Ауыл – халқымыздың ұлттық құндылықтарының мәйегі, тіліміз бен салт-дәстүрлеріміздің қайнар көзі десек, мектеп – білім мен тәрбиенің, мәдениеттің алтын діңгегі. Өкінішке қарай, жыл өткен сайын елді мекен тұрғындарының саны азайып барады. Оның басты себептерінің ішінде демографиялық ахуал қатты алаңдатса, шешімін таппаған басқа түйінді мәселелер де аз емес. Әсіресе оқушылар санының күрт кемуі ойландырмай қоймайды. Мәселен, облыста 465 мектеп болса, олардың 352-і шағын жинақты. 170 елді мекенде білім ошағы жоқ, 127-сінде материалдық-техникалық база талапқа сай емес. Өңірге жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің депутаттары аудандарды аралап, шағын жинақты мектептердегі білім сапасы педагогтарды тұрақтандыру, білім беру үдерістерін жетілдіру бағытындағы тәжірибелермен танысты.
Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов бастаған топ Қызылжар ауданы Петерфельд елді мекенінде орналасқан Қызылжар-Абай мектебінде болып, жаңашылдықтарды жоғары бағалады. 2020 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында сенімді басқаруға беріліп, инвесторлар қысқа мерзім ішінде толық қалпына келтірді. Осылайша 1969 жылы пайдалануға беріліп, осы уақыт ішінде ғимараты тозған мектеп бүгінде заманауи нысанға айналды. Сапалы ғаламтор желісімен, компьютерлермен, үздік зертханалық кабинеттермен, ең соңғы үлгідегі жабдықтармен, сандық технологиялармен толық қамтамасыз етілген. Мектептің бір ерекшелігі, оқыту мен тәрбие жүйесіндегі барлық әдіс-тәсілдер хакім Абайдың педагогикалық идеялары мен принциптері негізінде жүргізіледі. Бұдан бөлек, ұлттық педагогикаға басымдық беріліп, оқушылар дербес әрі креативті ойлауды үйренеді. Қазір мұнда 300-ге жуық бала білім алады. Қазақ сыныптары ашылған. Бір “әттеген-айы”, бала саны аз. Қазір жарқыраған мектепте 60 оқушы ғана мемлекеттік тілде оқып жүр.
Білім ошағының жаңашыл ізденістерімен жан-жақты танысып, тұрғындармен кездескен Парламент Мәжілісінің депутаттары Асхат Аймағамбетов, Айна Мысырәлімова мен Ринат Зайытов сапар мақсатын түсіндірді.
– Білім саласындағы талаптардың бірі – қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасын теңестіру. Бұл міндетті қалтқысыз орындау үшін нақты механизмдерді анықтап, талдап, нақты моделін ұсына отырып, шағын жинақты мектептердегі білім сапасын көтеру болып табылады. Жасыратыны жоқ, қалаларға қарағанда ауылдық мектептердің толымдылығы әлдеқайда төмен. Сондықтан ұстаздар қауымына барынша әдістемелік, ұйымдастырушылық, ақпараттық қолдау көрсетіп, жаңа шешімдер қабылдау қажет. Жан-жақты мониторинг жасалып, ауылдық білім ошақтарының тұрақты дамуының бірыңғай тұжырымдамасы түзіледі. Ауыл педагогтарының тапшылығын виртуалды мамандар есебінен толықтыру, бәсекелестік орта қалыптастыру, кадрлық ресурс тапшылығын шешу біртіндеп жүзеге асырылады. Қызылжар-Абай мектебі сияқты сараптаманың барлық түрінен өтіп, еліміз бойынша қолдануға ұсынылған бірегей жобаларды көбейту арқылы жаңа кейіптегі оқу ордаларын құратын боламыз, – деді Асхат Қанатұлы.
Меймандар Архангелька мектебінде де болып, педагогикалық ұжыммен кездесті. Онда материалдық-техникалық базаны нығайту, интернет жылдамдығын арттыру мәселелері қозғалды.
Құрамында Парламент Мәжілісінің депутаттары Жұлдыз Сүлейменова, Нұрлан Әуесбаев, Ардақ Назаров, Нартай Сәрсенғалиев, Гауһар Танашева, Нұргүл Тау, Таңсәуле Серіков, Ерлан Саиров бар топтар Аққайың, Мамлют аудандарына барды.
Халық қалаулыларының жұмыс сапары облыстық әкімдіктің үлкен залында жалғасты. Облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиевтің қатысуымен “Шағын жинақты мектептер: білім беру сапасы, педагог кадрлардың тапшылығын шешу, білім беру ортасын қалыптастыру” тақырыбындағы көшпелі отырыс өтті.
Мінберге бірінші болып көтерілген Оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары Шолпан Каринова алдымен әлемдік тәжірибеде қалыптасқан оң үрдістерді тарқата айтты. АҚШ, Австралия, Канада, Польшада шағын жинақты мектеп мұғалімінің жалақысы қала мектептері мұғалімдерінің жалақысынан 2 есе жоғары. Қашықтан оқыту технологиясы кеңінен қолданылады. АҚШ пен Финляндияда тасымалдау жолға қойылған. Австралия мен Швецияда мектептердің кластерлік механизмі қарастырылған. Норвегияда ондай білім ошақтарының жартысы біріктірілген сыныптардан тұрады.
– Қазақстанда оқушылар санының аздығына байланысты ауылдық мектептерде өздігінен даму, біріктірілген сыныптарда оқыту, озық технологияларды пайдалану мүмкіндіктері аз. Инфрақұрылым мен материалдық-техникалық база жетіспейді. Тиісті жүктеменің болмауына байланысты педагогтардың сапалық құрамы төмен. Бұған интернет жылдамдығының төмендігін, қашықтан оқытудың қиыншылықтары мен оқу ресурстарының жеткіліксіздігін, оқушыларға қосымша білім берудің шектеулігін қоссақ, проблема жетіп артылады, – деген Шолпан Таңатқызы шағын жинақты мектептер мәселесін шешуде министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
“Білім туралы” заңда тірек мектептер деген ұғым бар. Тірек мектеп – жақын орналасқан шағын жинақталған мектеп оқушыларының сапалы білім алуын қамтамасыз ету мақсатында қысқамерзімді сессиялық сабақтарды, аралық, қорытынды аттестаттауды өткізу үшін жұмыс істейтін ұйымдар. Қазіргі күні елімізде 190 тірек мектебі құрылған. Оның 31-нің жанында интернат бар, 93 мектепке оқушылар тасымалданып оқытылады. Алайда бұл ресурстық орталықтардың тиімді жұмыс істеуіне бірқатар кедергілер бар. Сондықтан қысқа мерзімді сессиялық сабақтарды өткізу кезіндегі тірек мектебі мұғалімінің еңбекақысы оқушылардың сынып комплектілерін жинақтауы, оқу материалдарын бекітуіне байланысты. Салалық министрлік тарапынан шағын жинақталған мектептерге қатысты бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Біріншіден, мектеп директоры үшін үлгілік біліктілік сипаттамаларына сәйкес, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық білім немесе педагогикалық қайта даярлауды, педагогикалық жұмыс өтілін кемінде үш жыл, оның ішінде білім беру ұйымдарында педагогикалық жұмыс өтілінің соңғы екі жылын растайтын құжат көзделген. Сонымен қатар басқа мектептерде басшының орынбасары лауазымындағы тұлғаға өтілі бойынша қойылатын талаптар шағын жинақталған мектептер басшысына қойылмайды. Екіншіден, мұғалімдер конкурстық рәсімсіз жұмысқа қабылданады. Үшіншіден, тәлімгер оқытатын пән бойынша білім сапасы соңғы үш жылда кемінде 50-60 пайыз, ал басқа білім беру ұйымдарының тәлімгерлері үшін 60-70 пайыз болуы қажет. Бүгінде шағын жинақты мектептердегі педагогтардың саны – 50765, жоғары білімдісі – 41 816, жоғары оқу орнынан кейінгісі – 954, техникалық және кәсіптік білімі бары – 7994. Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті және аумақтық департаменттер білім беру ұйымдарына 5 жылда бір рет мемлекеттік аттестаттауды іске асырады. 2021-2023 жылдары 462 шағын жинақты мектеп мемлекеттік аттестаттаудан өтіп, білім алушыларға арналған тамақтандыру объектісінің жетімсіздігі, нақты деректердің ҰББД-ға сәйкес келмеуі, санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай оқу үй-жайларымен қамтамасыз етілмеуі, пәндік кабинеттермен, зертханалармен, спорт залдарымен, интернет желісіне қосылған компьютерлермен аз жабдықталуы, оқу және көркем әдебиеттің кітапхана қорының жеткіліксіздігі сияқты кемшіліктер анықталды. Математика бойынша алшақтық – 9, жаратылыстану ғылымдары бойынша – 12, оқу бойынша 19 балды құрады. 1802 шағын жинақталған мектеп халықаралық электр байланысы одағының талабына сәйкес келмейді.
Ауылдарда сапалы білім беру жүйесін құруда цифрландыру аса маңызды. Осыған орай ортақ қаржыландыру мен басқаруға негізделген кешендер құру зерделенуде. Ақтөбе облысының әкімдігімен бірге қанатқақты жоба іске асырылуда. Кейін бұл жобаны тарату жоспарланып отыр. Оқушылар мен мұғалімдердің дәстүрлі қағаз оқулықтармен қоса цифрлық оқулықтарға да жазылуына болады. Мұғалімдерге әдістемелік менторлық сүйемелдеу іске асырылады.
“Назарбаев зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымының басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин баяндамасын Президент тапсырмасына орай қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын қысқартуға бағытталған маңызды стратегияны жүзеге асыру қадамдарына арнады. Жүргізілген зерттеулер қорытындысында мұғалімдердің пәндік білімі мен әдістемелік құзыреттілігінің жеткіліксіздігі, оқушылардың білім деңгейін тиімсіз пайдалану, оқу үдерісінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды кеңінен қолданбау, материалдық-техникалық базаның әлсіздігі сықылды олқылықтар тіркелген. “Ауыл мектептерімен әдістемелік жұмыс” тұжырымдамасына биыл – 63, келесі жылы 111 мектеп тартылмақ. 14 жастағы 1200-ге жуық оқушы функционалдық сауаттылықты бағалаудан өткен. Тест нәтижесі олардың математикадан сауаттылығы – 27, оқудан – 38, жаратылыстанудан 39 пайыз екенін көрсеткен. Мұғалімдерге үш бағыт бойынша әдістеме әзірленген, олар – сабақты бақылау, біліктілікті арттыру және қайта даярлау. Мектептерге 13 мың дана кітап сыйға тартылған. 13 оқушы 3D-биопринтинг, ақылды протездер және биоинтерфейс бойынша ғылыми жобалар ұсынған. Қазіргі таңда Назарбаев зияткерлік мектептері 191 ауыл мектебіне тәлімгерлік етеді.
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Мәдина Тыныбаева “Microsoft” компаниясымен бірлесіп, шалғайдағы елді мекен балаларына білім алуға қолжетімділікті қамтамасыз ететін жобаның қолға алынғанын айтты. 25 мектептің 107 мұғалімі компания қызметтерін пайдалану бойынша біліктіліктерін жетілдірген.
Басқа да сөйлеушілер көшпелі отырыста талқыланған өзекті тақырыпқа қатысты ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltustik Qazaqstan”.