«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жауапкершіліктің жүгі ауыр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Республикасының заң нормаларымен рәсімделген мемлекеттік қызмет жүйесі қоғамның тыныс-тіршілігін, жеке және заңды тұлғалардың мүдделерін тиімді тәсілдермен жүзеге асыруда ерекше рөл атқарады. Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік қызметшілер өздерінің қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісті дәрежеде атқармағаны үшін азаматтық-құқықтық, тәртіптік, әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Тәртіптік жауапкершілікті реттеу, алдын алу, тәрбиелік, жазалау, қалпына келтіру функциялары түрлі заң бұзушылықтарды болдырмау үшін басым мәнге ие.

Мемлекеттік органдарға қызметке тағайындауға және босатуға құқығы бар лауазымды адамдар тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін тікелей бағыныстағы мемлекеттік қызметшілерге қатысты тәртіптік жаза қолдана алады. Ондағы мақсат кінәлі қызметкерді жазалау емес, керісінше, мемлекеттік мекемеде белгіленген тәртіпті бұзбай, заңды түрде әрекет етуге шақыру. Сондықтан бұл санаттағылар жасалған тәртіптік теріс қылықтың заңсыздығын түсінуі тиіс. Нәтижесінде белгілі бір әрекет үшін жауапкершілік туралы түсінік қалыптасады.

Мемлекеттік әкімшілік қызметшіге тәртіптік жаза қолдану тәртібі Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №152 Жарлығымен бекітіліп, тәртіптік жаза қолдану ережелерімен регламенттелген. Бұл талапы жүзеге асыру кезінде персоналды басқару қызметінің қызметкерлеріне айтарлықтай жауапкершілік жүктелетінін айта кеткен жөн. Ол мерзімдерді сақтаудан, қызметтік тергеу жүргізуден, тәртіптік комиссияның отырысын өткізуден, лауазымды адамның тәртіптік жаза қолдану туралы тиісті актісін ресімдеуден тұрады. Осы қағидаларға орай мемлекеттік қызметші жасалған теріс қылықпен келісетіні немесе келіспейтіні туралы түсініктеме беруге міндетті. Егер қызметші заң бұзушылықтармен келіспесе, қызметтік тергеу жүргізбей жаза қолдануға болмайды. Ол жауапкершілікке тартуға байланысты барлық материалдармен танысып, тергеу рәсіміне жеке өзі қатысуға құқылы. Сондай-ақ мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның қызметшіге жаза қолдану кезіндегі әрекеттері мен шешімдері бойынша жоғарыдағы басшылыққа, уәкілетті органға, не сотқа шағымдана алады.

Мемлекеттік қызметші уақытша еңбекке жарамсыздығы, демалыста немесе іссапарда болуы, мемлекеттік, қоғамдық міндеттерді орындау уақытында, даярлауда, қайта даярлауда, біліктілікті арттыру курстарында және тағылымдамада болған кезде, өзінің лауазымдық міндеттерін орындаудан босату кезеңінде тәртіптік теріс қылық жасағаны туралы мемлекеттік органдардың актілеріне сот тәртібімен шағымдануы кезінде тәртіптік жаза қолданылмайды.

Мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы бұзбау, лауазымдық міндеттерін адал орындау әр мемлекеттік қызметшінің абзал борышы болуы керек.

Азаматтар мемлекеттік қызмет саласына қатысты қандай да бір проблемалық жағдайлар туындаған кезде 46-58-89 сенім телефонына жүгіне алады. Мемлекеттік қызмет істері департаментінің қызметкерлері өз құзыреті шеңберінде мәселелерді шешу үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.

Дархан ЕРМЕКОВ,

мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаменті жанындағы бақылау басқармасының бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp