Петропавлдың ішінде және қала маңындағы елді мекендерге қатынайтын қоғамдық көліктерде жолақы өсуі мүмкін. Автобустардың билет құнын қымбаттатуды көздейтін құжат “Ашық нормативті-құқықтық актілер” порталында көптің талқылауына ұсынылды.
Петропавл қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес, облыс орталығында автобустардағы билет құны картамен төлем жасаған жағдайда 100 теңге, қолма-қол ақшамен төленсе 170 теңге болып бекітілмек. Петропавл қаласының маңындағы елді мекендерге қатынайтын қоғамдық көліктерде де жолақы қыбаттамақ. Мәселен №101-ші “Петропавл қаласы – Бескөл ауылы” бағыты бір километрге 10 теңге; №102-ші “Петропавл қаласы – Подгорное ауылы” бағыты 1 километрге 13,5 теңге; №103-ші “Петропавл – Архангелька ауылы” бағыты 1 километрге 14,2 теңге; № 201-ші “Петропавл – Пеньково ауылы” бағыты 1 километрге 13,1 теңге; №301-ші “Беловка ауылы – Петропавл” бағыты 1 километрге 10,8 теңге; №302-ші “Петерфельд ауылы – Петропавл” бағыты 1 километрге 10,6 теңге болады деп күтілуде.
Қаулының жобасы 1 маусымға дейін талқыланады.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.