«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚ СЫНЫПТАРЫ КӨБЕЙЕДІ

Диас Аяған

 esla9015@gmail.com

Облыс орталығында “Amanat” партиясы облыстық филиалының жанынан құрылған “Miras” қоғамдық кеңесінің отырысы өтіп, бірқатар мәселелер талқыланды. Күн тәртібіне сай алғашқы отырыста алдымен кеңестің жаңа мүшелері мен төрағасы таныстырылды. Партияның орталық бюросының мақұлдауымен кеңес төрағасы болып “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас редакторы Ербақыт Амантай, орынбасары болып халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы облыстық филиалының төрағасы Жанат Мұхамеджанов тағайындалды. Сонымен қатар М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің оқытушылары Жанар Таласпаева мен Фариза Мұқанованың, “МТРК” телеарнасының редакторы Дана Қизатованың кеңес құрамын толықтырғаны жария болды. Одан кейін кеңестің биылғы жылға арналған жоспары бекітілді. Ай сайын отырыстар өтіп, руханият, мәдениет және тіл мәселелері талқыға түсетін болады.

Екінші кезекте отырысқа қатысушылар қаланың 3 мектебінде қазақ сыныптарын ашу жайын талқылап, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Елена Гонтарьдың баяндамасын тыңдады. Ол өз сөзінде өңірдегі білім ошақтарында қазақ сыныптарын ашу бойынша атқарылған жұмыстарды ортаға салды.

– Өңірімізде 465 мектепке дейінгі мекеме болса, соның 130-ы қазақ тіліндегі, 64-і аралас білім беру ұйымы. Облыс орталығындағы 52 балабақшаның 4-еуі бүлдіршіндерге мемлекеттік тілде тәлім берсе, 20-сы – аралас. Келесі оқу жылынан бастап тағы 3 балабақшада қазақ топтары ашылмақ. 2025 жылы мемлекеттік тілде оқытатын, 420 балаға шақталған 2 балабақша салу жоспарлануда, – деген Елена Гонтарь облыстағы мектептердің де жайына тоқталды.

Басқарма басшысы орынбасарының сөзінен түйгеніміз, өңірде ана тілімізде оқытатын мектептердің үлесі аз. Облыстағы білім ордаларының 24 пайызы ғана қазақ тілінде білім берсе, 21 пайызы қос тілде оқытады. Биыл бірінші сыныпқа өтініш бергендердің 23 пайызы мемлекеттік тілде білім беретін мектептер мен сыныптарды таңдаған. Алдағы уақытта ІТ-лицей, “БЭСТ” гимназиясы мен бірінші гимназияға бірінші сыныпқа қабылданатындарға арнайы сынып ашылмақ. Аталған үш мектепке әзірге 24 өтініш түскен екен.

Кеңес мүшелері баяндамашыға осы мәселеге қатысты өз сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Отырыс қатысушылары алдағы жылдары ашылатын 4 мектептің аралас білім ошақтары болуына қарсы. Облыстық білім басқармасының мамандары егер орыстілді сыныптарға қажеттілік болмаса, мұндай оқу орындары алдағы уақытта тек мемлекеттік тілде білім беруге көшетінін айтты. Сонымен қатар сұраныс төмен, жартылай бос тұрған өзге тілдегі мектептерді біріктіріп, орнына мемлекеттік тілдегі білім ордаларын ашу мәселесі де көтерілді. Аудан мектептеріндегі тілдік ахуал да назардан тыс қалған жоқ.

Көп ата-аналардың қазақ тілін жетік білмеуі балаларын орысша оқытуға себеп болып отыр. Осыны ескерген қалалық білім бөлімі аралас мектептерде оқушыларға қазақ тілінде тегін қосымша сабақтар беру жағын қарастырған. Бұл жұмыспен қаладағы оқыту орталықтары айналысып келеді. Ондағы қазақ тіліндегі ақылы сабақтарға сұраныс жоғары. Шарада осы істі дамытып жүрген “Leader” білім беру орталығының директоры Айкүміс Сарсекеева мен “Қазақ білім ордасы” орталығының басшысы Аида Уәлиева сөз алып, олар балаларды бірінші сыныпқа даярлаумен айналысып отырғандарын, үй жұмысын орындауға жәрдем беретіндерін және ата-аналарға да арнайы сабақтар өткізетіндіктерін айтты.

Одан әрі отырыс мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында өңір аудандарында атқарылған жұмыстар жайлы баяндамаларға ұласты. Мамлют, Жамбыл, Уәлиханов, Мағжан Жұмабаев аудандарының тілдерді дамытуға жауапты бөлімдерінің басшылары мен мамандары есеп берді. Биылғы жылы Мағжан Жұмабаев ауданында – 131, Жамбыл ауданында 45, Мамлют ауданында – 44, Уәлиханов ауданында 44 адам мемлекеттік тілді меңгеру үшін арнайы оқытудан өткен. Аталған аудандарда іс-қағаздар жүргізуді қазақ тіліне көшіру, ана тілін насихаттауға арналған шаралар өткізу, мектептерде қазақ сыныптарын ашу, Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойын атап өту мақсатында атқарылған жұмыстар жайлы айтылды. Сөз сөйлегендер елді мекендердегі ономастика мәселесінде де алға жылжу барын жеткізді. Мәселен, Мамлютка қаласында мамыр айының соңында атауы ескірген 6 көшенің атын ауыстыру бойынша жиын өтеді.

Кеңес мүшелері аудандарда “Қазақ тілі” қоғамының филиалдарын ашу, мемлекеттік қызметте ана тіліне басымдық беру, мемлекеттік тілде білім беруді қолдау бойынша сұрақтарын қойды. Кеңестің келесі отырыстарында өзге де аудандардың жұмысы талқыланатын болады.

Жиын соңында қатысушылар кеңес жұмысын белсенді жүргізіп, іс жүзінде нәтижеге жету керектігін айтып тарқасты.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp