Елена Донованың айтуынша, біздің өңірімізде осы ауруға шалдыққан 4,5 мыңға жуық сырқат бар. Дәрігер созылмалы жүрек жеткіліксіздігі дерті жөнінде жан-жақты айтып берді.

– Елена Ивановна, созыл­ма­лы жүрек жеткіліксіздігі қандай ауру?

– Жүрек жеткіліксіздігі – ауыр дерт. Оған шалдыққан жан­дар­­да жүрек өз қызметін дұрыс ат­қара алмайды. Яғни қан ағзалар мен тіндерге қалыпты жұмыс істеуі үшін қажет мөлшерде оттегі мен қо­ректік заттарды жеткізбейді. Бұл бұл­шық ет әлсіздігін туындатуы мүм­кін. Сонымен қатар метабо­лизм өнім­де­рі толық жойылмайды, бұл өк­пе­де, іште және аяқ-қолдарда сұ­йық­тық­тың жиналуына әкеп соқтырады.

“Жеткіліксіздік” термині жүрек жақын арада жұмысын тоқтатады дегенді білдірмейді. Бұл жүректің дене қажеттіліктерін толығымен өтей алмайтындығын көрсетеді.

Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі – кең тараған, көп жағдайда ем­делмейтін дерт. Бұл диагноз қойыл­ған кезде әдетте бойды үрей билей­ді. Алайда дәрігердің кеңесін қалт­қысыз орындау, кей әдеттерден бас тарту науқастың хал-жағдайын жақ­сартып, өмір жасын ұзартуы мүмкін.

Егер жүрек дұрыс жиырылмаса, ол қарыншалардан жеткілікті мөл­шерде қан шығара алмайды. Егер жүрек қаннан толығымен босаты­лып, босаңси алмаса, келесі жолы оған аз мөлшерде қан түседі. Тиісін­ше, жеткіліксіз көлемде шығары­лады.

Жүректің ишемиялық ауруы, миокард инфарктісі және гипер­то­ния асқынған жағдайда жүрек жет­кіліксіздігіне әкелуі мүмкін. Ауру­дың дамуына тағы да – жүректің қан та­мырларындағы қалыптан тыс қы­сым, коронарлық артерия, жүрек жә­не жүрек бұлшық еттерінің клапан­дары және аритмия аурулары және туабіткен жүрек ақаулары жатады.

Жүрек жеткіліксіздігі бар науқас­тарда басқа да аурулар жиі кез­де­седі. Оларға мыналар жата­ды: қант диабеті, өкпе ауруы, созыл­малы бүй­рек ауруы, қаназдық, те­мір тап­шылығы, калий деңгейінің жоға­рылауы, кардиомиопатия, алко­голь­ді немесе есірткіні шамадан артық тұтыну салдарынан жүрек бұл­шық етінің зақымдануы, қалқан­ша безінің бұзылуы, семіздік, ано­рексия, деп­рессия және мазасыз­дық.

– Бұл ауруға кімдер жиі шал­дығады?

– Жүрек жеткіліксіздігі кез кел­ген жаста дамуы мүмкін, бірақ көбінесе егде жастағы адамдарда байқала­ды. 65 жасқа дейін адам­дардың ша­мамен 1 пайызы жүрек жеткіліксіз­ді­гімен ауырады, 75-84 жаста бұл көр­сеткіш – 7, ал 85 жастан ас­қан адам­дар арасында 15 па­йызды құрай­ды.

Ерте кезеңдерде ауру асимп­томатикалық болуы мүмкін.

– Созылмалы жүрек жеткілік­сіздігінің негізгі белгілері қан­дай?

– Дерттің басты белгілерінің бірі – демікпе, жөтел және қиын дем алу. Сондай-ақ науқастың сал­мағы ар­тып, жіліншік маңы, аяқ не­месе іші ісінеді. Адам тез шаршап, басы ай­налса, жүрек қатты соқса, тәбет бол­май, түнде жиі дәретханаға барса – мұның бәрі дәрігерге көрінуге се­беп.

Әр науқастың жүрек жеткіліксіз­дігінің өзіндік ерекшеліктері бар. Сондықтан белгілері де өзіне тән болады. Осы себепті дәрігер сіздің жүрек жеткіліксіздігіңізді сипаттай­тын әртүрлі терминдерді қолдануы мүмкін. Жүрек жеткіліксіздігінің түрі мен себебін анықтау өте маңызды, өйткені соған қарай ем қолданы­ла­ды. Дәл диагноз қою симптомдар­дың ұқсастығына байланысты қиын­дық тудырады. Мысалы, жүрек жеткіліксіздігінің барлық түрлері ентігуді, шаршауды және өкпеде, сон­дай-ақ басқа органдарда: ба­уыр­да, ішекте, бүйректе, аяқта сұйық­тықтың жиналуына әкеледі.

Жедел жүрек жеткіліксіздігі жү­ректің кез келген аймағына зақым келтірген инфаркт нәтижесінде не­месе ағзаның созылмалы жеткілік­сіздікті өтей алмауына жауап ретін­де пайда болады. Дерт бастапқы кезеңде ауыр өтуі мүмкін, дәрі-дәр­мек егу нәтижесінде сырқаттың жағ­дайы жақсарады.

– Жүрек жеткіліксіздігі диаг­нозы қойылған жағдайда науқас­қа қалай күтіну керек?

– Жүрек жеткіліксіздігі – қауіпті ауру. Бірақ дәрігердің ұсынымын ескеріп, кей әдеттерден бас тарта отыра, жағдайды жақсартуға, тіпті белсенді өмір салтын ұстануға да болады. Жаяу жүру, тағамдағы тұздың мөлшерін қадағалау сияқты әдеттер аурудың әрі қарай дамыма­уына, емдік шаралардың тиімді болуына әсер етеді.

Темекі шегу және алко­гольді тұтынудан бас тартқан жөн. Жүрек жеткіліксіздігін емдеуде өмір салтын өзгерту медициналық процедура­лар­дан кем емес. Қарапа­йым тіл­мен айтқанда, күнделікті әдеттерін сәйкесінше өзгерте алған пациент­тердің өмір сүру сапасы және ұзақ­тығы бұл кеңесті елемеген адамдарға қарағанда әлдеқайда жоғары.

Науқастарға қолдау тобына ба­руға кеңес беремін. Оған жүрек жет­кіліксіздігімен ауыратын адамдар кі­реді, олар бір-бірімен өз тәжіри­белерімен бөліседі. Көбінесе бұл топтарда тамақтану және дене жаттығуы сияқты жүрек жеткіліксіз­дігін емдеу бойынша түрлі дәрістер мен тақырыптық кездесулер өткізі­леді. Қолдау тобына баратын адам­дар күйзеліске түспейді, жалғыз емес екенін түсінеді. Топта көбінесе имплантацияланған құрылғыларды киетін немесе тіпті жүрек транс­плантациясы бар адамдармен кез­де­суге мүмкіндік бар. Әдетте, мұн­дай топ туралы ақпа­ратты медбике немесе дәрігерден білуге болады.

– Дертті асқындырмас үшін қандай алдын алу шараларын қолданған жөн?

– Аурудың белгілерін бақылау қажет. Артериалдық қысым дең­гейінің қалыпты болуын қадаға­ла­ған жөн. Ағзада сұйықтық жина­луын бақылау үшін салмақты үнемі тек­серіп тұру маңызды. Күнделікті тұ­тынатын судың мөлшерін, әжет­ханаға бару жиілігін қадағалау ке­рек. Қантамырда сұйықтық көп бол­ған сайын ағзаны қанмен қамта­масыз ету үшін жүректің соғуы қиын­дайды. Сұйықтық ішуді күніне екі литрге дейін азайту жүректің жұмы­сын жеңілдетуге және жүрек жеткі­ліксіздігінің кейбір белгілерінің алдын алуға көмектеседі.

Тұзды тұтынуды шектеңіз. Нәти­жесінде ағзада сұйықтық азырақ жиналады, ісіну азаяды, тыныс алу жеңілдейді.

– Өңірімізде апталыққа бай­ланысты қандай іс-шаралар ұйымдастырылды?

– Біздің облысымыз жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан науқастар санының көптігі бойынша республикада алдыңғы орындарда тұр. Қазір диспансерлік есепте 68,5 мыңнан астам адам бар, соның 4409-ына созылмалы жүрек жеткі­ліксіздігі диагнозы қойылған.

Апталық аясында облыстық кардиологиялық орталықта және ем­ханаларда ашық есік күні өткізілді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp