Өзбекстанның Ташкент қаласында бокстан өткен әлем чемпионатында ерлер құрамасы жақсы нәтиже көрсетіп, қоржынымызға төрт алтын, бір күміс жүлде салғаны белгілі. Жеңісті жолды қыздарымыз алдағы Азия ойындары мен әлем біріншілігінде жалғастыра ала ма? Бұл сұрақтың жауабын Петропавлда өтіп жатқан VI республикалық жазғы спартакиадаға келген ұлттық құраманың бас бапкері Шамиль Сафиуллиннен сұрап білдік.
– Шамиль Абдулбәриұлы, әңгімемізді Қызылжарда өтіп жатқан спартакиададан бастайық. Бұл жарыс қаншалықты маңызды?
– VI республикалық жазғы спартакиада Қызылжар төрінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Ұлттық құрама бапкері ретінде шәкірттерімнің қарым-қабілетін бағамдап, кімнің бабында екенін көру мақсатында келдім. Республикалық спартакиада – Қазақстан чемпионаты мен ел кубогынан кейінгі ірі жарыстың бірі. Мұндағы сында өнер көрсететін боксшылардың дені – ұлттық құраманың мүшелері.
Жергілікті спорт және дене шынықтыру басқармасының спартакиадаға тыңғылықты әзірленгені көрініп тұр. Спортшылардың жекпе-жек алдында дайындалуына және тынығып алуына барлық жағдай жасалған. Солтүстікте бокс спортын ұнататын жанкүйерлер бар екеніне көзім жетті. Жарыстың алғашқы күнінде көрермен көптеп жиналды.
– Ұлттық құрамада қанша бұрымды боксшы бар?
– Ұлттық құрамаға ел чемпионаты мен кубогында бірінші және екінші орындарды иеленген спортшылар кіреді. Бұдан бөлек халықаралық додаларда топ жарғандар да бар. Солардың арасынан құрлықтық және дүниежүзілік біріншіліктерде ел намысын қорғайтын 12 салмақ бойынша үздік былғары қолғап шеберін таңдап аламыз. Жалпы құрамада әр салмақта екі-үш спортшыдан болады.
– Құрама сапында Солтүстік Қазақстан облысының қыздары бар ма?
– Бұл өңірде бокс дәстүрі ертеден жалғасып келеді. Камиль Сафиннің есімі Қазақстанның спорт тарихында алтын әріптермен жазылған. Кейін ағайынды Жақияновтар, Языковтар жасындай жарқ етті. Қыздар қатарында осы өңірдің тумасы Дариға Шәкімованы ерекше атап өтуге болады. Ол бокстағы алғашқы қадамдарын осы жерде жасады. Қазір басқа өңірдің намысын қорғап жүргенімен, кезінде Петропавлдың атынан ұлттық құрамаға ілігіп, Азия чемпионы атанғаны есімде.
Дәл қазір Ұлттық құрама сапында Солтүстік Қазақстан облысынан Наталья Богданова есімді қызымыз бар. Ол 66 килограмм салмақта жұдырықтасады. Бұл салмақта кілең мықтылар жиналған, бәсекелестік жоғары. Солтүстікқазақстандық боксшының негізгі қарсыластары – Надежда Рябец пен Дариға Шәкімова.
– Наталья Богданованың Азия мен әлем чемпионатында ұлттық құрама сапында өнер көрсетуге мүмкіндігі бар ма?
– Жоғарыда атап өткендей, Қазақстан біріншілігі мен ел кубогында ол міндетті түрде командаластарымен кездеседі. Бұл жекпе-жектерде Дариға мен Надежданы жеңуі керек. Өкінішке қарай, қазір күші жете қойған жоқ. Дегенмен биыл солтүстікқазақстандық бұрымды боксшы жақсы жұдырықтасып жүр, Белградта өткен халықаралық турнирде топ жарды. Алдағы жарыстарда қандай нәтиже көрсететінін қараймыз. Ең бастысы, беталысы жаман емес.
– Петропавлда өтіп жатқан спартакиаданың қорытындысы бойынша ұлттық құрама жасақтала ма?
– Иә, мен алдағы Азия ойындарына қатысатын спортшыларды анықтау үшін спартакиадаға арнайы келіп отырмын. 6 салмақ бойынша боксшылар таңдалады. Жалпы Олимпиада және Азия ойындарына 50, 54, 57, 60, 66 және 75 килограмм спортшылар ғана қатысатыны белгілі.
Биыл Азия ойындары қыркүйектің 28-і мен қазанның 8-і аралығында Қытайда өтеді. Бұл жарыста Олимпиада лицензиясы сарапқа салынады. Боксшыларымыз қажетті жолдаманы ұтып алатынына сенімдімін.
– Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен соңғы әлем біріншілігінде қыздарымыз 6 жүлдеге ие болды. Бірақ қоржынға алтын медаль түспеді. Неге?
– Шынында да әлем чемпионатында спортшыларымыз осалдық танытты. Біз кем дегенде екі алтын медаль еншілейміз деп ойладық. Жоспарымыз іске аспады. Финалға екі боксшы шыққанымен, екеуі де жеңіліп қалды. 2 күміс, 4 қола медаль иелендік. Карина Ибрагимова 48, Ляззат Күнгебаева +81 килограмда екінші орын, Алуа Балқыбекова 48, Надежда Рябец 66, Валентина Хальзова 75 және Фариза Шолтай 81 килограмда үшінші орынға қол жеткізді.
Әлем біріншілігіндегі нәтиже көңілімізден шыққан жоқ. Сол себепті биылғы Азия ойындарында есе қайтаруға тырысамыз. Келер жылы Астанада өтетін дүниежүзілік чемпионатта топ жаруға барымызды салуға дайынбыз.
– Спартакиадаға кәсіпқой боксқа ауысқан Ангелина Лукас та келіпті. Бұл спортшы туралы не айтасыз?
– Мұндай тәжірибе ерлер арасында да бар. Биыл ерлер арасындағы әлем чемпионатына кәсіпқой боксшы Қамшыбек Қоңқабаев қатысты. Себебі оның салмағында бәсеке төмен. Тіпті Қамшыбекті алмастыра алатын боксшы жоқ деуге болады.
Ангелина – өте мықты спортшы. Ол спартакиадаға қатысу туралы шешім қабылдады. Жеке бапкерлері де сенім артқаны анық. Бірақ ширек финалда Балауса Мұздиманнан жеңіліп қалды. Жалпы 54 килограмда бәсеке жоғары. Жайна Шекербекованың да беталысы жаман емес. Бәрін ринг шешеді ғой.
– Парижде өтетін Олимпиадада бұрымды боксшылардан қандай жүлде күтесіз?
– Төрт жылда бір өтетін дүбірлі додада кем дегенде 1 алтын, 1 күміс, 1 қола аламыз деген үміт бар. Құдай қаласа, әйелдер арасынан да Олимпиада чемпионы шығатын күнді көргім келеді.
Сұхбаттасқан
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.