Облыс орталығындағы “Ана үйі” қоғамдық қорының құрылғанына биыл 10 жыл толды. Осы уақыт аралығында қоғамдық қор 8 мыңнан астам сәбиді жетімдіктен құтқарған. Айтулы мерейтойға орай мейірім мекенінде мемлекеттік орган өкілдері, кәсіпкерлер мен еріктілер бас қосты.
Ертеден жетімін жылатпаған қазақ халқы қанға сіңген қасиетін ешқашанда жоғалтқан емес. Қоғамдық қорды құрудағы басты мақсат – түрлі жағдайлардың салдарынан жетім қалған балаларға қамқор болып, тұрмыстың тауқыметін тартқан отбасыларды қолдау болатын. Әсіресе бауыр еті баласынан бас тартпақ болған аналарға психологиялық көмек көрсетуде орталықтың жетістіктері аз емес.
2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан “Ана үйін” кәсіпкер Ғазиз Құсайынов қаржыландырады. Бүгінде еліміз бойынша қорда бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттіктің кеңес беру кабинеттері жұмыс істейді, онда психологтар мен заңгерлер бала асырап алғысы келген отбасыларға көмек көрсетіп келеді.
– “Ана үйлері” өздерінің тиімділігін көрсетті. Осы уақыт ішінде ел бойынша жаңа туған нәрестелерден бас тарту саны 69 пайызға қысқарды. Арнайы мекемелерден балаларды отбасыларға орналастыруға жәрдемдесу жұмыстары да жақсы нәтиже көрсетті. Жетім балаларға арналған мекемелердің жабылуына ықпал еткіміз келеді. Ал босап қалған интернаттық мекемелерді отбасыларға жәрдемдесу жөніндегі әлеуметтік қызмет нысандарына айналдыру қажет. Бүгін біз серіктестерімізді “Ана үйінің” жұмыс нәтижелерімен таныстыруға шақырдық. Сондай-ақ бізге көмек көрсетіп жүрген жандардың барлығына алғыс білдіргіміз келеді. Біздің басты мақсатымыз – баланы туған анасымен бірге қалдыру”, – деді қордың облыстағы өкілі Меруерт Көшембаева.
Мақпал ЕРҒАЛИЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.