«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тауарлы-сүт фермасы — табыстың көзі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров Аққайың ауданына жұмыс сапарымен барды. Власовка ауылының тұрғындарымен кездескен өңір басшысы, әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық базасымен, шаруа қожалықтарының әлеуетімен танысты. Сонымен қатар қазіргі маңызды науқан – көктемгі егістің барысын көру үшін алқап басына барды.

Жарты ғасырлық тарихы бар Власовка орта мектебінде 105 оқушы білім алып жатыр. Осыдан үш жыл бұрын мектепке күрделі жөндеу жасалған. Ауқымды істің нәтижесінде тозған шатыры мен едені ауыстырылыпты. Өңір басшысы кабинеттерді аралап, күрделі жөндеудің сапасын тексерді.

Аудан бойынша үздік мектеп орналасқан ауылда 233 үй түтін түтетіп отыр. Тұрғындармен кездескен Айдарбек Сапаров жауыр болған жол мәселесіне қатысты жағымды жаңалық айтты.

– Қиялы мен Смирново аралығындағы жолдың жағдайы жақсарады. Бұл аралықта орта және ағымдағы жөндеу жұмысы ғана жүргізілген. Қазіргі таңда күрделі жөндеу жасауға қатысты жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр. Жақында конкурс жарияланады. Бастапқы кезеңге 200 млн. теңге бөлінеді. Жөндеу жұмысы келесі жылы аяқталады, – деді облыс әкімі.

Қырық жамау жолдан ығыр болған тұрғындар жағымды жаңалық естігеннен кейін бе, ашыла сөйлеп, ауылдағы оң өзгерістерді де баяндады. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрайымы Марина Полтавец орталықтандырылған су тартылғанын, Мәдениет үйі жұмыс істеп тұрғанын айтып өтті. Саламатты өмір салтын ұстанатын ауыл тұрғындары Алматы, Түмен сынды қалаларға барып, сайыстарға қатысады екен. Мұның барлығы тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсарғанын аңғартады.

Жуырда “Гердт В.В.” шаруа қожалығы жаңа тауарлы-сүт фермасы іске қосты. Жобаны жүзеге асыруға 1,2 млрд. теңге инвестиция тартылған. “Солтүстік” ӘКК арқылы жеңілдетілген несие берілген. Қазір 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Орташа еңбекақы 220-280 мың теңгені құрайды. Кешенде еңбек етіп жүрген Светлана Тишковец өзге ауылдан көшіп келіпті. Қазір мұнда бұзау бағады.

– Бұрын тұрған ауылымда жұмыс болмаған соң, осында көшіп келдім. Әзірге еңбекақым –150 мың теңге. Бұзау көбейген сайын еңбекақым да артады. Ауылдарда осындай кешен ашылғаны қуантады. Қаншама адам жұмыспен қамтылады, – деді Светлана Тишковец.

Өңір басшысы ферманың жұмысына жоғары баға берді. Қазіргі таңда өңірімізде бірнеше заманауи сүт фермалары іске қосылуда. Бұл ауданда “Гагарино” серіктестігі тағы бір ферма салып жатыр. Инвестиция көлемі – 3 млрд. теңге. Жалпы биыл облыста 15 сүт фермасының құрылысы басталды. Жыл соңына дейін 9 кешен іске қосылады. Ауыл шаруашылығы саласында 83 миллиард теңгенің 38 инвестициялық жобасы жүзеге асуда. Олар – сүт, қой фермалары, бройлер құс фабрикасы, майды экстракциялау зауыты, жылыжайлар. Мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Осы ретте облыс әкімі ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, оларға жайлы жағдай жасауда кәсіпкерлер маңызды рөл атқаратындығын атап өтті.

– Власовка ауылының тұрғындары ауылдан көшкілері келмейді. Мұнда олар үшін жайлы жағдай жасалған. Шеттен келген ағайындар да жұмыспен қамтылып жатыр. Мәдениет үйі мен мектеп жұмыс істеп тұр. Жолдар жөнделіп жатыр. Су үй ішіне дейін тартылған, – деген өңір басшысы серіктестік басшыларын мал шаруашылығына көңіл бөлуге шақырды.

Бұл бағытта мемлекет кәсіпкерлерді қолдауға дайын. Әсіресе қой шаруашылығы өңірде баяу дамуда. Онымен айналысатын шаруалар да саусақпен санарлық. Нарықта қой етіне сұраныс бар, мемлекет те қолдауға дайын. Бір қой үшін 30 мың теңге субсидия бөлінеді. Құрылысқа қажетті қондырғыны алуға да көмек беріледі.

Бұдан кейін өңір басшысы егіс басына барды. Алқапта “Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің техникасы жүйткіп жүр. Диқандар егіс жұмыстарына кірісіпті. Ауыр техниканы тізгіндеген Евгений Джу серіктестікте 5 жылдан астам еңбек етеді. Механизатордың серіктестік тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдауға да, еңбекақысының көлеміне де көңілі толады.

– Жұмысты уақтылы бастадық. Диқандардың барлығы іске білек сыбана кірісті. Егіс науқанын белгіленген мерзімде аяқтауымыз қажет. Тұқым бойынша ешқандай мәселе туындаған жоқ. Жеңілдетілген жанар-жағармайды барлығыңыз алдыңыздар. Жұмыс істеу ғана қалды. Өз жұмысшыларыңызға жағдай жасауды ұмытпаңыздар, – деген Айдарбек Сейпілұлы диқандарға сәттілік тіледі.

Алқап басында өткен кездесуге “Санта-Мария” серіктестігінің басшысы Павел Леонов та қатысты. Шаруа егіс науқанын екі аптада аяқтауды жоспарлап отыр. Қырық жылдық тәжірибесі бар диқан маңызды науқанға сақадай сай екенін айтты. Жұмыс сапары барысында Айдарбек Сапаров Шағалалы ауылының даму барысымен де танысты. Елді мекенді абаттандыру жұмысы ойдағыдай жүзеге асырылуда. Әсіресе ауыл саябағы ерекше сәнге енбек.

Ауылдың әлеуетін арттыруға жергілікті кәсіпкерлер де атсалысуда. Ауылда дүкен, көлік жуу кешені салынып жатыр. “Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жаңа жатақхана тұрғызған. Қазір онда елордадан тәжірибеден өтуге келген студенттер тұрып жатыр. Жастар күнделікті танаптағы жұмыспен таныса жүріп, тәжірибе жинақтайды.

Алдияр АЙТПАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp