«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БҰРЫМДЫЛАР АРАСЫНДА БӘСЕКЕ ЖОҒАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өзбекстанның Ташкент қаласында бокстан өткен әлем чемпионатында ерлер құрамасы жақсы нәтиже көрсетіп, қоржынымызға төрт алтын, бір күміс жүлде салғаны белгілі. Жеңісті жолды қыздарымыз алдағы Азия ойындары мен әлем біріншілігінде жалғастыра ала ма? Бұл сұрақтың жауабын Петропавлда өтіп жатқан VI республикалық жазғы спартакиадаға келген ұлттық құраманың бас бапкері Шамиль Сафиуллиннен сұрап білдік.

– Шамиль Абдулбәриұлы, әң­гімемізді Қызылжарда өтіп жатқан спартакиададан бастайық. Бұл жа­рыс қаншалықты маңызды?

– VI республикалық жазғы спар­та­киа­да Қызылжар төрінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Ұлттық құрама бапкері ретінде шәкіртте­рімнің қарым-қабілетін бағамдап, кімнің бабында екенін көру мақса­тында келдім. Республикалық спар­такиада – Қазақстан чемпионаты мен ел кубогынан кейінгі ірі жарыс­тың бірі. Мұндағы сында өнер көрсе­тетін боксшылардың дені – ұлттық құ­раманың мүшелері.

Жергілікті спорт және дене шы­нықтыру басқармасының спартакиадаға тыңғылықты әзірленгені көрініп тұр. Спортшылардың жекпе-жек алдын­да дайындалуына және тынығып алуына барлық жағдай жасалған. Солтүстікте бокс спортын ұнататын жанкүйерлер бар екеніне көзім жетті. Жарыстың алғашқы күнінде көрер­мен көптеп жиналды.

– Ұлттық құрамада қанша бұ­рымды боксшы бар?

– Ұлттық құрамаға ел чемпиона­ты мен кубогында бірінші және екін­ші орындарды иеленген спортшы­лар кіреді. Бұдан бөлек халықара­лық додаларда топ жарғандар да бар. Солардың арасынан құрлықтық және дүниежүзілік біріншіліктерде ел намысын қорғайтын 12 салмақ бо­йынша үздік былғары қолғап шебе­рін таңдап аламыз. Жалпы құрамада әр салмақта екі-үш спортшыдан бо­лады.

– Құрама сапында Солтүстік Қазақстан облысының қыздары бар ма?

– Бұл өңірде бокс дәстүрі ер­теден жалғасып келеді. Камиль Са­финнің есімі Қазақстанның спорт та­рихында алтын әріптермен жазыл­ған. Кейін ағайынды Жақияновтар, Языковтар жасындай жарқ етті. Қыз­дар қатарында осы өңірдің тумасы Дариға Шәкімованы ерекше атап өту­ге болады. Ол бокстағы алғашқы қа­дам­дарын осы жерде жасады. Қазір басқа өңірдің намысын қорғап жүр­генімен, кезінде Петропавлдың аты­нан ұлттық құрамаға ілігіп, Азия чем­пионы атанғаны есімде.

Дәл қазір Ұлттық құрама сапын­да Солтүстік Қазақстан облысынан Наталья Богданова есімді қызымыз бар. Ол 66 килограмм салмақта жұ­ды­рықтасады. Бұл салмақта кілең мықтылар жиналған, бәсекелестік жоғары. Солтүстікқазақстандық бокс­шы­­ның негізгі қарсыластары – Надежда Рябец пен Дариға Шәкі­мова.

– Наталья Богданованың Азия мен әлем чемпионатында ұлттық құрама сапында өнер көрсетуге мүмкіндігі бар ма?

– Жоғарыда атап өткендей, Қа­зақстан біріншілігі мен ел кубогында ол міндетті түрде командаластары­мен кездеседі. Бұл жекпе-жектерде Дариға мен Надежданы жеңуі керек. Өкінішке қарай, қазір күші жете қой­ған жоқ. Дегенмен биыл солтүстікқа­зақ­стандық бұрымды боксшы жақсы жұдырықтасып жүр, Белградта өт­кен халықаралық турнирде топ жар­ды. Алдағы жарыстарда қандай нә­ти­же көрсететінін қараймыз. Ең бастысы, беталысы жаман емес.

– Петропавлда өтіп жатқан спар­такиаданың қорытындысы бойынша ұлттық құрама жасақта­ла ма?

– Иә, мен алдағы Азия ойында­рына қатысатын спортшыларды анықтау үшін спартакиадаға арнайы келіп отырмын. 6 салмақ бойынша боксшы­лар таңдалады. Жалпы Олимпиада және Азия ойындарына 50, 54, 57, 60, 66 және 75 килограмм спортшы­лар ғана қатысатыны белгілі.

Биыл Азия ойындары қыркүйек­тің 28-і мен қазанның 8-і аралығында Қытайда өтеді. Бұл жарыста Олим­пиада лицензиясы сарапқа салына­ды. Боксшыларымыз қажетті жол­даманы ұтып алатынына сенімдімін.

– Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен соңғы әлем бірін­шілігінде қыздарымыз 6 жүлдеге ие болды. Бірақ қоржынға алтын медаль түспеді. Неге?

– Шынында да әлем чемпио­на­тында спортшыларымыз осалдық та­нытты. Біз кем дегенде екі алтын ме­даль еншілейміз деп ойладық. Жос­парымыз іске аспады. Финалға екі боксшы шыққанымен, екеуі де жеңі­ліп қалды. 2 күміс, 4 қола медаль ие­лендік. Карина Ибрагимова 48, Ляз­зат Күнгебаева +81 килограмда екін­ші орын, Алуа Балқыбекова 48, На­дежда Рябец 66, Валентина Хальзо­ва 75 және Фариза Шолтай 81 кило­грамда үшінші орынға қол жеткізді.

Әлем біріншілігіндегі нәтиже кө­ңілімізден шыққан жоқ. Сол себепті биылғы Азия ойындарында есе қай­таруға тырысамыз. Келер жылы Ас­танада өтетін дүниежүзілік чемпио­натта топ жаруға барымызды салуға дайынбыз.

– Спартакиадаға кәсіпқой бокс­қа ауысқан Ангелина Лукас та келіпті. Бұл спортшы туралы не айтасыз?

– Мұндай тәжірибе ерлер ара­сында да бар. Биыл ерлер арасын­дағы әлем чемпионатына кәсіпқой боксшы Қамшыбек Қоңқабаев қа­тысты. Себебі оның салмағында бә­се­ке төмен. Тіпті Қамшыбекті алмастыра алатын боксшы жоқ деуге болады.

Ангелина – өте мықты спортшы. Ол спартакиадаға қатысу туралы шешім қабылдады. Жеке бапкерлері де сенім артқаны анық. Бірақ ширек финалда Балауса Мұздиманнан жеңіліп қалды. Жалпы 54 килограмда бәсе­ке жоғары. Жайна Шекербе­кованың да беталысы жаман емес. Бәрін ринг шешеді ғой.

– Парижде өтетін Олим­пиа­дада бұрымды боксшылардан қандай жүлде күтесіз?

– Төрт жылда бір өтетін дүбірлі додада кем дегенде 1 алтын, 1 күміс, 1 қола аламыз деген үміт бар. Құдай қаласа, әйелдер арасынан да Олим­пиада чемпионы шығатын күнді көр­гім келеді.

Сұхбаттасқан

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp