«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сайыс түріндегі саяхат

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Айыртау ауданы Лобаново ауылындағы көпсалалы “Зейнеп” колледжі базасында жас туристердің “Солтүстіктің інжуі” слеті өтті. Сайыс түрінде өткізілген шараның мақсаты – жастар арасында бұқаралық туризмді дамыту мен насихаттау. Екі күндік сайысқа облыс аумағындағы кәсіптік білім беретін колледждердің студенттерінен құралған жеті команда қатысты.

– Ішкі туризмді дамыту үшін жастар арасында тиісті жұмыстар жүргізу маңызды. Салалық туризм кеңесі осы туристік слетті ұйымдастыруға ұйытқы болды. Бастамамызға жергілікті атқарушы органдар қолдау көрсетті, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Владимир Литвиненко.

Шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына және нәтижелі жалғасын табуына бірнеше мекеме, кәсіби білім беретін оқу орындары мен қауымдастықтар атсалысты. “Jusan банк” қаржылай қолдау көрсетті.

Қатысушылар туристік саяхат дағдылары мен техникаларды қалай меңгергендігін сынға салды. Жас туристер шатыр тігіп, дала жағдайында өмір сүруге дағдыланды. Берілген тапсырмаларды орындау барысында сайыскерлер компас арқылы орман ішімен өтіп, өткел жасап, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, от жағып, тағам дайындап, өздерінің дала өміріне оңай бейімделе алатындарын байқатты. Берілген тапсырмаларды спортқа жақын жастар оңай орындады. Сайыста тез жүгіру, тау-тас пен ағаштарға өрмелеу, өздерінің шыдамдылығы мен шымырлығын көрсету қажет болды. Тапсырмалар оңай болған жоқ. Оларды толықтай орындай алғандар да, орта жолда қалғандар да болды. Әр сынақтың әділ бағасын берген қазылар да – саланың білікті мамандары.

Мәселен, аспаздық біліктілікті “Qazaq Expedition Club”-тың авто-саяхатшылары Сайран Хамза, Асхат Заикин мен Марат Нұрмағамбетов бағалады. Олар жас туристердің дайындаған тағамдарынан дәм татып, одан кейін өздері шеберлік сыныбын көрсетті. Тәжірибелі аспаздар көпшіліктің алдында көкөніспен бұқтырылған ет, қарақұмық дайындап берді.

Жас туристер сайыса жүріп, саяхаттаудың қыр-сырын үйренді. Кешке қарай қатысушылар капитандар сайысына жанкүйер болды. Одан әрі алаудың айналасында фотосуретке түсіп, ән шырқап, би билеп, көңіл көтерді.

Екінші күні командалар “Кросс-жорық” қашықтығын бағындырып, жалпы сайыстың мәре сызығына жетті. Марапаттау рәсімінде төзімділік, шымырлық, тапқырлық танытқандар жеңіс тұғырына көтерілді. Бірінші орын – Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжіне, екінші орын – Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжіне, үшінші орын Саумалкөл агротехникалық колледжіне бұйырды. Жеңімпаздар кубок, медаль, диплом және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Ұйымдастырушылар бұл шараны жылда өткізіп, дәстүрге айналдыру керек деген шешіммен тарқасты. Алдағы жылдары қатысушылар қатары қалыңдай түсері анық.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp